Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Заң талабына бағыну – баршаға міндет

Мемлекеттік билік тармақтарының бірі болғандықтан сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады. Елбасы айтқандай, «Сотқа құрмет – мемлекеттік билікке құрмет». Мұны айтып отырғанымыз, азаматтардың, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап, қалпына келтіру, сондай-ақ, қоғамда заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру азаматтық іс жүргізу міндеттерінің бірі саналады және бұлар заңдық тұрғыда бекітілген.

Мысалы, Азаматтық процестік кодекстің 187-бабына орай, судья сот отырысы залына кірген кезде онда отырғандардың орындарынан тұрулары міндет. Шешiм шығармай аяқталатын істегі сот шешiмiн немесе ұйғарымын залдағылар түрегеп тұрып тыңдайды. Бұған қоса судьяға «Құрметті сот» деп сөйлеу шарт. Процеске қатысушылар түсініктемелер, айғақтар, сондай-ақ, сұрақтар мен жауаптарды төрағалық етуші рұқсат еткенде ғана орындарынан тұрып береді. Бұл қағидалардан ауытқуға төрағалық етушiнiң рұқсатымен ғана жол беріледі. Яғни, іске және сот отырысына қатысатын азаматтар залдағы тәртіпті мүлтіксіз сақтаулары керек. Осы баптың қағидалары техникалық байланыс құралдарын пайдалану арқылы, сот процесіне қатысу ерекшеліктері ескеріле отырып қолданылатынын да айта кеткен жөн.

Сот отырысында тәртiп бұзушыларға қолданылатын шаралар АПК-нің 188-бабымен айқындалған. Іс талқыланып жатқанда тәртiп бұзған азаматқа төрағалық етушi соттың атынан ескерту жасайды. Бұл жағдай тағы қайталанса, ол адам сот ұйғарымымен сот талқылауының бiр бөлiгiнде немесе мүлдем шығарылып жiберiледі. Мұндай ұйғарым сот отырысының хаттамасында көрсетіледі. Егер тәртіп бұзушы сот отырысына қайта қатыстырылса, судья оны ол болмаған кезде жасалған процестік әрекеттермен таныстырады. Есте ұстарлығы, сот отырысы залына қайта оралған іске қатысушылар өздері жоқ кезде зерттелген мән-жайлар бойынша түсініктеме беріп, сұрақтар қоя алады.

Осыған қатысты тағы бір тоқталарлық жайт, істi талқылау барысында жаппай тәртiп бұзылса, сот iске қатыспайтын адамдардың барлығын залдан шығарып жіберуі және iстi жабық отырыста қарауы немесе талқылауды кейiнге қалдыруы мүмкiн. Мұндай кезде істі жабық сот отырысында қарау және шешу туралы ұйғарым шығарылып, сот отырысының хаттамасына енгізіледі.

188-баптың 5-бөлігіне сәйкес, процеске қатысушы тарапынан сот талқылауы барысында сотты құрметтемеу фактісі анықталса, сот кінәлі адамға АПК-нің 120-бабында белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолдануға құқылы. Егер тәртіп бұзушы әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, ол адам аталған бап тәртібіміен қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.

Сотты құрметтемеу сот отырысында төрағалық етуші судьяның өкімдеріне бағынбау, рұқсатсыз сөйлеу, жаман сөздер айту, сот отырысына масаң күйде келу немесе дәлелді себептерсіз келмей қалу сияқты тағы басқа

әрекеттерден көрінеді. Әрі бұлар сотқа қатысушылармен қоса судьяның да уақытын алып, жұмысына кедергі келтіреді. Сондықтан, азаматтар сотқа жүгіннен күннен бастап өз құқықтарын қорғауда жауапкершілікті сезінулері тиіс. Өйткені, заң сотты құрметтеуді талап етеді. Өз кезегінде азаматтар да заң талаптарына бағынуға міндетті.

Айгүл Сармаева,

Алматы қалалық сотының кеңсе меңгерушісі

Комментарий