Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Мемлекеттік қызмет — мерейлі міндет

Мемлекеттік қызмет — дүние жүзі бойынша экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды бір бөлігі. Өйткені, дамыған елдерде мемлекеттік әкімшілік басқару жоғары тиімділігімен ерекшеленеді. Сондықтан кез келген мемлекеттің жетістігі мен гүлденуі мемлекеттік қызметшілерінің тиімді және кәсіби қызметіне негізделеді. Осыған байланысты оны жетілдіру мәселелеріне мемлекеттің басшылығы тарапынан ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы жақсарып, сонымен қоса қызметкерлерге қойылатын талаптар да жоғарылап келеді.

Осы орайда мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез келген саласының дамуы – бірінші кезекте мемлекеттік қызметкердің еңбегіне тікелей байланысты деп айта аламыз.

Сондықтан, Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Елбасымыз заманауи, стратегиялық міндеттерді тиімді іске асыратын мемлекеттік аппаратты құру мәселесін назарынан тыс қалдырмады.

Тәуелсіз Қазақстанның  мемлекеттік қызмет институциялануының бастамасы ретінде 1995 жылы қабылданған заңдық күші бар  «Мемлекеттік қызмет туралы» Президент Жарлығын айтуға болады. Осының негізінде Тәуелсіз  Қазақстаннның жаңа жағдайдағы саяси бағытын сапалы жүзеге асыра алатын мемлекеттік аппарат құру бағытында жұмыс жүргізіле бастады.

Жаңа ғасырда – Қазақстанның алдында мықты экономикалық саяси және әлеуметтік жүйені қалыптастыру бойынша жаңа міндеттер тұрды. Заман талабына жауап беретін қоғам алдында есеп беру ұстанымдарына негізделген мемлекеттік қызмет жүйесінің қалыптасуын 1999 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы қамтамасыз етті. Аталған Заңға сәйкес, елдің бірыңғай кадрлық саясаты қалыптасты. Ал ең басты міндетті конкурстық іріктеуді енгізу арқылы азаматтардың мемлекеттік қызметке түсудегі қол жетімділігін қамтамасыз ету бойынша Конституциялық құқықтары жүзеге асырыла бастады.

Бүгінгі күні елімізде мемлекеттік  қызмет толығымен жаңартылып, заман ағымына орай реформаланды. Қоғам мен мемлекеттік түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайтын «100 нақты қадам» жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөлігіне 15 қадамының енгізілуі мемлекеттік қызметтің маңыздылығын көрсетеді.

Ұлт жоспарына сәйкес, 2015 жылдың 23 қарашасында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы»  жаңа Заңы қабылданып, мемлекеттік аппараттың қызметін үйлестіретін заңнамалық база толығымен жаңартылып, меритократия принципіне негізделген мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне ауыстырылды. Осы Заң Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кіруге, оны өткеруге, тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын, сондай-ақ өзге де адамдардың мемлекеттік органдардағы қызметі мәселелерін айқындайды.

Мемлекеттік қызметшілер – билік пен қарапайым бұқара халықтың арасын жалғайтын алтын көпір. Яғни мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің айнасы секілді. Оның ар — ожданы биік, әділетті, талантты ұйымдастырушылық қабілеті бар екендігін қоғам бағалайды. Халық сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап нығаяды. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз орнында халықтың мүддесіне қызмет етіп, көкейтесті мәселелерін заң шеңберінде шешуі талап етіледі.

Қазақстан-2050» Стратегиясында қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың мынадай маңызды басымдықтары айқындалған: мемлекеттік қызметтің кадр құрамын сапа жағынан жақсарту, іріктеу мен кәсіби дайындық әдістемелерін жетілдіру; «А» корпусының білікті басқарушыларының қағидатты жаңа буынын қалыптастыру; меритократия принципін енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту.

Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы еш уақытта ұмытпауы тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысында басты құралы болып табылатын жаңа Әдеп Кодексі  қабылданды. Бұл жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейін маңызды құжат. Ол мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетін ғана емес, сондай-ақ олардың өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандартын белгілейді. Мемлекеттік қызметші іс-әркетіне жауаптылықпен қарап, жоғары орындаушылық, өзіне және әріптестеріне талап қоя білу, тәртіптілік және мүлтіксіз адамгершілік қасиеттеріне ие болуы тиіс. Мемлекеттік қызметшінің сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы, әдептіліктің белгісі. Олардың моральдық-этикалық бейнесі мен кәсіби сапасына Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі жоғары талап қояды.

Мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін атқаратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отанына Қазақстан Республикасына адал да қалтқысыз қызмет етеді деп сенім білдіреді.

Қорыта айтарым, бәсекеге қабілетті ел болу үшін әр мемлекеттік қызметші тер төге жұмыс жасауы тиіс. Сонда ғана біз дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекет аппаратын құратын боламыз.

Қ.Баймаганбетов, Арал аудандық сотының жетекші маманы

Комментарий