Жаңалықтар | Новости

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫНЫҢ НЕГІЗСІЗ ӨСУІНЕ ЖОЛ БЕРМЕУ ҚАЖЕТ

Маңғыстауға азық-түліктің 85% көрші елдер мен басқа өңірлерден тасымалданады. Соның салдарынан тамақ құны күн санап аспандап барады. Енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында 40 ірі сауда ұйымымен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ 125 сауда орны тамақты арзан бағада сататын әлеуметтік бұрыштар ұйымдастырды. Бүгінде күнбағыс майының 1 литрін 783 теңгеден асырмау бойынша шаралар қарастырылған.
«Өңірде тауардың 11 түрі бойынша 2 мың тонна азық-түлік сатып алынған көрінеді. Бүгінде қорда 1,5 тоннаны құрайтын 6 түрлі тауар сақтаулы тұр. Оның 1,2 тоннасы қарақұмық жармасы, 27,2 тонна макарон өнімдері, 1076 тонна І сұрыпты ұн, 170 тонна күріш, 132 тонна қант, 3,2 тонна тұз. Жыл басынан салыстырғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының тұтыну баға индексі 110,2% құрады»,- дейді облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров.
Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігі саласында бағаны төмендетудің бірден-бір жолы-нарықты азықпен молайту. Сондықтан да өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша 2021-2026 жылдарға арналған тұжырымдама жасақталды. Соған сәйкес алдағы 6 жылда 48 жоба іске асып, 138,8 млрд. тенге инвестиция тартылады деген жоспар бар. Нәтижесінде нарықты азық-түлікпен қамту деңгейін 70% қамтамасыз етуге мүмкіндік болады деп сендіреді шенеуніктер.

Жазира Қуанышбекқызы

Комментарий