Жаңалықтар | Новости

АҚТАУДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ САЯБАҚ ТОЗЫП КЕТТІ

Ақтаудағы жалғыз орталық саябақ тоз-тозы шығып, қараусыз қалды. Жергілікті шенеуніктер 10 гектарлық демалыс орнын сақтай алмайтынын мойындады. Енді оны кәсіпкерлер қолға алып, саябақ сенімгерлік басқаруға беріледі. Қазір байқау жарияланады, ал үміткерлер кешенді дамытудың ең ұтымды жоспарын ұсынуы тиіс.
Ақтаулықтар бұл саябақ талай келеңсіздікті көргенін айтады. 8 жыл бұрын аумақты тұрғын үй мақсатына өзгерткісі келген пысықай қожайыннан тәркіленіп алынған. Ол жасыл желектің 30 пайызын ғана сақтап, қалған жеріне балалар ойнайтын аттракциондар кешенін жабдықтап үлгерген.
Саябақты әкімдіктің қарауына қайтарып алған шенеуніктер жер телімдерін бірнеше шағын кәсіпкерге бөліп жалдауға шешім қабылдады. Бірақ бұл да сәтсіз аяқталды. Бизнес өкілдерінің жартысынан көбі жалдау ақысын төлемей, салдарынан коммуналдық қызметтер саябақты күтіп ұстауға қаражат таппай қалды. Тұрғындарды мәдени орынның қазіргі келбеті алаңдатып отыр. Жарық шамдар мен орындықтар қирап, жалаңаш электр сымдары мен күнге күйіп қурап қалған көгалдар қалпына келгенін қалайды.
«Біздің шаһарда бірде-бір әдемі саябақ жоқ. Егер біз туристік қала боламыз деп мәлімдеп, туристерді тартатын болсақ, қалада бір емес, екі немесе үш саябақ болуы керек. Ал мынаны саябақ деудің өзі масқара ғой»,- деді Ақтау қаласының тұрғыны Виктория Мельникова.
Шенеуніктердің айтуынша, саябақты сенімгерлік басқаруға үміткерлер шағын кәсіпкерлерге арналған қызметтерді көрсететін жоспарды ұсынуы тиіс.
Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Тілеген Едігеев:
-Бұл аумақ толық 100% әкімдіктің балансында болады. Потенциалды инвестор менеджер болады. Байқау жариялаған кезде біз негізгі шарттарды жазамыз. Әрине, біз аумақты жабуға, қоршауға тыйым саламыз,-деді.
Әкімдік мамандары сенімгерлік басқару 10 жыл немесе одан да көп мерзімге беріледі дейді. Негізгі шарт- 10 гектар аумаққа жасыл желекті көбейтіп, абаттандыруы қажет. Айтпақшы, қала тұрғындары да өз ұсыныстарын бере алады. Саябақ бойынша шенеуніктер қоғамдық тыңдау ұйымдастыруға уәде береді.

Жазира Қуанышбекқызы

Комментарий