Жаңалықтар | Новости

КҮНТІЗБЕ «ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ КҮНІМЕН» ТОЛЫҒУЫ МҮМКІН

Биыл күздің алғашқы айында ұлттық мұраны ұлықтау бағытында тек еліміз үшін ғана емес, халықаралық және әлемдік деңгейдегі бір үлкен оқиға болды. Қызылордадағы ардагерлер арасында өткен жарысқа қатысушылар мен жаттықтырушылар Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясының төрағасы Ә.Бәйменовтің атына «9 қыркүйек – Тоғызқұмалақ күні» деп жариялауға федерация тарапынан шешім қабылдап, Президент әкімшілігіне ұсынысхат жолдауын сұраған хат жолдады.

Онда Домбыра күні сияқты Тоғызқұмалақ күнінің белгіленуі тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемде зияткерлік қозғалыстың басталуына, рухани ойынымыздың жаңа қарқынмен жандануына, бұқаралық сипатының артуына септігін тигізетіні айтылған. Соның негізінде 9 қыркүйек күні елордада федерация басшылығы арнайы жиын өткізіп, бұл мәселені өзге де спорт жанашырларының талқысына ұсынып, олар да ардагерлер ұсынысына қолдау білдірді. Көпшіліктің талабы бойынша, ҚР ПремьерМинистрі Асқар Маминге жолдаған ұсынысхатта
Ә.Бәйменов: «Өзіңіз білетіндей, тоғызқұмалақ – ұлтымыздың адамзат мәдени мұрасына қосқан үлесінің жарқын үлгісі. Ғасырлар бойы тоғызқұмалақ ойшылдар күш сынасатын зияткерлік ойын да, зерде, зейін, қисынды ойлауды жетілдіретін тәрбие құралы да болып келді. Ұлы Абайдың тек өзі ойнап қоймай, маңайында мектеп қалыптастырып, жарыс тар ұйымдастыруы соның бір айғағы болса керек. Кеңестік унификация салдарынан мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойынымыз жоғалуға жақын қалған 1940-50 жылдары оны қайта жандандырып, алғашқы жарыстарды ұйымдастырудың басында Мұхтар Әуезов, Сәрсен Аманжолов, Мәулен Балақаев, Қалибек Қуанышбаевтардың тұруы да тегін емес еді. Бірте-бірте шебер ойыншылар анықталып, республика біріншіліктері, қырғыз ағайындармен ойындар өткізіле бастады. Дегенмен, белгілі себептермен ұлттық ойынымыз кеңес дәуірінде
бұқаралық сипат алған жоқ. Тәуелсіздік арқасында ғана саяси идеологиялық тұрғыда тоғызқұмалақ дамуына оңтайлы ахуал қалыптасты. 2000-шы жылдардан бастап ұлттық ойынды тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де насихаттап, таратуға назар аударылды. 2006 жылдан бастап тоғызқұмалақ Әлемдік зияткерлік ойындар олимпиадасы бағдарламасына енді. 2008 жылы 2 маусымда Орал қаласында Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының құрылтайы өткізілді. Осы күнге дейін 5 Әлем, 4 Азия, 4 Еуропа чемпионаттары өтіп, оларға
отыздан астам мемлекет өкілдері қатысты.

Қазір 200 мыңнан астам адам 3 мыңдай жаттықтырушы көмегімен тоғызқұмалақпен айналысса, 10 мыңнан астам адам кәсіби деңгейде ойнайды. 2020 жылы 19 желтоқсан күні халықаралық ЮНЕСКО тоғызқұмалақты адамзаттың мәдени мұралары тізіміне қосты. Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері қолдауымен қазір барлық дене шынықтыру мұғалімдеріне тоғызқұмалақ үйретіліп, мектеп бағдарламасына енгізуге дайындық жүруде. Осының барлығы тоғызқұмалақ ардагерлері, жаттықтырушы, төреші, ойыншылардың күнделікті еңбегі, Үкімет пен облыс, аудан, қала басшыларының оң көзқарасы, жанашыр азаматтардың демеуі, ақпарат таратып, насихаттап жүрген жорналшылардың қолдауы, облыстық және шетелдік федерациялар басшыларының қайраткерлігі арқасында мүмкін болды. Таяуда менің атыма тоғызқұмалақ ардагерлері мен жаттықтырушыларынан тоғызыншы айдың тоғызыншы күнін, яғни 9 қыркүйекті «Тоғызқұмалақ күні» деп белгілеу туралы ұсыныс түсті. Бұл күннің тағайындалуы біздің мәдени мұрамыздың мыңдаған жыл тарихы бар екенін, тереңнен тамыр алатын және ол мәдени мұраның ішінде ерекше күрделі интеллектуалды ойынның бар екенін паш ететін күн болатыны сөзсіз. Соңғы жылдары көшеде тоғызқұмалақты ойнауға арналған арнайы тақталар қойылуда. Осының барлығын пайдаланып, тоғызыншы айдың тоғызыншы күнінде бүкіл республиканың қалаларында тоғызқұмалақ ойналып жатса, ол біздің ұлттық рухымыздың жаңғыруына да серпін берер еді. Осыған байланысты, жоғарыда аталған ұсынысты қолдай отырып, 9 қыркүйекті «Тоғызқұмалақ күні» деп белгілеу туралы Үкімет шешімін қабылдауыңызды сұраймын» деп жазды.

Дәл осындай хатты бір топ халық қалаулысы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал ретінде жолдады. Біздің пайымдауымызша, бұл ҚР Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» тұжырымдасына да дөп келеді. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп аталатын биылғы Жолдауында да: «Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануына баса
мән беріледі. Бұл орайда Қазақстанның мүмкіндіктері зор, соның ішінде өзін халықаралық аренада тиімді таныта алады», – деген болатын. Егер алдағы жылы ұлттық күнтізбеде «Тоғызқұмалақ күні» пайда болып жатса, бұл Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асқан іс-шаралардың ішінде ең бір есте қалған ерекше оқиға боп тарихта қалары күмәнсіз.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий