Жаңалықтар | Новости

ДЕМОКРАТИЯ — САҒЫМ ЕМЕС

Білім мен ғылымға мемлекеттік деңгейде ден қоюдың арқасында өндірістік, технологиялық тұрғыдан алға озып шыққан АҚШ пен Еуропаның бірқатар мемлекеттері өзгелерді дамушы және артта қалған деп екі топқа бөліп тастаған болатын. Өздерінің өмір сүру салты мен мәдени дәстүрін өзгелерге үлгі ретінде ұсынып жүрген олардың белсенді іс-қимылының нәтижесінде өткен ғасырдың соңғы ширегінен бастап әлемде қоғамның ең жоғары өлшемі саналатын демократияға қатысты түсінікке өзгерістер ене бастады.

Өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтқан не оны жетік білмейтін кейбір адамдар мен жекелеген топтар шетелден көргені мен естігенінің бәрін дұрыс деп санайтын болды. Бұл туралы Қазақстандағы демократиялық қозғалыстың көшбасында жүрген белгілі қоғам белсендісі Дос Көшім: «Демократияның батыстық, шығыстық түрі деген жоқ. Ол – халықтың мемлекетті басқару жолы, әдіс-тәсілі. Әрбір ұлттың өзінің демократиялық жолы бар. Мысалы, қазақ «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейді. Бұл нағыз сөз бостандығының, ой еркіндігінің көрінісі деуге болады. Жалпы, демократияға қатысты түйткілді мәселелерді үшке бөліп қарастырса болады. Біріншісі, оның үлгісіне қатысты. Екіншісі, ол коммунизм сияқты абстрактілі нәрсе емес. Демократияны көзбен көріп, қолмен ұстауға болады. Ол – көп партиялық жүйе, жергілікті өзінөзі басқару принципі, әділетті сайлау қағидасы деген сияқты институттар. Егер олар жұмыс істесе, сол елді демократиялық деуге болады. Оны өздері бар деп айта ма, айтпай ма, бұл Конституциясында бар ма, жоқ па дегенге қарамайды. Үшіншісі, адам құқы мен еркіндігі бар елде ғана демократия институттары орнайды. Мысалы, әділетті сайлау, сөз еркіндігі болмаса, қалай болады? Жалпы, әрбір институттың жұмыс істеуі үшін адам құқығы толық сақталуы керек», – дейді.

Әділет министрлігінің сайтындағы мәліметке қарағанда, 2020 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша, елімізде тіркелген ҮЕҰ саны – 22 344. Соның ішінде әрекетсіз деп танылғаны – 810, таратылу сатысындағысы – 678, қызметін тоқтата тұрғандары – 2096, әрекет ететіні – 16 426.

Ал әрекет ететін ҮЕҰ қызметінің бағыттары: халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау (14,65%); дене шынықтыру және спорт (12,78%); азаматтардың, ұйымдардың заңды мүдделерін мен құқықтарын қорғау (11,35%); жастар саясатын қолдау және балаларды қорғау (8,66%); білім және ғылым (7,09%); қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту (5,03%); салауатты өмір салтын насихаттау, денсаулықты сақтау (4,43%); мәдениетті және өнерді дамыту (3,94%); қоршаған ортаны қорғау (3,30%); өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) көмек көрсету (2,13%); азаматтық қоғамды дамытуға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу (2,13%); тарихи-мәдени мұраны қорғау (1,88%); отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу (1,86%); көп балалы, толық емес отбасыларға және жетім балаларға көмек (1,72%); ақпарат саласы (1,69%); мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу (0,54%); халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге жәрдемдесу (0,50%); есепте тұрған
адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету кезінде пробация қызметтеріне жәрдемдесу (0,25%). Олардың жұмысы белгілі бір деңгейде жүйеге түсіп, заңнамалық тұрғыдан қорғалған. Әйтсе де, жұртшылық арасында жұмыс тиімділігіне қатысты сын-пікір аз емес. Кейбір адамдар халықаралық ұйымдар тарапынан жасалып, жарияланатын түрлі рейтингтердің негізінде елдегі демократияға баға беруге тырысып жүр. Бір қарағанда, олардың сөзі негізсіз емес сияқты боп көрінуі де мүмкін. Алайда, сарапшылардың айтуынша, бұл рейтингтер елдегі ахуалды толық көрсете алмайды. Оған рейтингті жасаған ұйымдар да ешқашан кепілдік бермейді. Бұл тек оны жасаған авторлардың субьективті бағасы деп қабылдаған жөн. Мәселен, британиялық Economist журналының талдау бөлімі болып табылатын Economist Intelligence Unit зерттеу орталығының 2021 жылдың ақпанында жарияланған Әлем елдерінің демократиялық индексінде Қазақстан 167 елдің арасында 128-орыннан көрінді. Алғашқы бестікте Норвегия, Исландия, Швеция, Жаңа Зеландия, Канада тұр. Ал көршілес Түрікменстан – 162, Өзбекстан – 159, Иран – 152, Қытай – 151, Әзірбайжан – 146, Ресей – 124, Қырғызстан – 107 орында тұр. Бұл индексте мемлекет ішіндегі демократия деңгейі 60 негізгі көрсеткіш арқылы 5 категория бойынша жіктелген. Олар: сайлау процесі және плюрализм; үкімет қызметі; саяси қатысу; саяси мәдениет; азаматтық
белсенділік. Оның қорытындысына сәйкес, барлық ел билік жүйесі бойынша толық демократия; жеткіліксіз демократия; гибридтік жүйе; авторитарлы жүйе деген категорияға
бөлінген. Қазақстан он жыл бұрынғы, яғни 2011 жыл жарияланған индексте 137-орын алған болатын.

Ал Freedom House халықаралық үкіметтік емес ұйымының биылғы жариялаған Саяси және азаматтық еркіндік бойынша әлем елдері рейтингінде 209 елдің ішінде Қазақстан 167-орын алыпты. Онда көршілес Қырғызстан 159, Ресей 172, Иран 182, Өзбекстан 189, Қытай 194-орыннан көрініп отыр. Яғни Қазақстанның көрсеткіші көршілерден біршама тәуір болғанмен, әлемдік деңгейде алып қарағанда көңіл қуантпайды. «Сананы тұрмыс билейді» деген қағидаға жүгінсек, Қазақстан халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруы да белгілі бір деңгейде демократиямен тығыз астасып жатқанын байқау қиын емес. Сондықтан Үкімет еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістігін бағалаған кезде жалаң цифрлармен шектеліп қалмай, сөз еркіндігі, жергілікті өзін-өзі басқару, сайлау жүйесі сияқты көрсеткіштерді іс жүзінде де қарқынды түрде жақсарту үшін әлі көп шаруа тындыруы қажет боп тұр.

Жомарт ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ, Абай атындағы Қазақ ҰПУ Тарих және құқық институтының кафедра меңгерушісі, саяси ғылымдардың докторы:

– Әлем елдерінің демократиялық индексінде Қазақстанның 167 елдің арасында 128-орыннан көрінуі, әрине, аса көңіл көншіте қоймайды. Сыни көзқарас болмайынша, оны жақсарту бізге оңайға түспейді. Егер индекс шындығында ақиқат көрсеткіш болса, Қазақстанның алдында демократияны жандандыруда үлкен істер тұрғаны белгілі нәрсе. Әрі барлық көрсеткіш жағынан әлемнің жетекші елдерінен қатты артта қалдық деп айту да өте қиын. Жалпы, бізде демократияның керемет бір дамыған тұсы, өз көзқарасым бойынша, 1990 жылдары тәуелсіздік алған кезеңде болды. Кейін оның әрі қарай қарқынды түрде дамымай, көрсеткішіміздің осындай деңгейде қалып қойғаны, негізінен, бюрократиялық аппараттың нәтижесі болуы да мүмкін.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий