Экономика

Қаржыгер несиені кешіру туралы билік шешіміне қатысты пікір білдірді

Мемлекеттің әлеуметтік осал топтардың несиесін кешіру туралы шешіміне қатысты отандық қаржыгер өз көзқарасын білдіріп, оның тиімсіз тұстарын атады, деп хабарлайды “Хабар-24” телеарнасына сілтеме жасап, Zakon.kz.

“Особое мнение” бағдарламасына берген сұқбатында Халықаралық инвестициялық холдингтің бас директоры Тимур Турлов биліктің әлеуметтік осал топтардың несиесін кешіру туралы шешімі нарықтық емес, саяси жобаға көбірек келетінін айтты.

“Әрине, биліктің мұндай шешім қабылдаудағы саяси логикасын жақсы түсінемін. Бұл нарықтық шешім емес, баса айта кетейін. Дегенмен қиын жағдайға тап болған, адасып-шатасып қалған борышкерлердің белгілі бір бөлігіне арналған бұл үлкен сый. Бір реттік акция болса да қиналып жүрген кейбір адамдар бір кеңінен тыныстауға мүмкіндік алады. Бір жүгі жеңілдеп дегендей. Жалпы, бұл шара халықты бір серпілтіп тастай алады, бірақ, ескерте кетейін, оның әсері ұзақ болмайды.

Мысалы, әр адамның қарызға белшесінен батқан бір туысы немесе танысы бар делік. Шынында қарызының проценті өсіп, ол адам ұйықтай алмайтын мүшкіл халге жетеді. Енді мұндайда қалай қарап тұрасыз, туысы бар, танысы бар, барлығы жабылып, әлгінің қарызын төлеп, шыңырауға құлап бара жатқан жерінен аман алып қалады. Әрине, ол адамға жақсы, қуанып бәріне алғыс жаудырады.

Бірақ бір тоқсаннан соң қарасаңыз, әлгі адам баяғы таз қалпына қайта түскен. Сіз не істейсіз? Әрине, қолыңызды бір сілтейсіз. Өйткені ол өткенінен сабақ алмаған. Банкке барып тағы несие алған, тағы да сол қиындықтарға тап болған, оны еңсере алмаған, өткенінен еш сабақ алмаған. Иә, мемлекеттің бұл қамқорлығын олар сыйлық деп қабылдайды. Болды! Ал өзінің қателігінен адамдар ешқашан сабақ алмайды. Адамның өз жаратылысы, табиғаты сондай ғой”, – дейді ол.

Сондай-ақ Тимур Турлов Қазақстанда мықты бизнес-моделдері бар өз күшімен жұмыс істейтін банктер өте аз екенін де, бұл арада да мемлекет тарапынан қаржыландыруға тәуелділік бар екенін, оның дұрыс еместігін баса айтты.

– Өз-өзін қаржыландыратын сондай банктер бізге жетіспейді. Бізде көп банк мемлекет берген ақшаны алмаса, онда нарықта бәсекелестік таныта алмайды. Арзан ақшаны мемлекет қана ұсынып отыр. Сондықтан банктер мемлекетке барынша жағынуға тырысады. Өйткені мемлекет тарапынан субсидиялау болмаса, олар банкрот боп, жойылуға мәжбүр болады. Бірталайы сол себепті жойылып кетті де. Бізде банктер екі жағдайда ғана өмір сүреді. Біреулері – мемлекеттің субсидиясына байланғандар. Ал біреуі – жаппай халықты қымбат несиемен несиелендіруге бел буғандар, – дейді ол.

Айта кетсек, Президенттің әлеуметтік осал топ өкілдерінің кредиттерін кешіру туралы Жарлығы 26 маусымнан бастап қолданысқа енгізілген. Бұл көмек 500 мыңға жуық қазақстандыққа көрсетіледі.

Комментарий