Жаңалықтар | Новости

БҮГІНГІ АТҚАРЫЛҒАН ІС – ЕРТЕҢГІ КҮННІҢ КЕПІЛІ

Сот жүйесі жылдар керуенін артқа тастап, жүргізілген тегеурінді сот реформасының аясында биік асуларды бағындырды. Сот жүйесінің негізгі мақсаты азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл әркімнің құқықтары мен бостандықтарына, заңды мүдделеріне нұқсан келтiретiн немесе кез келген заңсыз шешімдері мен іс-қимылдарына сот арқылы қорғауға кепілдік беретін орган. Яғни, болмыс-тіршілік, адамзат әділдік іздеп, оның ақ-қарасын айқындайтын үлкен механизм. Сондықтан да сот алдында сот төрелігін сапалы атқару, әділ шешім шығару аталған құрылымдық жүйенің қоғам талабына сай үнемі жетіліп, оның ілгерілеуіне заманауи тетіктер мен кешенді сот реформаларын жүргізу қажеттілігін туындатты.

Атап айтқанда, сот жүйесінің алдында маңызды мемлекеттік-құқықтық мәселелерді шешудегі ұстанымдарын анықтау мақсатында республикалық деңгейде қоғамдық бірлестік құру мәселесі орын алды. Көп кешікпей 1996 жылы осы мақсатқа орайластырылған «Қазақстан Республикасы Судьяларының одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Аталған бірлестік судьялар қауымдастығының мүдделерін қорғауды және оларды іске асыру үшін ауқымды шараларды жүзеге асыруды қолға алды. Мәселен, 1996 жылы 1 қарашада Алматы қаласында өткен Судьялар ассоциациясының құрылтай конференциясында Судьялар одағының басшы құрамы сайланып, 19 желтоқсанда Алматы қаласында республика судьяларының 1-съезі өткізілді. Онда сот реформасын жүргізу, яғни сот процесінің жарыспалылығы, тараптардың теңдік қағидаларының толық дәрежеде жүзеге аспауы, апелляциялық инститтутың енгізілмегендігі, сот приставтары институтын құру және өзге де мәселелер кеңінен көтерілді.

Сот реформасының көкжиегін кеңейту мақсатында Судьялар одағы Жарғысының, Судьялар Қауымдастығының филиалдары туралы ереженің және Судья этикасы кодексінің жобалары жасалды. Аталған тың бағыттарда қарқынды жұмыс жүргізу үшін Судьялар одағының бастамасымен сан-салалы құқықтық тақырыптарға арналған кездесулер, ауқымды бас қосулардың, ой елегінен өткізіліп, сот тәжірибесінен алынған өлшемдердің арқасында 1996 жылдың 19 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Судьялар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жарғысы қабылданды. Одақ қызметін Ата заңымызға, халықаралық шарттарға, еліміздің заңнамасына және осы Жарғыға сәйкес жүргізді.

2011 жылы Қазақстан Судьялар одағы әлемдік судьялар қауымдастығының құрамына енді. Бұған дейін бақылаушы ретінде қатысып келген еді.

Араға үш жыл салып Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Судьяларының ІІ съезі өтті. Съезге қатысушы делегаттар 1997 жылғы 23 желтоқсанда қабылданған «Орталық Азия елдері судьяларының халықаралық қауымдастығын құру туралы декларациямен танысып, осы қоғамдық бірлестікке кіру туралы шешімге қол қойды. Яғни 1999 жылы өткізілген съезд сот-құқықтық реформаның екінші кезеңінің бағытын айқындады. Олар Жоғарғы Сот сатысына

заң шығарушылық бастамасы және заңдарға тәуелді актілерді түсіндіру құқығын қайтару, аумақтық соттардың құзыреті институтын енгізу және судьяларды белгілі мерзімге тағайындау мәселелерін көтерді.

Ал, 2001 жылы Судьялардың ІІІ съезі өткізілді. Бұл дәстүрлі бастама сот жүйесіне тың да тегеурінді серпіліс берді. Сот алдына жүктелген міндеттерді жүзеге асыру Мемлекет Басшысының 2002-2009 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында көрініс тапты.

2005 жылы Астана қаласында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен Судьялардың ІV съезі өтті. Осы форумда Президент сот саласының қол жеткен жетістіктеріне баға берді. Оның жұмысын оңтайландыру мақсатында нақты тапсырмалар жүктеді. Яғни, заңнамаға өзгерістер енгізіліп, судьялыққа кандидаттарды тек конкурс арқылы іріктеу, оларды тағылымдамадан өткізу белгіленді.

Сонымен бірге барлық сот процестерін бейне және аудио таспаға жазу шараларын қолға алу тапсырылды. Бұл сот процесінің жариялылығын, ашықтығын, судьяның сот процесіне кереғар ықпал жасауына тосқауыл қою мақсатында жүзеге асырылуда. Барлық жазбалар орталықтандырылған «Төрелік» сот органдары жүйесі мен «Сот кабинеті» онлайн-сервисінде сақталады.

Съезден-съезге дейін аралықта сот жүйесі белгілі бір даму заңдылығын басынан кешірді. Демек, бүгінгі – күн жемісі, ертеңгінің өркеніне айналды. Бұған Елбасымыздың 2009 жылы 19 қарашада өткен Судьялардың V cьезінде сөйлеген сөзі куә болып отыр. Ел Көшбасшысы сот қызметін таразылай келе, оған «Қазақстанда сот билігі үшін көп іс атқарылды. Халық судьялар корпусынан соттың заң мен әділдіктің әрқашан сенімді тірегі болатындай жұмыс істеуін талап етуге құқылы» деп атап көрсетті.

Он төрт жылдан соң өткізіліп отырған судьялар съезі сот дауларын шешудің баламалы тәсілдерін енгізу туралы мәселені алға тартты. Осыған байланысты медиация туралы заңнаманы қолданысқа енгізу күн тәртібіне қойылды. Бұдан шығатын қорытынды, дау мұраты тараптарды бітістіру, олардың шиеленіскен мәселелерін бейбіт жолмен шешу болып табылады. Бүгінде осы даңғыл жол жанданып, оның биік тұғыры нығая түсті. Оған сот жүйесінде өз жемісін берген реформалар дәлел. Нақты айтсақ, елімізде «Медиация туралы» заң дүниеге келді.

ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру міндеті қойылып отыр. Бүгінде сот жүйесінің темірқазығына айналған Судьялар одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің арқасында маңызы жоғары әділдік, ізгілік қағидасына бағытталған құжаттар дүниеге келді. Соның бірі 2009 жылы 18 қарашада Қазақстан Республикасы Судьяларының V съезінде қабылданған Судья әдебінің кодексі. Құжат судьялардың адамгершілік және моральдық-әдептік бейнесіне жоғары талаптарды қояды.

Қазақстан Республикасы Судьяларының кезекті VІ съезі судьялардың көкейінде жүрген мәселелердің бірі – жалақы мен зейнетақы мөлшерін көбейтіп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесін көтерді.

21 қарашада 2016 жылы Астанада Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезі өтті. Төрт жылда бір өтетін бұл жиында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген міндеттерді іске асыру нәтижелері сарапталып, сот

өндірісін жаңғыртудағы жетістіктер айшықталды. Сондай-ақ, келешекке жоспар түзіліп, сот жүйесін дамыту жолдары қарастырылды.

Қазақстан судьяларының VII съезі сот жүйесін дамытуға жасалған соны қадам болды.

Бұл жолғы съезде еліміздің сот жүйесінің дамуы турасындағы стратегиялық бағыт-бағдарлар айқындалды. Бұдан бөлек, судьялардың Әдеп кодексі жаңартылған мазмұнда қабылданды. Жаңа кодексті қабылдау мәселесі еліміздегі судьялардың кәсіби және моральдық келбетіне қатысты қоғам талабының артуынан шығып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен онлайн режимде өткен VІІІ съездің көтергелі отырған тақырыбы ауқымды, талқыланатын мәселелері өзекті болды. Судьялар одағы мұрындық болған VІІI съезде «Қазіргі сот жүйесі қай бағытта дамуда, судьялардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін қалай арттырамыз?» деген төңіректе әңгіме өрбіп, нақты шешімдер қабылданды.

Иә, мұның барлығы да съезд көтерген, орындалуға тиіс мәселелер болатын.

Ал, жалпы судьялар одағының жасап отырған тіршілігі көңілге қуаныш ұялатады.

Ардагер судьяларға материалдық көмек көрсетіп, марапаттап, сый-сияпат жасап, әр мереке күндеріне байланысты іс-шаралар ұйымдастырылады.

Елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтамасыз етуге қатысты бағдарламалар бар. Соңғы жылдары осы бағытта арнайы іс-шаралар жоспарланып, қамқорлыққа мұқтаж балаларды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жасалып жатыр.

Президентіміздің дана саясатының, оның тұрақты қамқорлығы мен ықыласының арқасында республикамыздың балалар үйлерінде отбасыға жақындатылған жағдай жасалған.

2018 жылдық қорытындысы нәтижесінде, Шымкент қаласының соттарының судьялары қамқорлыққа мұқтаж балаларды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүргізуге бастама көтеріп, 2019 жылдан бастап әр тоқсан сайын судьялардың бір күндік еңбек ақысын Шымкент қаласының №4 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне аударуға қолдау жасалды. Осылайша, Шымкент қаласының судьялары Шымкент қаласының №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін өзінің қамқорлығына алды.

Шымкент қаласының №4 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» тоқсан сайын жалақы есебінен қаражат салып отыру мақсатында, балалардың атынан жеке депозиттер ашылып, балалар 18 жасқа толып балалар үйінен шығарарда үй алуға жеке шоттарында қажетті қаражат болатыны сөзсіз.

Қамқорлық жасау мақсатында, Шымкент қаласы бойынша қалалық, аудандық және оған теңестірілген соттарының судьялары 2019 жылы 81 балаға, 2020 жылы 69 балаға, 2021 жылдың бірінші тоқсанында 69 балаға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаражат аударымдары жасалынған және бұл жұмыстар жалғасын табуда.

Міне, осындай игілікті іс-шаралар Шымкент қаласының Судьялар одағының еткен еңбектерінің жемісі.

Алдағы съездерде де қазіргі қоғамның талабынан шығатын тұшымды ой-пікірлер айтылып, биік мақсаттар қойылады деп сенеміз, өйткені бұл маңызды

іс-шарада көтерілген мәселелер сот жүйесінің жұмысына жаңа серпін беретіні даусыз.

 

«Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы»

Шымкент қаласы филиалы төрағасы С.Л.Тоқбергенов

Комментарий