Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЖаңалықтар | Новости

Әділ АХМЕТОВ, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: «ДІНАРАЛЫҚ ДИАЛОГ — ЖАҺАНДЫҚ МӘНІ БАР МАҢЫЗДЫ ШАРА»

– Әділ Құрманжанұлы, елімізде әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VII съезі өтпек. Қалыптасқан дәстүрге сай, бұл алқалы жиын биыл өтуі тиіс еді. Пандемияға байланысты келесі жылға ауыстырылғанын білдік. Жалпы, Қазақстанның осы бастамасының маңызын қалай түсіндірген болар едіңіз?
– XXI ғасырдың басында күллі әлемдегі халықаралық қарым-қатынастар ғана емес, жаһандық конфессияаралық қатынастар да шектен тыс шиеленісіп кеткен-ді. Өкінішке орай, бұл үрдіс, әсіресе, 2001 жылғы 11 қыркүйекте орын алған Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік сауда ұйымының қос ғимаратының жарылуына орай ушыға түсті. Артынша батыс ақпарат құралдарында ислам әлемін артта қалған, кертартпа, білімнен жұрдай, надан, ғылым мен техникадан мүлде аулақ, діни фанатизм, экстремизм және фундаментализм ошағына айналған құбыжық өркениет етіп көрсету белең алып кетті. Соның салдарынан мұсылман емес күллі әлемнің қоғамдық санасында мұсылмандарға деген көзқарас күрт өзгеріп, оларды шеттету мен кемсіту, олардың мектептері мен мешіттерін өртеу немесе қирату, мұсылмандарды сабау немесе атып кету, мұсылмандардың діни бостандығына шек қою, сол сияқты мұсылман бейіттерін бүлдіру секілді вандализм жиілей бастады. Мұндай қылмыстар ЕҚЫҰ-ына мүше елдерде де орын алды. Мәселен, мұсылман діні әлемнің ең іргелі діндерінің бірі екенін мүлде мойындамай, оны аса қатерлі идеология деген теріс пікір қалыптастырылып, Еуропаның кейбір елдерінде Мұхаммед пайғамбарды келемеждейтін карикатуралар шығарылып, оларды ақпарат құралдары арқылы жаппай тарату белең алды. Кейбір мұсылман мемлекеттеріне Аль-Каидамен байланысы бар деген желеумен экономикалық қысым көрсету, соғыс ашып, оларды басып алу немесе оларға қисынсыз тиісу жиіледі. ЕҚЫҰға мүше елдердің кейбірінде мешіт салуға рұқсат берілсе де, мұнара тұрғызуға тыйым салу, мұсылман әйелдерінің дәстүрге сәйкес киінуіне, білім алуына, жұмысқа тұруына, баспана алуына, тіпті балаларын балабақшаларға орналастыруына да шектеу қою жиі бой көрсетті.

– Мұсылман дініне қатысты мұндай көзқарастың туындауы әділетсіздік қой…

– Әрине, ислам мен мұсылман әлемінің ұстанымы терроризммен де, экстремизммен де, фундаментализммен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Мұсылмандардың киелі кітабы Құранда жамандықты уағыздайтын сүре немесе аят атымен кездеспейді. Керісінше, Мұхаммед пайғамбар арқылы Алладан жеткен әділеттікке шақыратын төмендегідей нақылдар бүкіл адамзатқа ортақ құндылық екені күмән тудырмайды. Мысалы, «Басқаларды мүсіркемеген адамды Құдай мүсіркемейді», «Өзі тоя ішіп-жеп, көршісі аш жүрген пенде Құдайдың құлы емес», «Басқаны ұрып жыққан мықты емес, ашуын ақылына жеңдірген адам мықты» немесе Құранның 60-сүресінің 8-аятындағы: «Алла дініңе қарсы соғыс ашпаған, баспанаңнан айырмаған адамдарға қайырымды болуға тыйым салмайды. Алла әділетті пенделерді сүйеді» деген мәнді сөздер – ислам дінінің нағыз толерантты дін екенінің нақты дәлелі. Құранда Иса пайғамбарға да үлкен құрмет көрсетілген. Сосын Мұхаммед пайғамбар өзінен бұрынғы пайғамбарлардың бәрін де сыйлаған, олар туралы ғайбат сөз айтпаған. Ең бастысы, Алладан Құран түскеннен бері он төрт ғасырдан астам уақыт өтсе де, киелі кітаптағы 114 сүре мен 6346 аяттың бір әрпі де өзгеріске ұшыраған емес. Олар еш уақытта бұрмаланбаған.

– Негізі ғылымның көп саласы ислам өркениетіне қарыз емес пе?

– Бұл шындық! Қазіргі ғылым мен технологияның тез дамып келе жатқанының ең негізгі себебін ислам өркениетінен табарыңыз сөзсіз. Себебі ислам өркениеті о бастан-ақ ғылымның көптеген бағыттарының дамуына ықпал еткен. Сосын әлемге небір айтулы ғалымдарды сыйлаған да осы өркениет. Мәселен, аэронавтика саласының техникалық сөздігіне көз жүгірткендер онда сипатталған жұлдыз атауларының 60 пайызының араб тіліне тән екенін бірден аңғарады. Орта ғасыр түнегінен арылып, қайта жаңғыруға серпін алған Еуропа, ең алдымен, мұсылман ғылымы мен өнеріне және әдебиетіне қарыздар. Оның үстіне Үнді, Қытай және ежелгі Түркия ғалымдарының ғылыми еңбектерін зерттеп, оларды тәржімалап, бір жүйеге түсірген де мұсылман ғалымдары. Сондықтан да көп ғылымды Шығыс Еуропа мұсылман өркениеті арқылы қабылдаған болатын. Еуропаны ауылшаруашылық өнімдерінің түр-түрімен алғаш таныстырған да мұсылман әлемі. Мәселен, VІІІ ғасырда Испанияда күрішті, гранат ағашын, жидек пальмасын, жібек құртын және мақтаны өсірген де мұсылмандар болатын. Суармалы жерге егін егіп, канал тартуды да алғаш қолға алған арабтар. Қағазды бірінші болып пайдаланып, астрономиялық обсерваториялар мен алғашқы кітапханаларды ашқан да солар.

– Халықаралық ұйымдар кемсіту мен жеккөрушілікке жол беріп, мұсылмандар құқығының бұзылуына қалай жол беріп отыр?

– Олар қол қусырып отырған жоқ. Мәселен, Варшавада орналасқан ЕҚЫҰның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы, АҚШ-тағы Хельсинки комиссиясы немесе Human Rights First сияқты институттар барлық дін өкілдерінің сенімін, бостандығын қорғауға әрдайым атсалысып келеді. Мұндай институттар БҰҰ аясында да жұмыс істейді. Аталмыш институттар тек мұсылмандардың ғана құқығын қорғамайды, олар сонымен қатар антисемитизммен де күрес жүргізіп, христиан немесе басқа діндегілердің де құқықтарының бұзылмауын қоса қадағалайды. Солай бола тұрғанмен, мұсылмандарды шеттету мен кемсітушілікті немесе ксенофобияны толық ауыздықтауға немесе тоқтатуға жоғарыда аталған институттардың шамасы жете бермейді. Осы ретте Қазақстанның алғаш рет зайырлы мемлекет әрі халықаралық құқық субъектілерінің бірі ретінде іргелі бастама көтеріп, жаһандық және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасында үнқатысу мен бейбіт пікіралмасуды нығайту, сондай-ақ өркениетаралық қарым-қатынастар мен өзара түсіністікті жолға қоюға бағытталған аса жауапты миссияны іске асыруға белсене кірісуі дер кезінде қабылданған сарабдал шешім болды. Өйткені ондай форумдар мінберіне көтерілетін шешендердің бәрі дерлік халықаралық аренадағы абырой-атағы биік, қоғам, дін және мемлекет қайраткерлері. Олар дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогқа, ксенофобия мен адам баласын шеттету мен кемсітуге қарсы күресті күшейтуге, нәсілшілдікті жоюға, дінаралық ортақ құндылықтарды дәріптеуге шақырады. Бұл тұрғыда көзі тірісінде Қазақстанға келген Ватиканның бұрынғы басшысы Иоанн Павел екіншінің: «Діндердің арасындағы айырмашылықтарға таң қалудың орнына олардың арасындағы ортақ ұқсастықтар мен құндылықтарға таңданған жөн», – деген сөзі еске түседі. Бірінші съезге Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Америкадан жаһандық діндер атынан 17 делегация қатысып, бір үстелдің басында бас қосты және бұл жиын адамзат тарихында бұрынсоңды болмаған елеулі оқиға болатын. Оның үстіне жаһандық және дәстүрлі діндер көбасшыларының арасында көптен бері қордаланып қалған белгілі бір діни немесе саяси қарама-қайшылықтар салдарынан мұндай басқосуды мүлде қаламайтын тұлғалар да ұшырасты.
– Бұрын бір-бірін көрсе теріс айналатын дін өкілдері арасында ортақ мәселені біріге талқылауға деген ынта, әртүрлі сенім мен дәстүрге құрмет оңай қалыптаспағаны анық. Бұл моральдық-материалдық тұрғыдағы үлкен дайындықты қажет еткен болар…
– Иә, астанада 2003 жылдан бері өткен алты съезге қатысқан делегация мүшелерінің жоғарыда аталған кейбір діни немесе саяси қайшылықтардың болуына қарамастан, дінаралық диалогтың жаһандық мәні бар әрі өркениеттерді бір-бірімен жақындастыратын өте қажет шара екеніне көзі жетті. Діндер көшбасшыларының бір-біріне деген түсіністігі мен сыйластығы жылдан-жылға нығая түсіп, бұл үрдіс тұрақты дәстүрге айналды. Осы орайда жылдар бойы Сенаттың бұрынғы төрағасы әрі аталмыш Съезд Хатшылығының жетекшісі қызметін атқарған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналистерге берген бір сұхбатында: «Съезді бос жиналыс немесе БАҚ-қа арналған қарапайым шара деп санау үлкен қателікболар еді. Өйткені дін көшбасшыларын астанада бір үстел басына жиналуға көндіру үшін елеулі дипломатиялық күш-жігер қажет болды», – деген сөзі еске түседі. Дәл осы тұста осындай түсіністікпен сыйластық дәстүрінің қалыптасуына Съезд Хатшылығының үлкен рөл атқарғанын ерекше атап өту парыз. Өйткені, Хатшылық – әр үш жыл сайын Қазақстан астанасында ұйымдастырылатын жаһандық және дәстүрлі дін көшбасшылары съезінің жұмысшы органы ғана емес. Сонымен қатар съездер арасындағы кезеңдерде өтетін барлық іс-шараның да негізгі ұйтқысы. Хатшылық әр жыл сайын тұрақты жиын өткізіп, кезекті съездің күн тәртібін алдын ала айқындайды.

– Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде Елбасы атындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалог орталығын құру туралы бастама қабылданған еді. Бұл құрылымның маңызы неде?

– Иә, съездің, съезд Хатшылығының, сол сияқты жоғарыда аталған Елбасы орталығының мақсат-мүддесі мен көздейтін нысанасы ортақ және олардың бірін-бірі өте үйлесімді толықтырып тұрғаны күмән тудырмайды. 2019 жылы 25 сәуірде Қазақстан Үкіметінің шешімімен құрылған бұл ұйым құзырындағы жұмыстардың кейбіріне тоқталсақ, олар – күллі діндер арасында өзара сыйластық атмосферасын қалыптастырып, бейбіт келісім орнатуға атсалысу, тұрақты негізде отандық және шетелдік діни бірлестіктер мен олардың лидерлерінің арасында өзара ықпалдастық орнатуды қамтамасыз ету, халықаралық құрылымдармен (ұйымдармен, орталықтармен т.с.с.) дінаралық және мәдениетаралық қарым-қатынастар орнату, дінаралық және мәдениетаралық диалогтарды нығайтуға бағытталған халықаралық, республикалық және аймақтық конференция, дөңгелек үстел, семинар, акция мен конкурстарды ұйымдастыру және оларға қатысуға бағытталған іс-шараларды іске асыру секілді маңызды шаралар. Тұтастай алғанда, аталмыш орталықтың миссиясы кейбір халықаралық институттардың, атап айтқанда, Варшавада орналасқан ЕҚЫҰның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы, АҚШ-тағы Хельсинки комиссиясы немесе Human Rights First сияқты адам құқығын қорғайтын халықаралық институттардың мақсат-мүддесімен де үндеседі. Сосын, мұндай институттар БҰҰ-мен қатар Еуропа Кеңесінің аясында да жұмыс істейді.

– Қазақстандағы діни ахуалға өзге елдердің көзқарасы қандай?

– ЕҚЫҰ-ның 2010 жылы төрағасы болған Қазақстанның аталмыш ұйымға мүше мемлекеттерге көрсеткен үлгісі мол болды. Бұған «Сырт көз сыншы» демекші, аталмыш ұйымның іс басындағы төрағасының жеке өкілі ретінде АҚШ-тағы мұсылман қауымының жағдайымен танысып, сондағы үкіметтік емес мұсылман ұйымдарының уәжін АҚШ Конгресінің ғимаратында отырған Хельсинки комиссиясының мүшелеріне баяндағанда көзім анық жетті. Әлгі елде орын алып отырған мұсылмандарды кемсіту мен шеттетудің нақты мысалдарын моншаққа тізіп, ағылшын тілінде баяндап едім, құрамының басым көпшілігі конгресмендерден тұратын әлгі комиссияның мүшелері құлақ түріп тыңдады. Жарыссөз соңында комиссия мүшелері сұрақ қойып, біздің елдегі мұсылман және басқа діндегілер құқықтарының сақталу дәрежесін білгісі келді. Мен көп этносты және көп конфессиялы Қазақстандағы ауызбіршілік пен татулықтың орнықтылығын, адамды кемсіту мен шеттетудің біздің елге жат екенін және олай етуге Конституцияның жол бермейтінін көлденең тарттым. Кездесу соңында Хельсики комиссиясының төрағасы, АҚШ сенаторы Бенджамин Карден ризашылығын білдіріп, Қазастандағы этносаралық және конфессияаралық татулықтың жоғары деңгейде екенін жақсы білетінін және бұл тұрғыда Қазақстанның өзге мемлекеттерге үлгі екенін ашық айтты. АҚШ-тың ақпарат құралдарының өкілдері әлгі ресми пікірді лезде бүкіл әлемге таратты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген осы болар. Вашингтондағы АҚШ Конгресінің күмбезді ғимаратынан Қазақ елінің атына айтылған әлгі әділетті бағаны өз құлағыммен естіп, қуана-қуана шыққанымды жасырмаймын.

– Алдағы өтетін әлемдік діндер көшбасшыларының VII съезінде қандай мәселелер қозғалуы мүмкін?

– Әрине, бұған дейінгі қаралған мәселелер уақыт талабына сай жаңа қырынан зерделеніп, талқыланады. Атап айтқанда, әлемдік және дәстүрлі діндердің формаларынан жалпы адамзатқа пайдалы бағыт-бағдар іздеу, бейбіт өмір, келісім және шыдам мен сабыр секілді құндылықтарды күллі адамзаттың мызғымас қағидасына айналдыру, дінаралық диалог пен жан-жақты келісілген шешімдер қабылдай алатын халықаралық және конфессияаралық тұрақты институттың қызметін нығайту, дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайтуға бағытталған съездерді дәстүрлі құрал ретінде күшейте түсу сынды мақсаттар алдағы алқалы жиынның басты басымдығына айналары сөзсіз. Бүгінгі заманның сұранысы осы. Бұл съезд көптеген ұлт пен ұлыстан құралып отырған еліміз үшін өте қажет шара. Сондықтан шараны сындарлы кезеңнің күрделілігіне қарамастан, талапқа сай өткізудің маңызы зор.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Комментарий