Аймақтар | РегионыЖаңалықтар | Новости

Алматы облысының еріктілері игі бастамаларға ұйытқы болуда

Алматы облысында «Еріктілік қызметті дамыту, қоғамдық сананы жаңғырту шеңберінде жастарды рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға тарту. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру» бағытындағы жұмысы Жол картасына сәйкес жүзеге асырылуда. Аймақта өткен жылдан бастап еріктілер, белсенді жастар мен студенттердің жобаларын жүзеге асыру жөніндегі фронт-офис жұмыс атқаруда.

Атап өте кетсек, қазіргі уақытта облыста 7500-ға жуық ерікті және 96 еріктілер ұйымы тіркелген. Жыл басында өңірде 4012 ерікті мен 36 ұйым болғанын ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстар жедел дамып, оң нәтиже беріп жатқанын байқаймыз.

Фронт-кеңсе қызметі волонтерлікті дамыту бекітілген 7 бағытқа атап айтқанда, білім, сабақтастық, саулық, таза әлем, асыл мұра, қамқор, үміт секілді тақырыптарға негізделген. Осы тақырыптарға сәйкес қазіргі таңда түрлі Алматы облысы мен оның әрбір аудандарында, шағын қалаларында іс-шаралар кешені өткізілуде.

«Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында облыста 4000 акция өткізіліп, 622 млн. теңге көлемінде 16 000 отбасыға азық-түлік себеттері үлестіріліп, мұқтаж болған 89 отбасыға баспана және Маңғыстау облысындағы жағдайға байланысты көмекке 60 100 түп шөп табысталған. Жобаны жергілікті меценаттар, екі Жоғарғы оқу орындары, 52 колледж, мемлекеттік мекемелер, қайырымдылық қорлары, автоволонтерлер және 96 еріктілер ұйымдары қолдаған.

Және жастардың бастамаларын қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 2 есеге көбейтіліп, 2021 жылы бұл мақсатқа 76 млн. теңге бөлінген. Өткен жылы осы мақсатта  31 млн. теңге бөлінгенін ескерсек, ерікті жастарды қаржылық қолдау көлемі де айтарлықтай артып жатқанын байқаймыз.

Волонтерлік қозғалысты дамыту мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің қызметін ұйымдастыру және Алматы облысында жас еріктілер қозғалысын дамыту» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында волонтерлік ұйымдардардың бастамаларын қолдау мақсатында волонтерліктің жеті бағыты бойынша жобалар конкурсы ұйымдастырылып, нәтижесінде 7 волонтерлік ұйым 300 000 теңгеден грантқа ие болғанын да атап өту керек.  Әлі де болса жылдың соңына дейін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қосымша 3 жоба жүзеге асыру жоспарлануда.

Жалпы ағымдағы жылы Алматы облысында волонтерлікті дамытуға 30 млн. теңге қаржы жұмсау көзделуде. Алматы облысының 17 ауданы мен 3 қаласында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызмет түрлерін тез және жылдам алу мақсатында «Egov – жаршысы»  жобасы аясында облыс бойынша 470 волонтер оқытылып, аталған волонтерлер халық арасында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, шет тілін үйренемін деген азаматтарға волонтерлер шет ел азаматтарын тарта отырып «Speaking club» тіл оқыту курстарын тегін ұйымдастыруда. Яғни еріктілер жұмысы түрлі саланы қамтуда.

Төтенше жағдай кезінде де облыс еріктілері мұқтаж жандарға жедел көмек көрсетіп, жоғары азаматтық ұстаным танытты.

«Мейірімді Жетісу» фронт-кеңсесінің волонтерлері короновирустық инфекцияға қарсы вакцинация жүргізу туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп отыруы әдетке айналған. Маусым, шілде, тамыз айларында еріктілердің бастамасымен 80-нен астам шара өткізілген. Сондай ақ халық тығыз шоғырланған жерлерге вакцинация туралы түсіндірмелері бар парақшалар мен буклеттер де таратылған.

Облыстық жастар ресурстық орталығының «Jetysu_jastary» фейсбук, инстаграмм парақшаларына короновирустық инфекцияның алдын алу мақсатында арнайы дайындалған 27 афиша және 12 бейнеролик жарияланған. Волонтерлер халыққа жыл басынан бері 100 000-ға жуық бетперде таратып, игі істің бастамасына айналды. Яғни дәл қазір өршіп тұрған індеттің алдын алуда да еріктілер қалыс қалып жатқан жоқ.

«Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасын іске асыру бойынша 1280 экологиялық акция ұйымдастырылып, 42 000 түп ағаш отырғызылыпты. Еріктілердің бастамасымен «Жер сағаты» дүниежүзілік акциясы аясында наурыз және сәуір айларында жергілікті уақыт бойынша сағат 20.30-дан 21.30-ға дейін «Жер сағаты» халықаралық экологиялық акциясы өткізілген.

Сондай-ақ еріктілердің бастамасымен Алматы облысының аудандарында орналасқан ескерткіштерді тазалау, тарихи объектілерді сақтау бойынша жыл басынан 105 шара ұйымдастырылғанын да атап өту керек. Атап өтер болсақ, Ақсу ауданында І.Жансүгіров ескерткіші, Кеген ауданында Ереуілтөбе мемориалдық кешені, Қапшағай қаласында Даңқ аллеясы, Панфилов ауданында Бөлек батыр және тағы басқа ескерткіштердің маңайы еріктілердің күшімен қоқыстардан тазартылған. Үздік волонтерлік топ жетекшілерінің тәжірибе алмасуы мақсатында санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып,  Қапшағай қаласы «Балдаурен» оқыту-сауықтыру орталығында 9-11 шілде күндері республикалық волонтерлер слеті де ұйымдастырылды. Еріктілердің ұйытқы болуымен ұйымдастырылып жатқан тағы бір игі шара ретінде Тәуелсіздіктің 30-жылдығы қарсаңында облыс көлемінде «30 жастар бастамасының» жүзеге асырылуын да атап өтуге болады. «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасына еріктілер белсене қатысып, ел есінде қалар, бастамаларға белсенді қатысуда. Сондықтан жер жаннаты Жетісу өңірінің жастары еріктілер ісінде де алда келе жатқаны қуантады.

Қуаныш Ермекова

Комментарий