Аймақтар | РегионыЖаңалықтар | Новости

Жетісулық жастардың әрбір ұсынысы үлкен қолдауға ие!

Жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың маңызды бір тармағы. Атап айтқанда, жастарды жан-жақты қолдау, оның ішінде білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, қолжетімді баспана, кәсіпкерлік қызметті дамыту, жас отбасыларды қолдау, патриоттық сезімді нығайту, талантты жастарды қолдау, жастардың бос уақытын ұйымдастыру жұмыстарының маңызы зор!

Осы орайда Алматы облысында NEET санатындағы жастарды, жас ғалымдар мен стартап-жобаларды қолдауға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспарланған. Сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында NEET санатындағы жастар және олардың санын азайту туралы атап өткені есте.

Осы бағытта облыс тарапынан «Жастарды жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін жағдай жасау. NEET санатындағы жастармен жұмыс» бағытында жұмыспен қамту органдары арқылы жастарды жұмыспен қамту және олардың еңбек нарығында қабілеттілігін арттыру жұмыстары жалғастырылуда. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында облыстағы жастар жұмыссыздығы оң көрсеткіштерге қол жеткізуде. «Еңбек» бағдарламасы аясында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін қысқарту, жұмыспен қамту үшін жағдай жасау және жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Алматы облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында 436 жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін жалпы сомасы 1,9 млрд.теңге бөлінген.  Статистиканы сөйлетер болсақ бұл бір маманға — 4 375 500 мың теңге, яғни 1500 АЕК жеңілдетілген несие алған. 739 жас маман 215,5 млн. теңгеге, яғни бір маманға – 291 700 мың теңге, 100 АЕК  көтерме жәрдемақы алған. Жастарды қолдауда мұндай қаржылық қолдаудың маңызы зор екенін ескеріп, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек.

Сондай-ақ ағымдағы жылы тұрғын үй сатып алу үшін 565 маманға 2,4 млрд.теңге, көтерме жәрдемақы 828 маманға 241,5 млн.теңге бөлінген.

Жастар еңбек жасақтарын ұйымдастыру тәжірибесі де жалғасуда. «Жасыл ел» жобасы шеңберінде ағымдағы жылы 1883 жасақшы еңбекпен қамтылса, қыркүйек айының соңына дейін тағы да 117 жасты маусымдық жұмыспен қамту көзделген.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жас кәсіпкерлердің жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру мақсатында 2020-2021 жылдары жастардың 85 стартап-жобаларын іске асыруға жалпы сомасы 190 млн.теңгеге мемлекеттік грант бөлініпті. Алдағы уақытта да NEET  санатындағы жастармен жұмыс жүргізу маңыздылығын ескере отырып, бірқатар шаралар жүргізу жоспарлануда.

Жалпы, NEET ұғымы жастардың еңбектен, білімнен, әлеуметтік белсенділіктен өз еркімен немесе түрлі себептермен бас тартуын білдіреді.

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша 2021 жылдың 2 тоқсанына Алматы облысында NEET санатындағы жастар саны 7,0%-ды құрап отыр. Бұл 15-28 жас аралығындағы жастар арасынан 24 900 адам және 358 126 адам. Олар білім беру және еңбек қызметіне тартылмаған деуге болады.

Осыған орай, аудан, қала және әр ауылдық округ бөлігінде NEET санатындағы жастар туралы толық мәліметтер базасын жинақтау жұмыстары жүргізілуде.

Мысалы, облысқа және Алматы қаласына жақын орналасқан ауылдардың базарларында уақытша және мезгілдік жұмыстарға қамтылған жастардың саны анықталмаған. Сонымен қатар, белгілі бір себептермен оқуға түсе алмай қалған және өзін өзі жұмыспен қамтыған жастар бар. Нәтижесінде, осы жастар NEET санатына еніп отыр.

Осы орайда, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы арнайы әдіснама әзірледі. Нәтижесінде, «NEET — жастар «Деректер базасы» ақпараттық жүйесі іске қосылып, әр жаспен жеке жұмыс жүргізіліп, әлеуметтендіру, қоғамға бейімдеу шаралары күшейтілуде.

Сонымен қатар, осы санаттағы жастармен жұмысты жетілдіру мақсатында облыста арнайы жұмысшы тобын құру жоспарлануда. Демек жастардың бос уақытын қоғам игілігі үшін тиімді қолдану бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Қуаныш Ермекова

Комментарий