Аймақтар | РегионыЖаңалықтар | Новости

Жетісу өңірінде жастар орталықтары көбейіп келеді

Қоғамның қалыптасуы мен мемлекеттің өркениеттілігін арттыру  үшін ондағы адамдардың, әсіресе жастардың рухани тұрғыдан жетілген болуына баса назар аударылады. Олай болса, біздің еліміздің болашағы болатын жастардың белсенділігі қандай бағытта дамуы керектігі өзекті мәселелердің бірі екені даусыз. Осы орайда айта кетсек, Алматы облысы жергілікті басқарушы орындарының жастарды қолдау бағытындағы жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде деуге болады.

Жалпы Алматы облысында биылғы жылы 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 419 826 адамды құрап отыр. Оның ішінде ауылдық жерлерде — 334 222 адам, яғни жалпы Алматы облысы жастарының 79,6% ауылдық жерлерде тұрады. Ал қалада — 85 604 адам, немесе  20,4% қалалық жастар. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жастарға ерекше сенім білдіріп, олардың идеяларын үнемі қолдап отыратындығымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, 2016 жылы республикада баламасы жоқ Жастарға қызмет көрсету орталығы жастардың игілігіне берілді. Қызметі алуан түрлі орталық жастардың дамуы үшін үздіксіз жұмыс істеуде. Сондай-ақ облыста барлығы  21 Жастар ресурстық орталығы бар, оның ішінде: 1 облыстық, 3 қалалық және 17 аудандық жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Ауылдық жерлерде бүгінгі күні 253 жас нұсқаушы жұмыс істейді. Жастар секторындағы қызметкерлердің жалпы саны 500 адамнан асады.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы Текелі қаласында Жастарға қызмет көрсету орталығының құрылысы басталды. Кеген ауданы және Қаскелең қаласында да жастарға арналған ғимарат салуға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Демек алдағы уақытта аталмыш өңірлерде жастарға арналған әмбебап орталық бой көтереді. Сонымен қатар, 7 ауданда Ақсу, Балқаш, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Сарқан, Райымбек аудандарының да жастар ғимараттарының құрылысына құжаттар әзірленуде. Осы аталған бастамалардың барлығы облыс әкімі А. Баталовтың қолдауымен жүзеге асырылуда. Тікелей жастармен жұмыс істеп, жастардың идеясын ұштауды, қиялына қанат бітіріп, қолдауды жүзеге асыратын мұндай орталықтардың маңызы зор екенін ескерсек, өңірді жастар орталықтарымен қамтамасыз етуді жолға қойған әкімнің көрегенділігі көңіл қуантады.

Қуаныш Ермекова

Комментарий