Жаңалықтар | Новости

Конституция – тәуелсіз еліміздің төлқұжатты

Биыл Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 30 жыл. Әрине бұл тұтастай бір ұлттың немесе мемлекеттің сан ғасырлық тарихымен салыстырғанда саусақпен санарлықтай ғана аз уақыт. Дейтұрғанмен, қазақ халқы үшін тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылдығы үш жүз жылға татиды десек, асыра айтпаған болар едік.

Мысалы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың қаңтар айында «Егеменді Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тәуелсіздігіміздің отыз жылын үш кезеңге бөліп, әр онжылдықта жеткен жетістіктерімізге жеке-жеке тоқталды. Соның ішінде біз бүгін алғашқы онжылдықтағы ең маңызды жетістігіміздің бірі – Қазақстанның егеменді ел ретінде 1995 жылы 30 тамызда қабылдаған ҚР Конституциясы туралы сөз қозғауды жөн көріп отырмыз. Себебі бұл құжат еліміздің бас заңы ғана емес, тәуелсіздігіміздің төлқұжаты істетті. Конституция — мемлекетің заңдық күші жоғары негізгі заңы ғана емес, сол мемлекеттің саяси, құқықтық-экономикалық жүйесі, бағыт-бағдары мен басты қағидалары көрсетілген аса салмақты құжат. Сөзіміз дәлелді болуы үшін 1995 жылы республикалық референдумда 7 миллион қазақстандықтың дауысымен қабылданған бүгінгі қолданыстағы ҚР Конституцияның баптарына зер салсақ. 98 бап, 9 бөлімнен тұратын ҚР Конституциясының 1-бап, 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» — деп жазылған. Осы бір ғана баптың тереңіне үңіліп, байыбына барар болсақ, бір мемлекеттің ұстанымы толық сыйып тұрғанын аңғаруға болады. Мұнда тәуелсіз Қазақстан өзін әлемге демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде таныстырып, оның ең басты байлығы халқы екенін паш етіп тұр.

Анығында, дәл осындай мемлекет құру, ел болу ата-бабамыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа қанмен берілген ең асыл арманы еді. Қазақ даласында мемлекет құру, оның білгілі бір заңға бағындыру, мемлекеттікті заң аясында сақтау ұғымы ықылым заманнан бері бар десек, алғашқы Ата заңымыздың Қазақ хандығы тұсында қабылданғаны тарихтан белгілі. Тәуке ханның «Жеті жарғысы», «Есім ханның ескі-жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» деген атаулар арада бес ғасыр өтсе де құнын жойған жоқ.

Тарих зер салсақ, Қазақстанның ең алғашқы құқықтық құжатты 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ АКСР Конституциясы болып қабылданып, онда мемлекеттің басқару нысаны, құрылымы, саяси режимі, мемлекеттік билік органдары мен атқарушы, өкім беруші органдардың пәрмені айқындалды. Осы жерде астын сызып айта кетерлік жәйт, аталған конституцияға сәйкес, Қазақстан Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы (РКФСР) құрамындағы құқықтық республика болды. Кейіннен 1937 жылы 26 наурызды бүкіл қазақтар X құрылтай кеңесі Қазақ ССР Конституциясын қабылдады. Бұл конституция 11 бөлім және 124 баптан

тұрды. Бұл заңның алдығыдан басты ерекшелігі онда: «СССР Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ ССР-і өзінің тәуелсіз құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өз бетімен жүзеге асырады» деп жазылған.

Сондай-ақ 1937 жылғы Конституцияда экономикалық, саяси-қорғаныс, басқа тең құқықты республикалармен ерікті бірігу, ҚазКСР келісімінсіз аумағының өзгертілмейтіні, республиканы басқару мәселелері бекітілген, сондай-ақ жоғарғы республикалық және жергілікті өкімет органдарының, заңнамаларының орындалуын бақылау, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және азаматтардың құқықтарын қорғау, салық салу деген секілді мәселелер қарастырылған. Араға ондаған жылдар алып, 1978 жылы Жоғарғы Кеңестің кезектен тыс VII сессиясында Қазақстан констиуциясы қайта қабылданды. Кіріспе, 10 бөлім, 19 тарау және 173 баптан тұрғатын бұл заңда жұмысшы, шаруа, еңбек интеллегенциясының құқықтық мәртебесі айқындалып, Қазақ КСР коммунистік партиясының пәрмені күшейді. Республиканың экономикалық жүйесі мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық және кәсіподақ және басқа да ұйымдардың меншігі деп жарияланды. 1978 жылғы Конституцияда республиканың ұлттық-мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық құрылысы, жоғарғы және жергілікті билік пен басқару құзыреті, сайлау жүйесінің принциптері, халық депутаттарының құқықтық мәртебесі, экономикалық және әлеуметтік даму мемлекеттік жоспары институттары, мемлекеттік бюджет, сот тәртібі, төрелік соты, прокурорлық қадағалау секілді мәселелер қамтылған. 1990 жылдардың басында Қазақ КСР-інде, одан кейін Қазақстанда 1978 жылғы Конституцияға өзгертулер енгізген бірқатар заң қабылданды. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы Ата заңымыз 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданса, бүгінгі қолданыстағы ҚР Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды.

 

К.ИСКАКОВА,

Анаға құрмет музейі

Комментарий