Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Сот қызметіне тың серпін беретін заң

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі жолдауында айтылғандай, азаматтардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға болмайды. Осы теңсіз-дікті жою мақсатында Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды. Мұны айтып отырғанымыз, жаңа заңның талаптары бүгінде халыққа жан-жақты түсіндірілуде. Соған орай, 106, 107, 108, 109-баптарға тоқталғымыз келіп отыр. Өйткені, заңның осы нормаларына байланысты сұрақтарға жиі кезігеміз.

106-баппен айқындалғандай, әкімшілік істер әкімшілік акті шығарылған орын немесе жауапкердің орналасқан жерінде, ал, Республика аумағынан тысқары жерде шығарылған әкімшілік акт Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралады. Сондай-ақ, электрондық құжат нысанында шығарылған әкімшілік акт талап қоюшының тұрғылықты, әкімшілік орган мен оның аумақтық бөлімшесі, филиал, өкілдігінің қызметінен туындайтын талап қоюлар олардың орналасқан жері бойынша беріледі.

Істердің байланыстылығы және тараптардың таңдауы бойынша соттылық 107-бапта қарастырылған. Мысалы, бір істе бірнеше жауапкер болуы, ондай жағдайда азамат талапты солардың қайсысына қоятынын білмеуі мүмкін. Аталған баптың 1-бөлігінде көрсетілгендей, бірнеше жауапкерге талап қоюды олардың біреуі орналасқан аумақта беруге болады. Іс соттылығына жататын бірнеше соттың қайсысына жүгінетінін талап қоюшының өзі таңдайды.

Тараптар әкімшілік іс сот отырысында талқылауға тағайындалғанға дейін өзара келісіммен аумақтық соттылықты өзгерту құқығына ие. Әкімшілік актімен, әкімшілік әрекет немесе әрекетсіздік салдарынан жауапкер келтірген залалды өтеу туралы талапты мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сот қарайды. Ал, моральдық зиянды өтеу туралы талап азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады. Тағы бір айтарлығы, бірнеше талап қою талаптары бір жауапкерге қойылса және өзара байланысты болса, бұған қоса, оларды қарау бір соттың құзыретіне кірсе, талап қоюшы бұларды бір талап қоюға біріктіре алады. Осы тұста ескерерлігі, ӘРПК-да өзгеше белгіленбесе, әртүрлі сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын бірнеше талап бір іс жүргізуге біріктірілмейді. Бұл ретте жария-құқықтық дауларға қатысы жоқ және бөлуге жатпайтын талаптар соттылығына орай тиісті аудандық немесе қалалық сотқа жіберіледі.

Әкімшілік істі бір соттың іс жүргізуінен басқа сотқа беру нормасына келсек, 108-баптың 1-бөлігіне сай, іс жүргізуге қабылданып, сот отырысы тағайындалған әкімшілік іс басқа соттың соттылығына жатқызылса да ол мәні бойынша қаралуы керек. Әкімшілік істі басқа соттың қарауына берудің бірнеше тәртібі бар. Мысалы, әкімшілік іс соттылық қағидалары бұзыла отырып қабылданса, бір немесе бірнеше судьяға қарсылық білдіруге және басқа да себептерге байланысты судьялар ауыстырылса, сондай-ақ, істі осы сотта қарау мүмкін болмаса, 107-баптың екінші бөлігінде көзделген негіздер туындаса, басқа соттың қарауына беріледі.

Сот әкімшілік істі басқа сотқа беру немесе бас тарту туралы ұйғарым шығарады және оған шағым жасалуы мүмкін. Әкімшілік істі басқа сотқа беру – шағым жасау мерзімі өткен соң, ал, шағым берілген жағдайда шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы соттың ұйғарымы шығарылғаннан кейін жүзеге асырылады. Екі тарап сот айқындаған соттылықпен келіссе, олардың жазбаша өтінішхатымен істі басқа сотқа беру туралы ұйғарым дереу орындалады.

Кодекстің 109-бабы бойынша соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, бұл шешім түпкілікті болып саналады және ол қайта қарауға жатпайды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда және елордада орналасқан бірінші сатыдағы соттар арасында дау туындаса, оларды тиісті облыстық немесе оған теңестірілген соттың ұсынысымен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты шешеді. Жаңа Кодексті ел азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда сот қызметіне тың серпін беретін заң деуге толық негіз бар.

Рамшит Абдиканиев,

Алматы қаласының мамандандырылған

ауданаралық Әкімшілік сотының кеңсе меңгерушісі

Комментарий