Жаңалықтар | Новости

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНА ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫНАН 53 ҚАНДАСЫМЫЗ КЕЛДІ

Бүгін Маңғыстау облысына Иран Ислам Республикасынан 53 қандасымыз келді.

«Иран Ислам Республикасының Горган қаласынан 53 адам Қазақстанға қоныс аударды. Олар Ақтау қаласында 2-3 күн аялдап, құжаттарын реттейді. Жатақханаға орналастырамыз. Құжаттарын реттеу жұмыстары аяқталғаннан соң Нұр-Сұлтан қаласына аттанады. Кейін көші-қон бағдарламасы арқылы Солтүстік Қазақстан өңіріне қоныстанады»,-деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов.

Айта кетейік, өңірге келген 53 адамның 25-і бала, барлығы 20 отбасы атамекенге оралды. Тарихи Отанына келгендердің бірі — Хадиша Адай. Атамекенді аңсап, егемен еліне келген ол қуанышын жеткізіп, жылы лебізімен бөлісті.

«Мен Түркіменстанда туылдым. Дегенмен жұмыс бабы бойынша Божнурд қаласында 22 жыл тұрдым. Туған әпкем, қызым, туыстарыммен бірге атамекенге келіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Барлығы да жат адамдар емес ағайындар. Ыстық ықыласпен қабылдағандарыңызға өте ризамыз», — деді Хадиша Адай.

Бұл көш ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Ирандағы Елшілігі мен «Отандастар Қоры» КЕАҚ Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Жазира Қуанышбекқызы

Комментарий