Жаңалықтар | Новости

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Республика бойынша 50 мыңға жуық оқушыны қамтыған «Тәуелсіздік сабағы» өтті

Бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Тәуелсіздік сабақтары» өтті. Ашық сабаққа әр аймақтағы серіктес мектептерден 50 мыңға жуық оқушы қатысты.

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен Тәуелсіздік сабағын тарих пәнінің мұғалімі-эксперт Эльмира Әміртай жүргізді. Сабаққа 12 сынып оқушылары дәстүрлі түрде қатысса, 120-ға жуық зияткер онлайн режимде қосылды. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы 20 жалпы білім беретін мектеп, гимзанияның мұғалімдері мен білім алушылары тікелей эфирді тамашалады.

Ашық сабақ «ҚР Бітімгершілік заңнамасын» негізге ала отырып, «Ұлтаралық келісімнің «қазақстандық» үлгісі» тақырыбын арқау етті. 12 сынып оқушылары Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатындағы бітімгершілік бастамаларын «интеллект картасы» арқылы бағалап, «интервью» әдісі бойынша «ҚР Бітімгершілік туралы» заңын талқылады.

«Еліміздің Тәуелсіздік тарихын білу болашақта халықаралық аренадағы рөлімізді одан әрі нығайта түсуге үлес қосуымызға мүмкіндік береді. Бүгінгі семинар осы мақсатқа жетудегі кішігірім қадам болса да, есте қаларлық ақпараттарға толы болды», — деп пікір білдірді 12 сынып оқушысы Аяулым Төребекқызы.

Айта кету керек, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялаған еді.  Ұйымдастырылған Тәуелсіздік сабағы 30 жылдық мерейтойды атап өтудің жарқын бастамасы іспеттес.

Комментарий