Аймақтар | РегионыЖаңалықтар | Новости

Ең көп үйірме Алматы облысында тіркелген

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз» , — деген еді.

Бүгінде елімізде 3 212 қолданбалы шығармашылық үйірме, балаларға арналған әуесқой бірлестіктер мен клубтар жұмыс істейді. Соның ішінде ең көп үйірме Алматы облысында тіркелген.

Мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясында өткен мәліметтерге сүйенсек, Алматы облысында қосымша білім беретін 39 ұйым мен 29 сауықтыру лагерлері жұмыс істейді. Ал Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, орта білім беретін мектептерде жұмыс істейтін 8280 спорттық секция мен үйірмелерге 295 мыңнан астам оқушы бос кездерінде қатысады. Бұл барлық оқушылардың 69%-ын құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 73%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ал, қазір балалардың аула клубтарында 8600-дан астам жасөспірім жаттығады. Сондай-ақ, 44 балалар мен жасөспірімдердің спорттық мектептерінде 38 828 бала жаттығады.

Сондай-ақ, спортпен айналысудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін биылдан бастап спорттық секцияларды қаржыландыру жан басымен есептеумен жүргізілетін болды. Оқушылардың санқырлы қажеттілігін қамтамасыз ету үшін, салауатты өмір салтын насихаттау үшін және денешынықтыру пәні мұғалімінің уақытты тиімді пайдалануы үшін мектептер ақысыз спорттық секциялар ұйымдастыруға міндетті. Атап айтқанда, мектепке дейінгі мекемелерде аптасына 2 сағат, мектептерде аптасына 3 сағат, техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде аптасына 4 сағат спорттық секция тегін жұмыс істеуі керек.

Шындығында, жастар – бұл болашақтың «мәңгі қозғалтқыш күші». Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ білім, денсаулық, жаңа ақпараттық технологияларға қолжетімділік, кәсіби және жеке бәсекеге қабілеттілік, патриоттық тәрбие, жас ұрпақтың табысты әлеуметтену мәселелері Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың әрдайым назарында болып келді және болып қала береді. Сондықтан да Қазақстанның болашаққа барар жолы жастарымыздың даму деңгейіне, олардың мүмкіндіктері мен құндылықтарға ұмтылысына, мемлекеттің экономикалық, саяси және қоғамдық өміріне қатысу дәрежесіне тікелей байланысты. Ал бұл бағыттағы үйірмелер балалардың бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастырып, қабілетін  шыңдай түспек. Бастысы, әрбір баланы саналы азамат ретінде қалыптастыру жолында қызмет етеді.

Айкөркем Ерболқызы

Комментарий