Аймақтар | РегионыЖаңалықтар | Новости

Алматы облысында қайтарымсыз гранттың көмегімен кәсібін дөңгелетіп отырғандар көп

Бүгінде Алматы облысының тұрғындары шағын және орта бизнестің дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Басым көпшілігі мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында өзінің хоббиін жеке кәсібіне айналдырып үлгерді. Облыс бойынша «Еңбек» бағдарламасы бойынша мыңнан аса бизнес жоба қайтарымсыз грант немесе жеңілдетілген несие иегері атанған.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған. Мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, еңбек ресурстарын қайта даярлау, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауылдық елді мекендерде шағын кредит беруді кеңейту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты бірқатар міндеттерді қамтиды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылардың көбі – жұмыссыз жастар. Өткен жылы 211 мың жұмыссыз жас осы бағдарламаға қатысты. Олар барлық қатысушының үштен бірінен көбін құрайды (32%). Қатысушылардың 43 пайызы әйелдер. Барлығы 437 мың аам, оның ішінде 319 мың адам немесе 73% тұрақты жұмыспен қамтылды. 210 мың адам субсидияланған жұмыспен қамтылды.

Солардың бірі Қарасай ауданының тұрғыны Ғалия Қожамбергенова да Мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз несие алып, өзінің тігін цехын ашқан. Мамандығы бойынша инженер-құрылысшы болса да тігін ісіне қызығушылық танытып, бүгінде сүйікті ісі кәсібіне айналып отыр.

Бұл туралы кәсіпкер: «Мен 21 күн онлайн түрде кәсіп ашып, дөңлетуді оқып-үйрендім. Содан кейін өзімнің бизнес жобамды ұсынып, сертификат ұтып алдым. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы оқуға қатысып, жобамды қорғап, «Еңбек» бағдарламасы аясына 583 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алдым. Мемлект тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде жеке цех аштым. Қазіргі уақытта толыққанды жұмыс істеп тұр. Біздің цех арнайы киімдерді тігуге бағытталған. Алматы, Семей, Өскемен қалаларынан түскен тапсырыстарды орындап, жөнелттік», – дейді.

Кәсіпкердің айтуынша, грант бойынша берілген қаражатқа мамандандырылған тігін машинасы және қажетті құрал-жабдықтар, маталар сатып алынды. Қаскелең қаласындағы бизнес орталықтардың бірінде цех ашуға жарайтын ғимарат жалдаған. Бүгінгі күні үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Тапсырыстар жергілікті тұрғындардан ғана емес, басқа да қалалардан түсуде.

Кәсіпкерлер Палатасы Қарасай аудандық филиалы директоры Орынбай Жанәділдің берген мәліметіне сүйенсек, биылғы жылы Қарасай ауданында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 484 аудан тұрғыны оқып, оның ішінен 70 бизнес-жоба қаржыландырылған. Ал Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша биылғы жылы 350 адам оқуға ниет етіп, оның 280-і кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренуді бастаған. Микро несиені 80 тұрғынға беру жоспарланса, оның 60-ы 235,8 млн. теңге микронесие алған. Тағы 115 тұрғын мемлекеттік грант иесі атанып, оның 85-і жобасын қорғап, 50 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Айта кетерлігі, Алматы облысында жыл басынан бері Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында 2895 жұмыссыз жас «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Өткен және биылғы жылдың курс тыңдаушыларын қоса алғанда, 1050 бизнес-жоба грантпен қаржыландырылып, жеңілдетілген несие алды.

Шындығында, жастарды қолдау – ел дамуына қосқан инвестиция. Бүгінде мемлекеттің басты бағыттарының бірі жастарды Қазақстанның бәсекеге қабілетті аса маңызды әлеуеті ретінде қалыптастыруға, ел жастарын табысты әлеуметтенуге, олардың тиімді дамуына жағдайлар мен мүмкіндіктер жасауға бағытталған.

Айкөркем Ерболқызы

 

Комментарий