Жаңалықтар | Новости

«Өте қауіпті болып бара жатыр». Депутаттар мектептегі буллинг мәселесін көтерді

Мәжіліс отырысында депутаттар мектептегі буллинг пен кибербуллинг мәселесін көтерді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, мектеп оқушыларының 12 пайызы қудалауға тап болады. Бұл олардың психиологиялық жағдайына әсер етеді, кейде тіпті суицидке де әкеп соғуы мүмкін.

«Бұл мәселенің өзектілігі мұндай деректерге уақытында әрекет етуге жүйелік шара қолдануға әкеліп отыр. Осыған байланысты депутаттар қудалау және кибербуллинг ұғымдарын заңнамалық бекітуге арналған нормаларды қабылдауды ұсынған болатын», — деді депутат Смышляева.

БҒМ вице-министрі Бибігүл Асылова министрлік бұл мәселе бойынша алгоритм жасайтынын айтты.

«Бүгінде министрлік бұл мәселе бойынша жұмыс тобын құрды. Біз жұртшылықты және депутаттық корпусты осы нормативтік актіні әзірлеуге шақырамыз», — деді Бибігүл Асылова.

Ал парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мектеп педагогтерінің буллингтің алдын алу мәселесіне қаншалықты араласып жүргенін сұрады.

«Өкінішке қарай, біз ондай деңгейге жетпедік», — деді вице-министр.

Нығматулин мектептегі буллинг, кибербуллинг мәселесі өзекті екенін айтты.

«Шынымен, басқаша болмайды. Буллинг және кибербуллинг өте қауіпті болып бара жатыр. Ол балалардың психологиясын бұзатын, депутат Смышляева айтқандай, суицидке дейін апаратын жол. Сондықтан балаларды, әсіресе мектеп балаларын буллингтен және кибербуллингтен толық қорғайтын нақты норманы енгізу керек. Ешкімге қарамай. Бұл балалардың болашағы, балалардың өмірі, оны ұмытпауымыз керек», — деді ол.

Нұрлан Нығматулин осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдарға екінші оқылымға дейін жұмыс атқаруды тапсырды.

Комментарий