Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Өкілдік етудің де өз тәртібі бар

Елімізде әрбір азаматтың білікті заң көмегін алуына Конституциямен кепілдік берілген. Сондықтан, бұл мақаламызда көпшілікті сотта өкілдік ету нормаларынан хабардар етеміз. Сотта өкілдік ету заңдылығы Азаматтық процестік кодекстің 6-тарауымен айқындалған. Мысалы, 57-бап талабына сай, азаматтар сотта ісін жеке өзі немесе өкілі арқылы жүргізе алады. Оның іске қатысуы өкіл алу құқығынан айырмайды. Ал, заңды тұлғалардың істерін сотта заң, өзге де нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ, құрылтай құжаттарымен берілген өкілеттіктер шегінде әрекет ететін басшылары немесе өзге өкілдері жүргізеді. Бұл тұрғыда басшы сотқа қызмет бабы, өкілеттігін куәландыратын құжаттардың бірін ұсынуы тиіс.

Сотта тапсырма бойынша өкілдік етуге адвокаттар, заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдар және аумақтық бөлімшелердің істерінде олардың жұмыскерлері, заң консультанттары палатасының мүшелері құқылы. Өкілдің процестік өкілеттіктері тиісті түрде ресімделген сенімхатпен расталуы шарт. Адвокаттың осы Кодекстің 60-бабының бірінші бөлігіндегі процестік әрекеттерді жасау өкілеттігі сенімхатта нақты көрсетіледі.

59-баппен анықталғандай, судьялар, тергеушілер, прокурорлар және депутаттар, сонымен бірге заң талаптарын бұзған адвокаттар мен заң консультанттары палатасының мүшелері сотта тапсырма бойынша өкілдік ете алмайды. Бұл қатарға тағы кімдердің кіретіні аталған баптың 3 бөлігімен жан-жақты сараланған. Тапсырма бойынша өкілдерді шеттеткен кезде сот басқа өкілдің өкілеттігін ресімдеу және оның іс материалдарымен танысуы үшін бес жұмыс күнінен аспайтын мерзім белгілейді.

Енді тапсырма бойынша өкілдік ететін өкілдің құқықтарына тоқталсақ, ол – талап қою арызына қол қоюға, iстi төрелікке, «Астана» халықаралық қаржы орталығының сотына беруге, татуласу, дауды медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасуға құқылы. Сонымен қатар, оның талап қоюдан немесе талап қоюды танудан толық не ішінара бас тартуға, талап қою талаптарының нысанасын ұлғайтып, азайтуға, негізін өзгертуге, өкілеттіктерді басқа тұлғаға сеніп беруге, сот актісіне апелляциялық, кассациялық тәртіптермен шағым жасауға құзыры бар. Бұған қоса жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актісін қайта қарауға арыз беріп, сот актісін мәжбүрлеп орындатуды талап ете алады. Яғни, осы Кодексте көзделген барлық процестік әрекетті жасауға құқылы.

Өкілдің өкілеттіктері заңды түрде ресімделген сенімхатпен расталады. Сенімхат сотқа жазбаша нысанда немесе сенім білдірушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі. Ал, кәсіптік одақтар мен басқа да ұйымдардың уәкілетті өкілдері АПК-нің 58-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) тармақшаларына сәйкес құжаттарды сотқа ұсынады. Адвокаттың нақты істі жүргізу өкілеттігі адвокат куәлігімен және қорғау туралы жазбаша хабарламамен расталады, бұған қоса 60-баптың бірінші бөлігінде көзделген процестік әрекеттерді жасауы сенімхатпен куәландырылады. Заңды тұлғаның атынан сенімхатты тиісті басшы немесе уәкілеттігі бар өзге тұлға береді. 58-баптың бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көрсетілген өкіл заң консультанттары палатасына мүшелігін растайтын құжат ұсынады.

Айта кетерлігі, сотта сенімхат бойынша өкілдік етуге құқылы тұлғалар «Сот кабинеті» арқылы сотқа талап қою арызын жолдағанда процестік заң нормасын басшылыққа алады. Арызға өкілеттігі жоқ адам қол қойса, бұл талап қою арызын қайтаруға негіз болады. Алайда, арызды қайтару талап қоюшының сотқа қайта жүгінуіне кедергі келтірмейді.

Заңды өкілдер 62-баппен анықталған. Мәселен, әрекетке қабілетсіз, кәмелетке толмаған және сот тәртібімен әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың заңды өкілдері, яғни, ата-аналары, асырап алушылары, қамқоршылары, патронат тәрбиешілері немесе оларды алмастыратын басқа да тұлғалар қорғайды. Бұл үшін олар сотқа өздерінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттарды өткізеді.

Тағы бір айтарлығы, іске қатысуы тиіс азамат хабарсыз кетті деп танылған болса, оның орнына мүлкіне қорғаншылықты жүзеге асыратын адам өкілдік етеді. Ал, қайтыс болған адамның мұрагері қатысуы тиіс болып, бірақ, мұраны ешкім қабылдамаған жағдайда мұрагерлік мүлік өзіне сенімгерлік басқаруға берілген азамат мұрагердің өкілі ретінде әрекет ете алады. Заңды өкілдер барлық процестік әрекетті заңда көзделген шектеулермен өкілдік етушілердің атынан жасайды. Әрі олар істі сотта жүргізуді басқа өкілге тапсыра алады. Заңды және тапсырма бойынша өкілдік ететіндер процестік әрекеттерді өзі өкілі болып отырған адамның мүддесімен санасып, оның келісімімен ғана жасайды.

 

Ғалия Оңланбекова,

Алматы қаласының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Комментарий