Жаңалықтар | Новости

Менің отбасым-менің қорғаным

Өмірде әрбір адам баласы бақыт дегенді әрқалай түсінеді. Бірі әлемді саяхаттау кезінде өзін ең бақытты жан сезінетін болса, ал енді бірі үшін сәбиінің күлкісі мен ата-анасының денсаулығы ең басты бақыт болуы мүмкін.

Мен үшін басты бақыт — өзім тәрбиеленіп-өскен, әрі ер жеткен соң өзім құрған отбасым, олардың амандығы. Осы қағаз бетіне өзім құрған отбасым туралы жазуды жөн көрдім. Өмірдің әрбір сәті тарих. Менің отбасымның да өз құрылу тарихы бар…Бүгінгі таңда біз жас отбасымыз. Біздің шағын мемлекетіміз 2021 жылдың сәуір айында құрылған болатын.

2021 жылы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының магистратурасын тамамдаған соң СҚО бойынша ҚАЖД қарамағына қызметке келдім. Бұйрықпен «ЕС-164/1 мекемесі» РММ арнайы контингент арасындағы тәрбие және әлеуметтік психолгиялық бөлімінің бастығы лауазымына тағайындадым. Жұмыстың қыр-сырымен танысып, барлық назарым жұмысқа ауыған сәтте, жеке өмірімде үлкен өзгерістер орын алды. Бұл мекемеде мен тек ұйымшыл ұжымды, бір-бірі үшін шын қуана білетін, қиын сәтте қол ұшын созуға дайын әріптестерімді ғана емес, әрі өзімнің болашақ жарым Мағауияны жолықтырдым.

Әрқашан өз жарымның иманды, тәрбиелі, салмақты болғанын қалайтын едім. Әрі өзім ауылда туып-өскендіктен, ер-жігіттің қазақи тәрбие көріп, оның өз ана тілінде сөйлеп, қазақтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын білгендігін бағалайтын едім. Жарымның бойынан бірден осынау асыл қасиеттерді байқадым.

Жарым, туған сәттен бастап ата-әжесінің қолында тәрбиелініп, әжесінің сүймелдеуімен бала күнінде медреседе білім алған. Оның өмірлік ұстанымы өмірде ешкімнің ала жібін аттамау, әрі кішпейіл болу. Қазіргі таңда, адам бойындағы таптырмас асыл қаситеттердің бірі емес пе?

Екеуміздің арамызда сүйіспеншілік, сыйластық, түсініспеншілік сезімдері пайда болған соң көп ұзамай отбасын құруға шешім қабылдадық.

Негізінен, полиция қызметкері болу екеуміздің де бала күнгі арманымыз. Ол бала күнінен жол полициясы болуды армандаса, мен де халқыма қызмет етіп, өз өмірімді қоғамдағы құқық бұзушылықтармен күресуге арнағым келетін еді. Қазіргі таңда, жарым Жақсыбаев Мағауия Петропавл қаласының полиция батальонының қару-жарақ қоймасының меңгерушісі лауазымында қызмет атқарады. Демалыс, әрі мереке күндері қала тыныштығы мен тәртібін қамтамасыз ету мақсатында патрульге шығады.

 

Полиция қызметкерлері – бұл өз уақыты мен жеке мүдделерін, ниеттерін құрбан етіп, өз өмірін мемлекет пен халыққа қызмет етуге арнаған жандар.

Ішкі істер органдарының қызметкері болу, үлкен жауаптылықты талап етеді. Көп уақытымыз қызметте өтетіндіктен отбасылық іс-шараларға, мерекелерге әрдайым бірге бару мүмкін бола бермейді.

Қызметтің қиын тұстарын білгендіктен әрдайым бір-бірімізге қолдау болып, түсініспеншілік танытуға тырысамыз. Барлық негативті жұмыста қалдырып, үйге келгенде жұмыс жайлы емес, тиісінше өз мақсаттармыз, келешегіміз, армандарымз туралы сөйлескенді ұнатамыз.

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» дегендей қызметтен тыс отбасымның ұйытқысы болып, ерімнің алдындағы міндеттерді орындауға барынша күш-жігерімді жұмсаймын.

Жарымыз екеуміздің ұқсас мінездеріміз біздерді әрдайым жақын етеді. Атап айтсақ, ол еңбекқорлық, алға қойған мақсаттарға ешбір қиындыққа қарамай ұмтылу. Сонымен қатар бізідң ортақ сүйікті ісіміз — ол спортпен айналысу. Мағауия бала кезінен спорттың каратэ, таэквандо түрлерімен айналысқан. Осы жолда біраз жетістіктерге жеткен. Ал мен жеңіл атлетикамен шұғылданған болатынмын. Демалыс күндері бос уақытымызда үстел теннисін ойнап, қашықтыққа жүгіреміз. Бізідің таңдауымыз — салауатты өмір салтын ұстану. Дені сау ұрпақ әкелу үшін, өз әдеттермізге, олардың дұрыс болуына көп көңіл бөлеміз.

Бізде болашаққа деген мақсат көп, сол мақсаттарға жету үшін бір-бірімізге сүйеу болып, қол ұшын беруге дайынбыз. Бір ұғынғаным, адам өз отбасында бақытты болуы керек. Сонда ол айналасындағы адамдарға да бақыт сыйлай алады. Жұмысына жақсы көңіл-күймен келіп, өз қызметіне де құлшыныспен қарайды.

Тағдырдың маған берген ең басты сыйы – ол менің отбасым деп білемін. Осындай сыйды өмір бойы сақтап қалу үшін ең алдымен оны бағалай білу керек. Әрі үнемі өзіңнің санаңмен, ақыл-ойыңмен жұмыс жасау керек. Біз қанша жыл отасса да бірлігі мен берекесі таймаған, күннің шуағындай жылылығымен баурайтын отбасыларды үлгі тұтамыз.

Мақаламды аяқтай отыра, барша қазақстандықтарды Отбасы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасы күні мерекесі – бұл түсінісу мен көмектесу, ересектер мен балалар арасындағы достық, жақын жүректердің бірлесу мерекесі. Тәрбие көзі отбасынан басталатындықтан, сіздерге шынайы отбасылық бақыт, шаңырақтарыңызға бірлік пен береке, шаттық тілеймін.

 

 

«ЕС-164/1 мекемесі» РММ

арнайы контингент арасындағы

тәрбие және әлеуметтік-психологиялық

жұмыс бөлімінің бастығы

әділет капитаны

Манар Қабай

Комментарий