Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Судьялар Одағына – 25 жыл

Биыл Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының 25 жылдық мерейтойы. Одақтың құрылуын судьялар өміріндегі тарихи оқиғаға теңеуге болады. Өйткені, осы қоғамдық бірлестіктің сот реформаларын жүзеге асыру, заңнамаларды жетілдіру, сондай-ақ, кәсіби судьялар корпусын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сынды көптеген маңызды мәселелерді шешуде ролі жоғары.
Әрине, мұның бәрінде төрт жыл сайын ұйымдастырылатын Судьялар одағы съездерінің айрықша ықпалы бар. Олай дейтініміз, алқалы жиындарда заң үстемдігін қамтамасыз етудегі ауқымды проблемалар көтеріліп қана қоймайды, сонымен бірге, нақты ұсыныстар ортаға салынып, оларды жүзеге асырудың жүйелі жоспарлары жасалады. Бүгінге дейін атқарылған игі істер мен жеткен жетістіктер сол жоспарлардың жемісі десек қателеспейміз.
I съезд 1996 жылы 19 желтоқсанда өтсе, осы басқосуда Судьялар одағы қоғамдық бірлестік ретінде құрылды. Соған орай, Судьялардың әдеп кодексі мен одақтың филиалдары жөніндегі ереже қабылданды. Яғни, тұңғыш съезд соттардың тәуелсіздігі мен имиджін нығайтуға бағытталды. Ал, II съезд Халықаралық Орталық Азия судьялар қауымдастығы мен Халықаралық заңгерлер одағына кіруге шешім қабылдануымен, сондай-ақ, ҚР Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы заңның жаңартылуымен ерекшеленеді.
ІІІ съезде алға қойылған міндеттер саладағы реформаларға жаңа серпін беріп, соттардың беделін одан әрі нығайта түсті. Сонымен бірге елімізде соттарды мамандандыру бастамасы көтеріліп, қолға алынды. IV съезде сот төрелігін одан әрі жетілдіріп, сот ісін жүргізуді оңтайландыру, кадрлық әлеуетті нығайту, судьялыққа үміткерлерді іріктеуді қатаңдату жайлы ұсыныстар көп талқысына ұсынылды. Осыдан кейін қамаққа алу санкциясы соттардың құзырына беріліп, алқабилер мен медиация институттары өмірге енді.
V съезд 2009 жылы 18 қарашада өтті. Онда бұған дейін атқарылған шаралардың нәтижесінде Қазақстанның сот жүйесі халықаралық стандарттарға жақындағаны айрықша аталды. Қазақстанның Судьялар одағы Халықаралық судьялар қауымдастығына толыққанды мүше болды.
VI съезде еліміздің Қылмыстық, Қылмыстық процестік, Қылмыстық атқару, Азаматтық процестік кодекстерін толықтыру, жүйе жұмысына озық технологияларды енгізуді одан әрі жандандыру шаралары ұсынылды. «100 нақты қадам» бағдарламасына орай, барлық сот процестерін бейне және аудио таспаға жазу қолға алынды. Жоғарғы Сот жанынан Халықаралық кеңес құрылды. Тергеу судьялары іске кірісті. 2016 жылы «Жоғары Сот Кеңесі туралы» жаңа заң қабылданып, «ҚР сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» заң толықтырылып, өзгертілді.
VII съездің де сот билігіне әкелген жаңалығы жетерлік. Мәселен, Бангалорлық қағидаттар басшылыққа алынып, судьялардың құзыреттілігі мен ынтасына қатысты мінез-құлық қағидасын қамтитын жаңа Әдеп кодексі қабылданды. Инвестициялық дауларға қатысты сот ісін жүргізу жолға қойылып, азаматтық-құқықтық дауларға прокурордың қатысуы қысқартылды. Пандемиялық жағдайға орай онлайн өткен VIII съезде де сот төрелігінің міндеттеріне сындарлы талдау жасалды. Мәселен, сала жұмысын өркениет көшіне сай дамыту, судьялардың жауапкершілігін арттырып, тәуелсіздігін одан әрі нығайту, кейбір қылмыс түрлеріне берілер жазаларды барынша қатайту, судьялыққа кандидаттарды іріктеу шараларын күшейту талқыланды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бізге де дамыған мемлекеттердегі сияқты судьяларға қойылатын талаптардың ең жоғары тәжірибесін алуды ұсынды.
ҚР Жоғарғы Сотының «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасы саланы жаңа белеске көтерді. Съездерде мақсат етілген міндеттерді орындау, кадрлық іріктеу, жүктемені азайту, жұмысты оңтайландыру, жалпы алғанда, сот қызметіндегі оң өзгерістерге көпшілік куә.
Жоғарыда айтқанымыздай, мұндай игі істердің жүзеге асуына ҚР Судьялар одағының үлесі зор. Одақ өз жұмысын бастағалы соттардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мен судья тәуелсіздігінің кепілі ретінде әлеуметтік мәселелерді шешуді назардан тыс қалдырған емес.
Қазақстан Республикасының Судьялар одағы Халықаралық судьялар қауымдастығының жұмысына да белсенді атсалысып келеді. Бұған елімізде Халықаралық судьялар қауымдастығының 62-отырысының өтуі дәлел. өтті. Қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру мен сот төрелігіне сенімді қалыптастыруда алар орны айрықша бірлестіктің, яғни, Қазақстан Судьяларының қара шаңырағы саналатын Одақтың ширек ғасырлық мерейтойымен барша әріптестерімді құттықтаймын! Адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуы жолындағы еңбектеріңізге сәттілік тілеймін.

Шынар Ргебек,
Қазыбек би аудандық сотының судьясы
Қарағанды облысы

 

Комментарий