Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЖаңалықтар | Новости

Сәт ТОҚПАҚБАЕВ, генерал-полковник: «ЕЛ ТАҒДЫРЫ ҮШІН ӘР ҚАЗАҚ ЖАУАПТЫ»

– Сіздің өмір тарихыңызға қарап отырсақ, колхоз жұмысшысынан бастап генерал-полковник шеніне дейінгі үлкен тәжірибе мектебінен өтіпсіз. Қарапайым ауыл азаматы мұндай биікке қалай жетті? Сізге не көмектесті? Тәрбие ме, орта ма, мақсат жолындағы табандылық па? Жалпы бала Сәт қандай еді?
– Бала кезімде қайтсем де барлаушы болам, органда қызмет етемін деген арманға ұмтылыс болды. Әлі есімде, анам таңғы сағат бес жарымда тұрып, біздің тамағымызды дайындап бергеннен кейін қызылша алқабында жұмыс істейтін. Таңнан кеткеннен кешке бір-ақ оралушы еді. Жаз айларындағы демалыс кезінде мен де бірге барып көмектесетінмін. Ол тұста арнайы техника жоқ, барлығы қолмен атқарылады. Анамның саусағының тілім-тілімі шығып, қанап тұратын. Анаммен бірге таңмен таласа тұрып, кітап оқып, сабаққа дайындалу сол кезден әдетіме сіңді. Қайтсем де университетке түсіп, заңгерлік білім аламын деген мақсат күні-түні тыныштық бермеді. Алайда армандаған оқуға екі жылдан кейін түстім. Оқып жүргенде топта, курста, факультетте туындап жататын мәселелерге бейтарап қарамай, қоғамдық жұмысқа белсене араласып, факультеттің комсомол комитеті хатшысының орынбасары болдым. Бұл мені адамдармен еркін араласып, кез келген ортада өз ойымды батыл айтуға, ресми сөйлеуге үйретті. Осының бәрі мен үшін үлкен тәрбие мектебі болды. Оқуды тамамдауға жақындағанда прокуратурадан, ішкі істер органдарынан арнайы өкілдер келіп, әрқайсысымызбен әңгіме құрып, бізді өздеріне қызметке шақыра бастады. Мен бірден Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жұмысқа тұрам дедім. Олар маған прокуратураға баруға кеңес беріп, сол арқылы бұл салаға келе алатынымды айтты. Осы кеңесті тыңдап прокуратураға келдім. Онда да қызметтік міндетіммен бірге қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрдім. Осылай менің құқық қорғау саласындағы еңбек жолым басталды. Капитандық шеннен генерал-полковникке дейін жеттім. Қызмет баспалдақтарымда тағдыр маған тәуелсіз еліміздің Ұлттық қауіпсіздік қызметінің негізін қалау, Қорғаныс министрлігінің шаңырағын көтеру секілді қиын да жауапкершілікті миссияны абыроймен атқаруды нәсіп етті. Осының бәріне мен секілді қарапайым колхозшының баласы еңбектің, ізденістің, табандылықтың, қызметтік міндетке, ел алдындағы парызға адалдықтың арқасында қол жеткізді. «Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді» демекші, кез келген сала үшін білікті, жауапкершілігі жоғары, іскер, бастамашыл маман ауадай қажет. Осындай талаптарға сай келіп жатсаң сенің жерде қалуың, назарға ілінбеуің мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі жастарға өз салаңның барлық қыр-сырын меңгерген, жаңалықтарын жылдам игеріп алатын, икемді, қысқасы, қажетті маман бола біл дегім келеді. Сонда көке, жәке жайлы әңгіме тумайды. Сені жібермеуге, ұстап тұруға, жауапты істердің тізгінін беруге мәжбүрлік өзінен-өзі туындайды.
– Өзіңіз айтқандай, тәуелсіздікті нығайтудағы қауырт шаралардың басында тұрған тұлғалардың бірісіз. Кеңес Одағының шекпенінен ең соңғы боп шыққан елміз. Мұның себебі неде?
– Одақтас республикалардың барлығы қыркүйек айында тәуелсіздігін жариялап жатты. Бұл ретте онсыз да қолымызға тиетіні анық болып тұрған тәуелсіздіктен айырылып қалмау басты мақсат болды деп ойлаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың Одақ басшылары алдындағы беделі өте жоғары болды. Беловеж орманында өткен одақтас республикалар басшыларының кездесуінде оған «Қайта бірігіп, Кеңестік Одақты жаңғыртайық, Сіз соның Премьер-Министрі болыңыз» деген ұсыныс айтылды. Ол бірден бас тартты. Егер ол келіскен жағдайда біз тәуелсіздік алмайтын едік. Елбасы сол кездегі үрдісті, қандай тактика жасалып, стратегиялар белгіленіп жатқанын өте жақсы білді. Қанша дегенмен Ресей біздің қай жағынан болсын одақтасымыз және үлкен держава, әлеуетті күш. Көршілігіміз тағы бар. Мұны Назарбаев бәрімізден артық біліп, зерделеді. Сондықтан ол сақтық жасады деп ойлаймын. Оның қазақтың ұлы, өз Отанының шын патриоты ретінде тәуелсіздікті жан-тәнімен қалағаны белгілі. Мұны өзіне ұсынылған лауазымнан бас тартуынан-ақ бағамдауға болады. Назарбаев бұған келіссе Одақтың қайта жанданып, еліміздің егемендігі арманға айналатынын білді. Сондықтан бас тартты. Ел тәуелсіздігінің өзге елдерден кеш жариялануының сыры осында деп ойлаймын.
– Еліміздің күштік құрылымдарының негізін қалаушылардың бірісіз. Бәрін басынан бастау оңай болмаған шығар?
– Иә, тәуелсіздікті бекіту үшін алдымен күштік органдарды құру керек болды. Елбасы бірден маған осы істі өзің қолыңа ал, не істеу керек екенін, қандай көмек қажеттігін айт деді. Мен Ресейдің үлгісін ұсынып едім, ол бірден қарсы болды. Сосын күштік құрылымдардың тәуелсіз органдарының үлкен мектебі қалыптасқан АҚШ-қа тиісті адамдарды жіберіп, олардың үлгісін зерттеп, зерделеп, үйрену жөнінде пікір айттым. Назарбаев бірден құптады. Осыдан соң Сыртқы істер министрлігіне шығып, барлау қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшыларынан құралған іскерлік топтың АҚШ-қа сапарын ұйымдастыру туралы мәселе қойдым. Осылайша арнайы қызметтердің басшыларымен жолықтық. Ол кезде бұл елдің Президенті Билл Клинтон болатын. АҚШ-тың арнайы қызметтерінде теңіз жаяу әскері, Президенттің күзет қызметі болады екен. Бізде ондай жоқ. Мен Президентке осы қызметтерді қамти отырып, айрықша маңызды нысандарды қорғайтын гвардия құру туралы ұсыныс айттым. Бұл ұсынысым қолдау тауып, елімізде алғаш рет осындай құрылым жасақталып, оны өзім басқардым.
– Еліміздің қарулы күштерінің қалыптасуында да Сіздің қолтаңбаңыз бар…
– Иә, бір күні Елбасы жеке телефонға қоңырау шалып, «Сен әскерде азаматтық борышыңды өтедің бе?» деп сұрады. «Мен Гвардияның бас командирімін ғой» дедім. Телефонның тұтқасын тастай салды. Сол кезде ол еш ойланбастан мені Қорғаныс министріне тағайындау туралы шешімге келген екен… Кеңес Одағының негізгі саясаты АҚШ-қа, Қытайға қарсы болды ғой. Соған байланысты әскерлер Қазақстанның шығысында шоғырландырылды. Себебі, Қытай соғыс ашатын болса, әскердің дайын тұруы қажет болды. Мен Қорғаныс министрі болған соң бұл саясатты түбегейлі өзгертіп, әскерді еліміздегі Каспий теңізі секілді экономикалық маңызды аймақтарға орналастыруға кірістім. Өйткені, оларда сол кезде бір де бір солдат болмады. Кей өңірлерде ғана ішкі істер бригадалары бар еді. Сондықтан мен әскерді қайта орналастыруды мақсат еттім. Назарбаев бұл шешімнің көршілес елдер мүддесіне кері әсер етуі, көңіліне кірбің түсіруінен қауіптенді. Мен мұның алдын алу үшін төрт яғни, оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс округтерін құру туралы ұсыныс айттым. Ол қолдады. Осының арқасында біздің Қарулы күштерге қатысты саясатымызға көршілес елдер тарапынан наразылық болған жоқ. Жұмысты осылай бастадық. Министр болған соң үш ай бүкіл әскери бөлімдерді аралап шығып, сол кезде қарулы күштердің бізде аты ғана бар екеніне көзім жетті. Әскерлерде оқ та жоқ. Қолда бар техниканың 98-99 пайызының тозығы жеткен, еш кәдеге жарамайды. Әскерилерге үнемі жаттығу керек. Ұшақ ұшпаса, танк жүрмесе, мылтық атылмаса олар не істейді? Екі жылды босқа өлтіріп, құр ас ішіп, аяқ босатып қана жатады. Мұндай әскерден не пайда? 1999 жылы болу керек ұмытпасам, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде Қорғаныс саласын қайта құру мәселесі көтерілді. Мен сонда сөз сөйлеп, Қазақстанда қарулы күштерді реформалау емес, қалыптастыру керектігін, өйткені бізде мұндай әлеуеттің жоқ екендігін айттым. Барлығын дәлелмен келтіріп, егер жеткілікті қаржы бөлінбесе, бәрінің бос сөз болып қалатынын ортаға салдым. Әрине, қарсы пікірлер айтылды. Мені бірақ Елбасының өзі қолдап, сол жиында жалпы ұлттық өнімнің бір пайызын қарулы күштерге бөлу туралы тарихи шешім қабылданды. Осының арқасында еліміздің қорғаныс саласының біраз мәселесі шешілген еді. Қазір енді Қарулы күштерге жалпы ұлттық өнімнің 2,2 пайызы бөлінетін болды.
– Өкінішке орай, бүгінде осындай қыруар қаржы бөлініп жатқан Қорғаныс саласы жемқорлықтың ошағына айналған сияқты. Бұрын әскерге барғыза алмайтын болсақ, қазір оған іліну қиын болып кетті. Себебі, әскерилер үшін баспана мәселесі шешілген. Бір қаладан екінші қалаға көшкен әскерилердің отбасы үшін жанбасына төленетін көмек қаржы тағы бар. Бірақ бұл жағдай әскердің қуатын арттыруға қызмет етпей жатқандай әсер қалдырады… Келісесіз бе?
– Мен мұнымен келісе алмаймын, өйткені, менде расталған ақпарат жоқ. Егер ондай күдік туса, оны құзырлы орындар тексеріп, анықтап, айыптыларды тұтқындап, соттау керек. Сыртта отырып мен ондай баға бере алмаймын.
– Табиғи емес, техногендік апаттардың орын алуы жауапсыздық, біліксіздік, жемқорлықтың салдары емес пе? Ең өкініштісі соның себебінен бейбіт халық зардап шегуде. Ажал құшып жатқандар қаншама?
– Менің ойымша, Байзақтағы жарылыстың орын алуына қару-жарақ құрамының дер кезінде тексерістен өткізіліп, тазаланбауы себеп болды. Арыстағы жағдайдан кейін біздегі қару-жарақ қоймалары қатаң бақылауда болуы керек еді. Министр болған кезімде бірден қару-жарақ қоймаларын тексертіп, тазарттыра бастаған едім. Қарудың арасында Ұлы Отан соғысынан бері сақталып келе жатқандары бар екен. Негізі осындай тексеру тұрақты түрде жүріп, жарылғыш заттардың мерзімі өткендері залалсыздандырылып, жойылып отыру керек. Мен сонда қауіптілерін шығартып, полигондарға жарғызып тастау керек деген ұсыныс айтқанмын. Соны жасаймыз деп жүргенде басқа қызметке кеттім. Өзімнен кейін келгендерге ескерткем, әсіресе, оңтүстік өңірдегі қару-жарақ қоймасын уақыт оздырмай тазалау қажеттігін қатты тапсырған едім. Ал, Тараз маңындағы жарылысқа келсек, министр бірден отставкаға сұраныпты. Ол бұған моральдық тұрғыда өзін кінәлімін деп сезінгендігі. Адам өлімі болған жерде, отставкаға кетсе де, зейнетке шықса да кімнің айыпты екенін құқық қорғау органдары шешеді. Қаншама азамат мерт болды. Талайы жараланды. Халық шошынып, тұрған жерінің қауіпсіздігіне сене алмайтын күйге түсті. Бұл жағдайдың себеп-салдарын құқық қорғау органдары анықтайды деп ойлаймын.
– Жалпы қорғаныс саласы мамандармен толық қамтамасыз етілген бе?
– Қорғаныс саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүруі керек. Мен Қорғаныс министрі болған жылдары әскери оқу орындарында оқытушы-профессорлық құрам да, оқулықтар да болмады. Ресейден, Әзірбайжаннан оқулық сұраттық. Амалсыздан лекция оқу үшін Ресейдің әскери оқу орындарынан академик, ғалымдар шақыртуға тура келді. Өзіміздің білікті мамандардың айтқандарын жазып алып, оқулыққа айналдыруға тапсырма берілді. Осылайша біртіндеп, отандық әскери білімнің негізін қалыптастырған едік. Қарулы күштерді нығайту үшін білікті кадрлар керек. Олар жаңа уақыттың талаптарына сай болғаны дұрыс. Қазір бұл бағытта жұмыс атқарылып жатыр деген ойдамын.
– Әскердегі әлімжеттікті қалай жоюға болады?
– Өз басым гвардияның бас командирі болған кезімде әлімжеттікті жою үшін жасырын сұрау жүргізуші едім. Онда жауынгерлер «командирлер, прапорщиктердің моральдық келбеті қандай, өз міндеттерін қалай атқарады» деген секілді сауалдарға аты-жөнін көрсетпей жауап беретін. Арнайы құрылған топ ең көп жағымсыз пікір айтылған қызметкерлерді анықтап, саралайтын. Оның қорытындысы біздің әскер құрамын теріс пиғылды, міндетіне адал емес жандардан тазалауға мүмкіндік беретін. Меніңше, армияда тәртіп орнатудың бір жолы осы.
– Қазіргі заманда ұлттың қауіпсіздігін қалай сақтауға болады деп ойлайсыз? Сіздіңше қазақ армиясына не жетпей тұр?
– Жуырда Мемлекет басшысы кезекті жолдауын жария етті. Онда елдігімізді, тұтастығымызды сақтап, дамудың, өркениетке жетудің барлық бағыты белгіленіп, басымдығы айқындалды. Енді тек соларды алаңдамай, жан-жаққа қарамай жүзеге асыру керек. Оған толық мүмкіндік бар. Бұрын анау жетпеді, мынау жетпеді дейтінбіз. Қазір халықтың жұдырықтай жұмылып, өз тағдырына өзі қожа болып, өмірінің сапасын арттыруына барлық жағдай жасалып жатыр. Мысалы, ауыл тұрғындары өз әкімін сайлай алады. Бұл халықтың өзін-өзі басқаруына, ұлт тағдыры үшін шешім қабылдауына беріліп отырған зор мүмкіндік қой. Ең бастысы, немқұрайдылық танытпай, белсенді бол. Ауылыңа келетін әкімнің іскер, білікті басшы болуына атсалыс, оған көмектес, қаржының мақсатқа сай жұмсалуын бақыла. Жалғыз Президент емес, барлық халық ортақ мақсат жолында бірігу керек. Бұрынғы кемшіліктерді қазіргі күнге теліп, ренжи берудің қажеті жоқ, Енді тек сол қателіктерден сабақ алып, оларды қайталамауға тырысуымыз керек. Ол үшін ауызбіршілік, мықты ынтымақ керек. «Ырыс алды – ынтымақ». Расында бірлігіміз берік болса, біз алмайтын қамал жоқ. Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

 

Комментарий