Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Соттар жұмысын жаңа белеске көтерген Кодекс

Елімізде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа еніп, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттардың жұмыс істегеніне екі айдан асты. Әкімшілік іс жүргізуде ең маңыздысы сотқа дейінгі іс жүргізу десек, бүгінгі құқықтық саясат дауларды мүмкіндігінше соттан тыс реттеуге бағытталған. Соған орай, жаңа заң азаматтардың және мемлекеттік органдардың мүдделерін үйлесімді қорғау, судьяларға процестік еркіндік беру және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру мақсатын көздейді.

Бұл мақалада халықты әкімшілік рәсім жайлы, оны қозғауға, тіркеп, есепке алуға, тоқтатуға негіз болатын, т.б. заңдылықтардан хабардар етеміз. Алдымен әкімшілік рәсім ұғымына келсек, ол – әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, шешім қабылдау және орындау жөніндегі, жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын қызметі. Сондай-ақ, бұл қызмет оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен де жүзеге асырылады.

Әкімшілік рәсім жолданым және әкімшілік орган немесе лауазымды адамның бастамасымен қозғалады. Жолданымға қойылатын жалпы талаптар 63-бапта көрсетілген. Мәселен, ауызша нысанда берілген жолданым оны қабылдаған лауазымды адам немесе әкімшілік органның жұмыскерімен жеке хаттамаға енгізіледі. Ал, жазбаша немесе электрондық құжат нысанында берілген жолданымда жеке тұлға жайлы мәліметтер жазылады. Сондай-ақ, әкімшілік органның атауы, лауазымды адамның аты-жөні, жолданымның мәні, берілген күні, арыз иесі немесе оның өкілінің қолы, т.б. мәліметтер көрсетіледі. Айта кетерлігі, ел заңдарына сәйкес, әкімшілік рәсім ақылы негізде жүзеге асырылса, арыз иесі төлемді растайтын құжатты ұсынады.

Жолданымды қабылдау, тіркеу, қайтару және кері қайтарып алу нормалары 64-баппен нақтыланған. Осы баптың 1-бөлігіне сай, белгіленген тәртіппен берілген жолданым міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады. Жолданым мемлекеттік, сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқару органына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға түссе, оның қабылданғандығы туралы арыз иесіне бірегей нөмірі бар талон беріледі. Жолданым осы Кодекстің 63-бабында белгіленген талаптарға сай болмаса, әкімшілік орган өкілі, лауазымды адам арыз иесіне кемшілікті көрсетіп, оны түзеу үшін ақылға қонымды мерзімді белгілейді. Арыз иесі ескертуді белгіленген мерзімде талапқа сәйкестендірмесе, жолданым қайтарылады. Ескерерлігі, жолданымды қайтару қайта жүгінуге кедергі келтірмейді. Оны уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды адамға әрі қарай жолдау заңдылықтары 65-бапта қарастырылған.

Кодекстің 68-бабы бойынша әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік ісін жеке өзі, өкіл арқылы немесе онымен бірге жүргізуге құқылы. Бұл туралы әкімшілік органға, лауазымды адамға ауызша нысанда хабарлайды. Әкімшілік орган, лауазымды адам өкілдің өкілеттігін жазбаша нысанда ресімдеп, оған өкілдік беруші қол қояды. Тағы бір айта кетерлігі, әкiмшiлiк рәсімді жүзеге асыратын әкiмшiлiк органның лауазымды адамы немесе

қызметкерi өкiл бола алмайды. Өкiл шеттетілген кезде үш жұмыс күні ішінде басқа өкілдің өкілеттігі ресімделеді.

69-баптың 3-бөлігінде көрсетілгендей, мемлекеттiк, сондай-ақ, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғалар келіп түскен өтiнiштерді тіркеу, есепке алу, «Электрондық жолданымдар» ақпараттық-талдау жүйесiн жүргiзуді, яғни, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi заң тәртібімен өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады. Әкімшілік рәсімнің қандай жағдайларда тоқтатылатыны 70-баппен сараланған. Қысқа айтсақ, әкімшілік орган немесе лауазымды адамның жолданымда көрсетілген нысанаға, әкімшілік рәсімге қатысушыға қатысты іс бойынша шешімі, сондай-ақ, соттың заңды күшіне енген сот актісі, т.б. Республика заңдарында көзделген өзге де негіздер бар болса, әкімшілік рәсім тоқтатылады. Әкімшілік рәсім әкімшілік органның, лауазымды адамның шешімімен тоқтатылып, бұл туралы үш жұмыс күнінен кешіктірілмей арыз иесіне хабарланады. Әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімге осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым берілуі мүмкін.

Оңайлатылған әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру тәртіптері 12-тараумен айқындалған. Мысалы, хабарламалар мен ұсыныстар, үн қосулар және сұрау салулар оңайлатылған тәртіпте қаралады және бұларды мемлекеттік, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғалар, олардың лауазымды адамдары жүзеге асырады. Хабарды, ұсынысты, үн қосуды, сұрау салуды қарайтын субъектілер мен лауазымды адамдар арыз иесін әкімшілік істі қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы хабардар етуге міндетті.

Биылғы «Болжалды сот төрелігі және Әкімшілік әділет жүйесін құру» жылы аясында бірыңғай сот практикасын енгізуге, дауларды сотқа дейін реттеу рәсімдерін кеңінен қолдануға басымдық берілуде. Бұл шаралар өз кезегінде соттардың жұмысын жаңа белеске көтерері анық.

 

Мұхит Мұқашев,

Маңғыстау облысының мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Комментарий