Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Жолдау жүктеген міндеттер ел көңілінен шықты

Өткен аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы кезекті Жолдауын жария етті. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі»  тақырыбын арқау еткен Жолдауда денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған көптеген мәселелер көтерілген. 

Әсіресе Жолдауда аталып өткен адам құқығы мәселесінің жыл сайын Жолдауда аталып өтіліп қана қоймай, уақыт өте аталмыш мәселенің шешімін табуына да мұрындық болып келе жатқаны маман ретінде көңілімнен шықты. Президентіміз «Мен адам құқығын қорғау саласын әрдайым жеке дара бөліп қарайтынымды білесіздер. Біз соңғы екі жылда бұл бағытта едәуір ілгері бастық. Биыл қаңтар айында мен Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы заңға қол қойдым. Енді Қылмыстық кодекстің нормаларын Екінші Факультативтік Хаттаманың ережелерімен үйлестіруіміз керек. Тиісті заң жылдың соңына дейін қабылданады деп сенемін.Осы жаздың басында менің Жарлығыма сәйкес Үкімет Адам құқығын қорғау жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Осы маңызды құжат Қазақстанда адам құқығын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін ұзақ мерзімді институттық негіз қалыптастырады» деді. Демек алдағы уақытта еліміздегі адам құқығы жетілдіріле бермек.

Сот саласының жетістігі де Жолдаудан қалыс қалмады. Жолдауда аталып өткендей «2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл институт мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастырады». Сондай-ақ азаматтардың құқығын қорғауда жетілдірілген жүйе қоғамымызда азаматтарымыздың құқығын қорғалуын бұрынғыдан да қолжетімді ете түсті. Сот қызметінің заманауи үлгісі енгізіліп, артық сот үдерістерінің қысқартылуы да уақыт сұрынасынан туындап отырған артықшылығымыз дей аламыз. Сондықтан Жолдау жүктеген міндеттер уақытылы орындалып, Халқымыздың құқығын қорғау уақыт сұранысына сай бейімделуде деп айта аламыз.

Алдағы уақыттарда да сот саласы ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етіп, азаматтарымыздың сотқа деген сенімін арттыру жолында дами бермек.

Абдолданова Рабиға Зауатбековна, Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық сотының судьясы 

Комментарий