Жаңалықтар | Новости

Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтерудің ашық жүйесі жоқ — депутат

Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов министрліктердің ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) анықтау мәселесіндегі енжарлығы кедейлік пен теңсіздіктің өсуіне алып келетінін, елде ЕТЖ-ні арттырудың ашық жүйесі жоқ екенін мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Вице-премьер Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында мәжіліс депутаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдағанын еске салды.

«Ең төменгі жалақының өсуі, біз көріп отырғандай, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ұлттық экономика министрлігі ұсынатын үкіметтің тұрақты жүйелі жұмысының нәтижесі болуы керек еді. Бүгінде Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық шындық пен қажеттіліктерге байланысты ең төменгі жалақыны жоғарылату туралы шешім қабылдаудың әдістемелік негізделген, ашық және айқын жүйесі жоқ.

Егер шенеуніктер мен министрліктер ведомстволардың мамандарынан ЕТЖ неге дәл 42 500, 60 000 теңге екенін сұраса нақты, дәлелді жауап ести алмайды. Олар ЕТЖ неге үш жылда бір рет көтеріліп, азық-түлік пен қызметтер, коммуналдық тарифтер күн сайын қымбаттайды деген сұрақтың өзіне нақты жауап бере алмайды», — деді Ерлан Смайлов Мәжіліс отырысында.

Депутаттың айтуынша, «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің енжарлығы мен әрекетсіздігі, олардың осы мәселеге деген көзқарасының жүйесіздігі, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлауына, кедейлік пен теңсіздіктің өсуіне әкеп соқтырды».

Смайловтың айтуынша, бұл ретте министрліктерге және жалпы Үкіметке жағдайдан шығудың жолын өз бетінше іздеудің қажеті жоқ.

«Бұл жүйелі мәселенің шешімі бұрыннан белгілі және 1970 жылы қабылданған «дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» халықаралық еңбек ұйымының № 131 конвенциясын тез арада ратификациялау қажеттілігінен тұрады. Бұл конвенция жалдамалы қызметкерлерді негізсіз төмен жалақыдан қорғау жүйесін қалайды, сонымен қатар ең төменгі жалақыны белгілеу тәртібі туралы ұсыныстарды қамтиды.

Осы конвенцияның 3-бабында ЕТЖ деңгейін айқындау кезінде жұмыскердің өзін ғана емес, отбасының да қажеттіліктері ескерілуге тиіс, сондай-ақ елдегі жалақының жалпы деңгейі, өмір сүру құны, әлеуметтік жәрдемақылар және басқа да әлеуметтік топтардың салыстырмалы өмір сүру деңгейі ескерілуі керек делінген. Бұдан басқа, ЕТЖ деңгейін анықтау жұмысында экономикалық даму талаптарын, өнімділік деңгейін және жұмыспен қамтудың жоғары деңгейіне қолжеткізу және қолдау қажеттілігін қоса алғанда, экономикалық пікірлер болуы тиіс», — деп қосты ол.

Депутат есеп айырысудың екі нұсқасын ұсынды.

«Бірінші нұсқа — есептеулердің негізі ретінде жеткілікті тұтыну себетін алу. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл нұсқада, ЕТЖ мөлшерін есептегенде, министрліктер өз жоспарын ғана емес, сонымен қатар адамдардың қажеттілігін де ескереді, содан мүлдем басқа сома шығады. Мысалы, отандық заманауи қоғамды зерттеу институты әлеуметтік сауалнама жүргізіп, Қазақстандағы бір адамның қажеттілігіне айына 89 318 теңге қажет екенін анықтады.

Екінші нұсқа — ЕТЖ есептеу кезінде Кейтц индексін (Kaitz index) пайдалану. Бұл заңмен белгіленген ең төменгі жалақының орташа жалақыға қатынасын білдіретін экономикалық көрсеткіш. Халықаралық валюта қоры Кейтц индексінің ЕО елдері үшін орташа мәнін 60 пайыз деңгейінде қарастыруды ұсынады, ал Еуроодақтың көптеген елінде индекс осындай мәнге ие. Төменгі көрсеткіш орташа жалақымен салыстырғанда ресми ең төменгі жалақы деңгейін көрсетеді», — деді Ерлан Смайлов.

Қазақстанның Халық партиясының депутаттары:

  • Үкімет атынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қысқа мерзімде «дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» халықаралық еңбек ұйымының № 131 Конвенциясын ратификациялауға бастамашы болсын;
  • үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға сәйкес еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысының тиімділігі ретінде ЕТЖ-ны арттыру жөніндегі жұмыстың жүйелілігі мен әдіснамалық негізділігінің көрсеткішін әзірлесін және енгізсін;
  • Үкімет ел халқы табысының жыл сайынғы нақты өсу және оның өмір сүру сапасын арттыру көрсеткішін әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігі жұмысы тиімділігінің көрсеткіші ретінде енгізсін. Әзірленген көрсеткіштер жоғарыда көрсетілген министрліктердің жұмысын бағалау кезінде түйінді көрсеткіштердің бірі болуға тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бастамашыл болған және конвенцияны ратификациялау мерзімдері ұзартылған жағдайда, Қазақстанның Халық партиясы кәсіподақтар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің қолдауымен ХЕҰ-ның №131 конвенциясын ратификациялауға бастамашылық етеді.

Комментарий