Жаңалықтар | Новости

Қазақстандық QazVac вакцинасының штамм құрамы өзгеретін болды

Қазақстандық QazVac вакцинасының штамм құрамы өзгертіледі. Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Үкіметтің тапсырмасы бойынша «дельта» штамы ел аумағына кірген кезде, жұмыс басталды. Клиникаға дейінгі зерттеулер толығымен жануарларға жүргізілді және вакцинадағы штамм құрамын ауыстыру жануарларда жоғары нәтиже көрсетті», — деді Күнсұлу Закария ОКҚ онлайн-брифингінде.

Оның айтуынша, қазір ақпарат Денсаулық сақтау министрлігіне жіберілген және «вакцинаның келесі партиясындағы штамм құрамын ауыстыру бойынша бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр».

«Денсаулық сақтау министрлігі бұл қиын жағдайды түсініп, бұрын-соңды болмаған қадамға барады — ДДСҰ-дан кеңес алмай, тұмауға қарсы вакциналар тәжірибесі бойынша, жақын күндері «дельта» штамын ауыстыруға ресми рұқсат беріледі. «Ухан» коронавирусын «дельта» штамына ауыстырамыз, ол өте жақсы нәтиже көрсетті», — деп қосты Закария.

Оның айтуынша, штамды алмастыратын барлық сынақ екі ай бұрын жануарларға жүргізілген. Қорытындылай келе, ғалымдар препаратты сынап көрген.

«Қорғаныстың бірінші бағыты — тәуекелге баратын ғалымдар. Тәуекел үмітті ақтады, жақсы вакцина алынды, ол жақын арада жеткізіліп, шығарылады», — деді Күнсұлу Закария.

Айта кетейік, Қазақстанда QazVac вакцинасының клиникалық сынақтарының үшінші кезеңі аяқталды, нәтижелері шамамен алты айдан кейін белгілі болады.

Комментарий