Судья мінбері | Судебная система

ЖАҢАДАН ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗІЛЕТІН ӘКІМШІЛІК КОДЕКСТЕГІ ӘКІМШІЛІК РӘСІМДЕРДІҢ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДІҢ ҚАҒИДАТТАРЫ

Жақсылықов А.Б.

Глубокое аудандық сотының судьясы

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы № 350 –VI ҚРЗ Кодексі жарияланғаны белгілі.

Осы Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Аталған Кодексте әкімшілік рəсімдердің жəне əкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттары мен олардың мəні туралы толық жазылған.

6-баптағы Əкімшілік рəсімдердің жəне əкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттары мен олардың мəніне келетін болсақ, әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылуы қажет. Сонымен қатар, осы тараудағы белгіленген əкімшілік рəсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды жəне құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайтыны жазылған. Яғни, белгіленген əкімшілік рəсімдердің қағидаттардың орнына процестегі іске байланысты басқада қағидаттарды қолдануға болатындығы айтылады. Бұл негізінде әкімшілік процестерді қараудағы тиімді нәтижеге жеткізетіні сөзсіз.

Сонымен қатар, азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, əкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылуға болатыны көрсетілген. Аталған өзгерістер азаматтық іспен әкімшілік істің кіріктірілген үрдісінің жүзеге асырылуына жол ашады.

Сот ісін жүргізудің қағидаттарының бірі — әкімшілік рəсімдердің жəне əкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына жəне елеулі болуына қарай əкімшілік актілерді, əкімшілік əрекеттерді (əрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді. Бұл тараптардың құқықтарының қорғалып, сот істерінің тиімділігін арттырады [1].

Ал, 7-баптағы Заңдылық қағидатына келетін болсақ, сот ісін жүргізудегі ашықтықпен парасаттылыққа негізделген. Сонымен қатар, соттарға қойылатын талаптарда күшейтіліп, оларға деген жауапкершіліктердің салмағы артып отыр. Аталған баптағы Заңдылық қағидатында әкімшілік орган, лауазымды адам əкімшілік рəсімдерді өз құзыреті шегінде жəне Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске жəне Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сəйкес жүзеге асырады делінген. Яғни бір ғана әкімшілік кодекске ғана емес, сот істерін жүргізуде басқада нормативтік құқықытық актілерге сәйкес шешім шығаруға болатыны көрсетілген.

Бірақ, сот əкімшілік істерді қарау жəне шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдардың, осы Кодекстің, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, қолданылуға жататын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарын дəлме-дəл сақтауға міндетті деп айтылған.

Сонымен қатар, соттар адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға құқылы емес. Егер сот қолдануға жататын заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп есептесе, ол əкімшілік іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға жəне осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсынумен Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне жүгінуге міндетті. Сот Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің шешімін алған соң іс бойынша іс жүргізу қайта басталады. Негізінде, аталған бапта адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеу мәселесі бірінші орынға қойылған. Құқықтарына нұқсан келетіндей жағдай болса, сот ісін тоқтата тұру мәселесі көтерілген.

Өзгерістердің қатарында, әкімшілік істерді қарауға уəкілеттік берілген соттардың конституциялық емес деп танылған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген шешімдерінің күші жойылуға жататындығы жайында болып отыр.

Қазіргі таңда әкімшілік істерді қарау барысында даулы құқықтық қатынасты реттейтін құқық нормалары кейбір жағдайларға сәйкес келмей жатады. Осы негізде, даулы құқықтық қатынасты реттейтін құқық нормалары болмаған жағдайда, сот соған ұқсас қатынастарды реттейтін құқық нормаларын қолданады, ал мұндай нормалар болмаған кезде, дауды Қазақстан Республикасы заңнамасының жалпы бастаулары мен мағынасын негізге ала отырып шешеді деп көрсетілген[1].

Әкімшілік рəсімдердің жəне əкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарының тағы бір түрі 8-баптағы «Әділдік қағидаты». Аталған қағидатта сот әр істі әділдік пен ақылға қонымды етіп шешу керек деп ескертілген. Сонымен қатар, сот ісіндегі тараптардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуде қарастырылған. Аталған бапта әкімшілік орган, лауазымды адам жəне сот əкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, əкімшілік іске қатысушылардың əрқайсысына олардың əкімшілік істің мəн-жайларын жан-жақты жəне толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті екені айтылған. Сот істері мен шешімдері тараптардың барлығына түсінікті тілмен жазылуы тиіс. Егер заңда немесе дау тараптарының келісімінде тиісті мəселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мəселелерді əділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті [1].

Нәтижесінде, сот тараптардың тең емес мүмкіндіктерін ескере отырып, істің мән-жайын өз бастамасы бойынша зерттейді, тараптар түсіндірулермен, процеске қатысушылардың мәлімдемелерімен, дәлелдерімен және дәлелдемелерімен шектелмейді. Судья сот ісінде жіберілген ресми қателіктерді жоюға, түсініксіз шағымдарды айқындауға және нақтылауға, тиісті мақсатқа сәйкес мәлімдемелер беруде жәрдемдесуге, толық емес нақты мәліметтерді толықтыруға, сонымемен қатар, мән-жайларды анықтау мен бағалау үшін маңызды түсініктемелер беруге міндетті болып табылады. Судья қоғамдық құқықтық дауды шешкен кезде биліктің шешімдерін тек жалпы конституциялық қағидаттарына ғана емес, сонымен қатар заң жобасында ашылатын қағидаттарына сәйкестігін тексереді [2].

Еліміздегі әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі сот жүйесіндегі ашықтық пен жариялылықтың жүзеге асуына жол ашады. Азаматтардың құқықтарының қорғалып, сот істерінің әділ жүргізілуіне септігін тигізеді. Нәтижесінде әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды уақыты, формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, құқықтар басымдығының қағидаты жан-жақты қарастырылған. Ең басты қағидаттардың бірі-әкімшілік істерді жүргізуде соттың белсенді рөл атқаруы қажет екендігі көрсетілген. Судья сотқа түскен материалдарды толық зерттеп, қажет болған жағдайда қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинап, әділ, оъективті шешім шығаруы қажет.

 

Қолданылған құжаттар:

1. Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы № 350 –VI ҚРЗ Кодексі

2. Әкімшілік әділет жүйесін қалыптастыру қажеттіліктен туды, «Заң» газеті, 21 мамыр 2015 жыл

Комментарий