Жаңалықтар | Новости

Зайырлылық түсініктері туралы

Ислам шариғат, ахлақ және муамалат қабаттарынан тұрады. Үшеуі өзара тығыз байлансты. Себебі үш қабат та адамды орталыққа алады. Құқық — билік пен қоғамның, мемлекет пен халықтың арасындағы ең басты ұстаным. Халыққа өз құқы мен хақын білдіру, анықтау мемлекеттің міндеті. Мемлекет те нормаларының шегі мен шекарасын нақтылап, дәлелді уәжбен, ғылыми таным, зерттеулер негізінде алынған тұжырымдар арқылы қабылдатады. Мына қоғамда кім хақын білсе, талап етсе, сұраса, ол адамда «мен» деген азаматтық кісілік көрініс тапты деген сөз. Жалпы хақ сұрағандікі, яғни оның қажеттілігі мен талабына жауап беру де бүгінгі зайырлы, демократиялық мемлекеттің міндеті.

Сонымен «хаққ, хұқ (құқық)» деген сөздің мәні, мағынасы не? Араб сөзінен енген ұғым, термин бойынша, «белгілі нақты бір ережеге, нормаға сай болған нәрсе», яғни заң түрінде қабылданған нәрсе. Адамның қоғамға, қоғамның да адамға қатысты орындауы тиіс нәрселер хақ деп аталады. Яғни хақ дегеніміз рұқсат етілген нәрсе дегенді білдіреді екен. Ал енді сол нормалар қайдан алынады немесе норма, ережелер қалай пайда болады?

Хақ дегеніміз бір нәрсені орындау үшін азаматтың моральдық ерік-жігері мен қуаты, мүмкіндігі деген сөз. Сондықтан әрбір хақ-құқық азаматтан оның басқаларға қатысты міндетін орындауды талап етеді. Саяси тұрғыдан хақ — заң немесе нормалар арқылы берілген акция. Бұл жерде де ережелер мен нормаларға сай болу шарты бар. Сенім, ой, ождан, сөз еркіндігі, құқы деген сияқты адамның саяси, әлеуметтік хақтары осы қабаттарға тән. Енді осы хақтарды анықтайтын нормалардың барлығы, қоғамның тіршілігі мен қоғамдық қатынастарды реттеп, бақылап, жүйелеп отыратын ережелер мен заңдарды тұтастай құқық дейміз.

Құқық негізінен адамдардың бірге қоғамдасып тіршілік етуінің кепілі. Демек ол табиғи шарт. Сондықтан құқық қоғамда адамның қажеттіліктері мен қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі үшін бар деген сөз. Ал бүгінгі мемлекетіміздің конституциясында осы хақ-құқықтар салыстырмалы түрде қандай да бір басқа елдердің ережелері, нормалық сипаты жағынан ешқандай кемшілігі жоқ. Бірақ реттеу, қабылдату мен түсіндіру тұрғысынан кейбір мәселелер бар. Соның бірі – зайырлылық ұстанымы төңірегіндегі мәселе.

Зайырлылық ұстаным ретінде хақ туралы танымдар мен нормаларды қайта бағалау әрекеті негізінде өткен ғасырларда Батыс әлемінде тарих сахнасына шықты. Ал исламда зайырлылық таным, түсінігі адам мен әлем қатынасының хақы мен құқығы ретінде о бастан бар еді.

Ислам – табиғатынан зайырлы дін. Әрине қай мағынада зайырлы екендігі жеке өз алдына арнайы тақырып. Ол – дін мен дүние, Алла мен әлем, адам мен ақыретті өз алдына жүйелеп танытатын, қабылдайтын дін. Сондықтан зайырлылық, мемлекеттік институтқа ғана қатысты ұстаным, ол қоғамдық институтқа оның құндылықтық тұғырларына қатысты емес. Олай болмаса кешегі кеңестік атеизм ұстанымынан еш айырмашылығы қалмайды. Содан соң демократиялық елде адам құқы тең, оның кәсібіне, міндетіне, қызметіне, тегі мен дініне қарай құқы ерекшеленбейді. Құқық баршаға бір болса ғана құқық, бірақ әрбір азаматтың өзіндік статусы, жауапкершілігі мен міндеттерін жоққа шығаруға да болмайды.

Зайырлылық – еліміздің ата заңындағы ең басты құқықтық ұстаным. Бұл ұстаным туралы ХІХ ғасырда ислам араб әлемінде, Мысыр, Таяу Шығыста, Иранда жазылған еңбектерде «ирфания» мен «илмания», Османлыда «динийа» және «ла динийа», Орта Азияда «батинийа» мен «захирийа» салыстырмалы түсіндірмелері кеңінен тарала бастады. Өткен ғасырда зайырлылық туралы түсініктер Ресей патшалығының әлсіреуі кезінде, отар мұсылман елдердің саяси-әлеуметтік және мәдени, діни  бірегейлену белгісімен құбылысқа айналды. Оны Маржанидің дін және шариғат, мемлекет және конституциялық нормалар туралы толғанысынан көруге болады.

Қазақстан — дәстүрлі ел, мемлекет. Яғни біздің топырағымыз бабаларымыздың рухымен суарылған, біздің тарихымыз, құндылықтарымыз, өркениетіміз, мәдени платформамыздың бәрі осы топырақта жатыр. Осындай тұғырдың үстіне құрылған мемлекет өзінің мәдениеті мен дінінен бөлек болуы мүмкін емес. Мемлекет осы тұғырды сақтау арқылы өзінің болмысын сақтайды. Сол тұғырды тану, зерттеу арқылы өзінің құндылықтарын қалыптастырып, дамытады, баяндылығы мен болашағын жарқын етеді.

Досай КЕНЖЕТАЙ

Философия және теология ғылымдарынң докторы, профессор

Комментарий