Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЖаңалықтар | Новости

Үнзила ШАПАҚ, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі: «ЗАҢДАР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ НОРМА ШЕҢБЕРІНЕН ШЫҚПАУЫ КЕРЕК»

– Үнзила Шапаққызы, Ата Заң – мемлекеттің ең басты құндылығы, осы елдің азаматы ретіндегі ажырамас құқықтарымыз бен міндеттерімізді дәйектеп берген басты құжат. Ол біздің барлық заңнамадағы мүдделеріміздің, еркіміздің сақталуының бірден бір кепілі. Бұл сәйкестікті қадағалайтын ұйым Конституциялық Кеңес…

– Иә, Конституциялық Кеңестің негізгі функцияларының бірі Парламент қабылдаған заңдардың Президент қол қойғанға дейін республика Конституциясына сәйкестігін қарау болып табылады. Бұл жұмыстың өз ерекшеліктері бар. Біріншіден, мұндай бақылау күшіне енбеген жəне қолданысқа енгізілмеген заңдардың конституциялылығын анықтайды, яғни, конституциялық заңдылық режимі бұзылуын алдын ала ескертіп отырады. Екіншіден, заңдарды алдын ала бақылау Парламенттің заңдарды қабылдау барысында туындайтын заң шығарушылық процесс субъектілерінің арасындағы даулы оқиғаларды шешудің пəрменді тетігі болып табылады. Сол арқылы, республика Президентін еліміздің негізгі заңына қайшы келетін заңдарға қол қоюдан сақтандырады. Конституцияға сəйкес əлі күшіне енбеген заңдарды даулау құқығы заң шығару бастамасы жəне заңдарды қабылдау процесі құқығының барлық субъектілеріне: республика Президентіне, Парламент Палаталарының төрағалары мен депутаттарына, Премьер-Министрге берілген.
– Бұл жұмыс Конституциялық Кеңес мүшелерінен терең білім, жоғары кәсіби біліктілікті қажет ететіні айқын. Олар қалай іріктеледі?
– Жалпы, Конституциялық Кеңес мүшелері Конституциялық талаптарға сәйкес және Конституциялық Кеңес туралы заңның 4-бабына сәйкес іріктеледі. Ондағы талаптар бойынша жасы 30-ға толған, Қазақстан Республикасы аумағында тұратын, заңгерлік мамандығы бойынша 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар азамат Конституциялық Кеңестің мүшесі болып тағайындала алады. Аталған талаптар тек қана экс-президентке қолданылмайды. Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Конституциялық Кеңестің өмірлік мүшесі болып табылады. Конституциялық Кеңес құрылғалы бері оның құрамында жоғары білікті құқықтанушы, соның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, сондай-ақ, Президент Əкімшілігінде, сот жүйесінде, прокуратура жəне əділет органдарындағы үлкен жұмыс тəжірибесіне ие практик-заңгерлер жұмыс істеді. Жалпы, Конституциялық Кеңестің құрамы биліктің тармақтарының әрқайсысынан екі мүшеден тағайындалу арқылы жасақталады. Яғни, оның екі мүшесін Президент, екі мүшесін Парламент Сенаты, екі мүшесін Парламент Мәжілісі тағайындайды. Осылайша биліктің тармақтарының өкілдерінен құрылғандықтан Конституциялық Кеңес елдегі ең тәуелсіз орган болып есептеледі. Конституциялық Кеңестің төрағасын Президент тағайындайды. Парламент Палаталарының регламентінде көрсетілгендей, Конституциялық Кеңес мүшелігіне ұсынылғаннан кейін үміткерлер туралы мәселе бейіндік комитетте, одан соң Палатаның отырысында талқыланады. Пікірталастар туып, лайықты деп табылмаса, үміткер өтпей қалуы мүмкін. Конституциялық Кеңес еліміздегі конституциялық заңдылықтың орындалуын, үстемдігін қамтамасыз ететіндіктен, оның мүшелері үшін басты талап – кәсіби шеберлік. Олар заңды теориялық тұрғыдан ғана емес, тәжірибеде терең игерген болу керек.

– Конституциялық Кеңес халыққа қаншалықты жақын?
– Кез келген Қазақстанның азаматы Конституциялық Кеңеске жүгіне алмайды. Осыған байланысты «Конституциялық Кеңес немен айналысады, неге азаматтар өзінің пікірін оған тура айта алмайды, өтінішін тастап кетпейді?» деген сұрақтар туындап жатады. Мұның себебі, Конституциялық Кеңес республиканың бүкіл аумағында ел Конституциясының жоғары турын қамтамасыз ететін тәуелсіз орган болғандықтан, оған жүгінетін тұлғалар Конституцияда нақты аталып көрсетілген. Олар өз өкілеттіктерін іске асыру кезінде дербес және мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, лауазымды адамдар мен азаматтарға тәуелсіз, тек Ата Заңға ғана бағынады әрі саяси және өзге себептерді негізге алмайды. Азаматтар өздерінің конституциялық құқығы бұзылды деп санаған жағдайда оны сот арқылы қорғай алады. Азаматтардың Конституциялық Кеңеске жүгіну құқығы Конституция бойынша дауға түскен заңды қолданып отырған судья арқылы жүзеге асырады. Ол заңды қолдану барысында азаматтың құқығының бұзылғанын көрсе, байқаса ондай заңды қолдануға құқығы жоқ, істі тоқтатады да Конституциялық Кеңеске жүгіне алады. Бұл туралы негізгі заңда нақты айтылған. Бұрын олар төраға арқылы жүгінетін, қазір кез келген судья бұл шараны өз бастамасымен тікелей жүзеге асыра алады. Жеке тұлға судьяға «мына норма бойынша менің құқым бұзылып тұр, ол Конституцияға сәйкес келмейді» деп немесе адвокат арқылы шағым келтіре алады. Мұндай жағдайда судья істі тоқтатып, Конституциялық Кеңеске жүгінуге құқылы. Біз қазір осы тілек институтын жетілдіру жөнінде мәселе көтеріп жүрміз. Онда Конституциялық Кеңеске жүгіну туралы тараптардың өтінішхаттарын жеке бөліп шығару, оларды соттың қарауы тәртібін нақтылау, бас тарту үшін нақты негіздерді бекіту және оған жоғары тұрған сот сатыларына шағым жасау сияқты ұсыныс беріліп отыр. Енді тікелей осы мәселеге тоқталсам, Қылмыстық процестік кодекстің 10-бабының 2-тармақшасы соттың Конституциялық Кеңеске өтініш жасау туралы шешімді өз бастамасы бойынша да, іске қатысатын тұлғалардың арыздары бойынша да қабылдай алатынын нақтылайды. Осы кодекстің 45-бабының 2-тармақшасында сот Конституциялық Кеңеске өтініш жасаған кезде ұқсас істер бойынша басқа соттар өз бастамасымен немесе тараптардың өтінішхаты бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға құқылы болады. Бұл әрбір жағдайға икемді түрде қарауға және егер бұл қылмыстық процесс қағидаттарын бұзуға әкеп соқпаса, іс жүргізуді жалғастыруға мүмкіндік береді. Қалай болғанда да, Қылмыстық процестік кодекстің 390-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес, мұндай жағдайларда үкім шығару Конституциялық Кеңес шешім қабылдағанға дейін кейінге қалдырылады. Сөйтіп, Қылмыстық кодексте тараптардың Конституциялық Кеңеске өтініш жасау туралы өтінішхатын жеке бөліп шығару керек, себебі оны қараудың өз ерекшелігі, нысанасы, рәсімі мен салдары бар. Соттың Конституциялық Кеңеске өтініш жасау және іс жүргізуді тоқтата тұру туралы шешімі аралық шағым жасау нысанасы болмауға тиіс. Өйткені, ықтимал конституциялық емес заңнан азаматтың құқықтарын қорғау туралы сөз болып отыр. Солай соттың Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне өтініш жасау мәселелері жөніндегі қаулысы сот отырысының хаттамасына жазылмай, жеке құжат түрінде шығарылса, онда қолданылатын заңның немесе өзге құқықтық актінің конституциялығына күмән, тараптардың дәлелдері және басқа да мән-жайлар көрсетіледі. Тараптар соттың Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне өтініш жасау туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулысына шағым жасауға құқылы болады… деген сияқты пікірлер талқыланып жатыр. Бұл пікірді заңгер ғалымдар қолдап, практикада бірнеше мемлекеттерде бар екенін дәлелдеп, осындай норманы енгізу туралы халықаралық конференцияларда, республикалық бас қосуларда жиі мәселе көтеріп жүр. Өйткені, бұл жеке тұлғаны Конституциялық Кеңеске жақындатады, оған жүгіну тетігін жетілдіреді.
– Заңдардың Конституцияға сәйкестігін анықтауда қандай талаптар басшылыққа алынады? Осы тұрғыда заңгерлермен байланыстарыңыз қандай деңгейде?
– Біріншіден, заңдар Конституцияның нормасына сәйкес келіп, оның шеңберінен шықпау керек. Екіншіден, екі тілде біркелкі түсінікті болуы тиіс, ол норманы оқыған кезде өзінше пайымдауға мүмкіндік берілмеуі қажет. Сонымен қатар, норманы қолданған кезде туындайтын салдардың болжамды болуы басты талаптардың бірі. Яғни, ол осылай болуы мүмкін деген жеке пікірмен бұрмалануға жол бермеуі тиіс, демек құқықтық айқындылық мәселесі басты орында. Сонымен қатар заң қабылданып жатқан кезде қолданылатын формальды белгілер бар. Оларға Құқықтық актілер туралы заңда қабылданатын нормативтік құқықтық актілер жобасының әзірленуіне, талқылануына, Парламентте қаралуына қойылған талаптар бар, процедуралық, ол талаптар бұзылмауы керек. Конституциялық Кеңесте заңдардың нақты өлшемдерге сәйкестігі мұқият қаралады. «Дау туындаса, алдыңғы шақырылымда қарастырылып, кейінге қалған заң жобасы бойынша сол шақырылымдағы депутат қатысты ма?» деген сұраққа да жауап іздейміз. Әділдік пене тепе-теңдікті сақтауға, мөлшерлестік, парапарлық тұрғысынан қараймыз. Қабылданып жатқан заңның олқы тұстарын дәлелдеп көрсету қиын, кеңесіп, терең талдап, саралап шешу керек. Бұл ретте, әрине, заңгерлердің көмегіне жүгінеміз. Конституциялық Кеңес бүгінге дейін 140-тан астам нормативтік қаулы қабылдаса, соның әрқайсысы бойынша конституциялық процесті жүзеге асырған сайын кемінде 2-5-ке дейін заңгер сарапшы шақырылады. Демек, 400-ден астам сарапшы заңгер шақырылған. Конституциялық Кеңестің жанында республикаға танымал заңгерлерден жасақталған Ғылыми-консультативтік кеңес құрылған, олардың қызметіне жүгінеміз. Күрделі істер бойынша шетелдік сарапшылар тартылады. Тіпті соңғы 3-4 жылдан бері өзіміздің регламентке өзгеріс енгізіп, келіп түскен істі сайтқа жариялап, қоғаммен пікірлесуді дәстүрге айналдырдық. Конституциялық Кеңестің алдына қойылған мәселелер бойынша маманданған құқық қорғау, ғылыми және өзге де ұйымдар мен азаматтар Кеңеске өз қорытындыларын, пікірлерін жібере алады. Мәселені заңдық тұрғыдан талдауға негізделген, қызығушылық тудыратын және қаралып жатқан істі тиісінше қарауға әсерін тигізген қорытындылар іс жүргізу материалдарына қоса тігіледі және Кеңестің интернет-ресурсында жарияланады. Оған адвокаттар туралы заң жобасы мысал бола алады. Осы құжат бойынша 70-ке жуық жеке қорытынды мен ұсыныс келіп түсті. Заң Конституция талаптарына сәйкес келсе, Конституцияға қайшылық жоқ деп қорытынды береміз. Бірақ кейде, заңда назар аударатын тұстардың бары, оларды толықтырып немесе нақтылау керектігі жайлы пікірлер болса, тиісті құқықтық-нормативтік актілерді негіздей отырып, пікірімізді қаулыда пайымдаймыз. Жалпы, Конституциялық Кеңеске түсетін өтінішхаттар күрделі қатынастарға арналған. «Кеңесіп шешкен іс келте болмайды», демекші, біз алдымызда тұрған мәселе бойынша құқықтық кеңістіктегі тәжірибені пысықтап, зерделеп, заңгерлер қауымының пікірін сұрыптап барып, шешім қабылдаймыз. Оған прокуратура, заң шығару саласында шыңдалған білікті мамандар атсалысады.
– Жалпы, Конституциялық Кеңеске ең көп жүгінетіндер кімдер?
– Бұл тұрғыда өте белсенділер қатарына Мемлекет басшысын жатқызуға болады. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Мемлекет басшысынан заңдардың Конституцияға сәйкестігін анықтау жөнінде 25 өтініш келіп түскен екен. Ал, Парламент төрағалары мен депутаттар 77, Премьер-министр 27, судьялар 71 рет жүгініпті. Сосын 2017 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға орай жаңартулар жасаған кезде міндетті түрде Конституциялық Кеңестің қорытындысы алынады. Конституциялық Кеңеске келіп түскен өтініштердің ішінен 28-і Парламент қабылдаған соң Мемлекет басшысына қол қоюға келіп түскен заңдар болды. 15 өтініш бойынша 17 заң Конституцияға сәйкес емес деп танылды, солардың ішінде: «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы», Азаматтық кодекстің Ерекше бөлімі, «Жануарлардың сирек және жойылып кету қаупі төніп тұрған түрлері туралы», «Халықаралық және шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасындағы қызметі туралы», «Балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар болды.
– Конституциялық Кеңеске жүгінуде бірден-бір құқық қолданушы ретінде судьялар белсенді болуы керектігі айдан анық. Алайда, көріп отырғанымыздай олардың тарапынан тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде бар болғаны 71 өтініш түскен екен. Бұл судьялар белсенділігінің төмендігінен бе, әлде заңдардың сапалы жасалуының көрсеткіші ме?
– Бұл тұрғыда кешіп-пішіп, нақты пікір айту қиын. Десе де, менің ойымша, бұл заңдардың сапалы дайындалғанының көрсеткіші секілді. Жалпы, байқауымызша Конституциялық Кеңеске жүгіну 2000 жылдардың басында көп болды. Мысалы, 1996–2000 жылдар аралығында соттардан 37 өтініш келіп түсті, оның ішінде 14 өтініш бойынша нормативтік қаулы қабылданды, 19 өтініш бойынша іс жүргізуге қабылдаудан бас тарту туралы қаулы қабылданды, 4 өтініш бойынша конституциялық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы қабылданды. 2001–2005 жылдар аралығында соттардан 19 өтініш келіп түсті, оның ішінде 8 өтініш бойынша нормативтік қаулы, 7 өтініш бойынша іс жүргізуге қабылдаудан бас тарту туралы, 4 өтініш бойынша конституциялық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы қабылданды. Шамасы 1995 жылы Конституция қабылданғаннан кейін заңдар лек-легімен шығып жатқан кезде кемшілік кеткен болу керек. Өз басым мұны өтпелі кезеңде заңдардың экономикалық жағдайға, қоғамдағы құбылыстарға байланысты тез өзгеріп, жиі қабылдануының салдары деп білемін. Сонымен қатар ол уақытта заңдарды жасап, қарауда тәжірибеміз де жетілмеген еді. Соңғы онжылдықтағы экономикалық тұрақтылық заңдардың табиғатына өз әсерін тигізгендей. Оның үстіне, бұл істегі кәсіби деңгейіміз де артты.
Заңдардағы кемшілікпен тәжірибе барысында судьялар бетпе-бет келетіні белгілі. Судьялардың талабына сай Конституцияға қайшы деп табылған нормалар бар ма?
– Иә, мысалы Конституциялық Кеңес аудандық соттың өтініші бойынша «Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу туралы» заңның ережелерін конституциялық емес деп таныды. Конституциялық Кеңес мемлекеттік тіркеуге құжаттарды беру мерзімін өткізіп алу азаматтардың және заңды тұлғалардың мүліктік құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруына кедергі келтірмеуге тиіс деп есептейді. Өйткені, соның негізінде мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қабылдаудан бас тарту салдарынан әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына, Қазақстан азаматтарының заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке ұстай алуына құқықтары, меншікке заңмен кепілдік берілуі шектеледі. Сондай-ақ, салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі міндетін атқаруына кедергі жасалады. Жалпы, соттардың ұсыныстарын қараудың қорытындылары бойынша бірқатар заң мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің нормалары Конституцияға сәйкес деп танылды. Сонымен бірге, осы ұсыныстар бойынша қабылданған қаулыларында Конституциялық Кеңес заңнаманы жетілдіру, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын іске асыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін көрсетті.
– Конституциялық Кеңес тарапынан берілген ескертпелер қаншалықты назарға алынады?
– Біз 140-тан астам нормативтік қаулы қабылдадық. Осы құжаттар негізінде үкіметтік органдар ережелерге, заңдарға өзгерістер енгізіп, толықтырды. Жыл сайын Парламенттің отырысында жасалатын Конституциялық Кеңестің Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың орындалысы жайлы жолдауын дайындау барысында бұрынғы шығарған шешімдеріміз бойынша заңдардың, нормативтік-құқықтық актілердің қалай өзгертіліп, толықтырылғанына мониторинг жасаймыз. Сол кезде байқайтынымыз жыл сайын айтылып жүрсе де толыққанды шешілмей жатқан мәселелер бар. Соның бірі – некеден тыс туған балалардың құқына қатысты. Некесіз туған баланың анасын әлеуметтік қамтамасыз ету бізде назардан тыс қалған. Оған мемлекет тарапынан еш жәрдем көрсетілмейді. Бұл жерде алдымен баланың құқы бұзылып тұр. Иә, бізде отбасы институты Конституцияда басты құндылық ретінде көрсетілген, Бірінші, біз отбасын қолдауымыз керек. Онда баланың құқығы әкесі мен анасы арқылы корғалады. Сол секілді некесіз дүниеге келген баланың жауапкершілігін де баланың әкесіне неге жүктемеске?! Біз Үкіметке «некесіз туылған баланың анасына көмек көрсететін мүмкіндікті қараңыздар» деген ұсыныс жібергенбіз. Өкінішке қарай, әлі күнге осы мәселе толыққанды шешілген жоқ. Шын мәнінде мұндай балалардың жалғыз асыраушысы – анасы ауырып қалса не істейді? Кімнен көмек күтеді? Үкімет «анасы жұмыс істеген болса, бала күтімі үшін демалыс алады» дейді. Бар болғаны үш айлық демалыс баланы дүниеге келтіргеннен кейін тоқтатылатыны белгілі. Одан соң олардың жағдайы қалай болады? Мәселеге осы тұрғыдан келіп, некесіз бала құқығын қорғау тетігі жасалуы керек. Бұл Конституцияға қайшы емес, себебі, баланың құқығы конституциялық деңгейде көтерілгендіктен, толық қорғауға жатады. Міне, осындай мәселелер Конституциялық Кеңестің қаулыларында көп жазылады.
– Конституциялық Кеңес өзінің шешімдерін қабылдауда қаншалықты тәуелсіз?
– Констиуциялық Кеңес шешім қабылдағанда толық тәуелсіз. Олардың мүшелері жоғарыда айтқанымдай билік тармақтарынан келеді. Неге оны Президент тағайындап отырғыза салмайды? Себебі, Президентке бағынышты болып қаламыз. Парламент Сенаты арқылы, Мәжіліс арқылы биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық болса, олар да Конституциялық Кеңес мүшелерінің тағайындалуына қатысып жатыр. Ал Президент – Конституцияның кепілі. Біз өз пікірімізді тек іс қаралып жатқан залда ғана айтамыз. Сырт жерде пікір білдірмейміз. Егер Кеңестің бір мүшесі өзге мүшелердің пікірімен келіспесе, айтары айрықша болса Конституцияда дәйектелген талапқа сай өзінің жеке ойын жазып, қаулыға тіркеп қояды. Кеңес мүшелерінің осындай құқығы бар. Конституциялық өндіріс жүріп жатқан кезде Кеңес мүшелері ешкіммен байланыспайды. Бір ай бойы ешқайда шықпайды. Пікірімізді ешкімге айтпаймыз. Мұның бәрі Кеңес жұмысының тәуелсіздігіне қызмет ететін ережелер.
– Қазақстан үшін тіл мәселесі тәуелсіздік алғаннан бері өзекті болып келеді. Халықтың тіл мерейін өсірсек деген тілегі Конституцияға қаншалықты сай?
– Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабы мемлекеттік тілдің, орыс тілінің жəне Қазақстан халқының басқа да тілдерінің мəртебесін белгілейді. Аталмыш бапқа сәйкес 1997 жылдың 11 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы қабылданды. Заң Қазақстан халқы тілдерін қолданудың құқықтық негіздерін анықтады, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тілдерге қатысты, оларды зерттеу жəне дамыту мақсатында бірыңғай құрметке негізделген қарым-қатынастарға жағдай жасайтын мемлекеттің міндеттерін белгіледі. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік тілдің мəртебесі, заңнама тілі, мемлекеттік басқару, сот өндірісі, іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылатындығын білдіреді. Бұл ретте қазақ тілі, мемлекеттік тіл ретінде мемлекеттің жəне қоғам өмірінің барлық саласында, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қызмет жасайды. Қазақстан халқын біріктіруші маңызды фактор – мемлекеттік тілді меңгеру, ұлтына қарамай, Қазақстан Республикасының кез келген азаматының қасиетті борышы болып табылады.
– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

 

Комментарий