Аймақтар | РегионыЖаңалықтар | Новости

Алдағы жаңа оқу жылына дайындыққа байланысты Амандық Баталов жиналыс өткізді

Биылғы 1 қыркүйектен дәстүрлі жолмен жалғасын табатын жаңа оқу жылына дайындыққа байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Амандық Баталов жиналыс өткізді. Селекторлық режимде өткен жиынға барлық аудандар мен қалалардың әкімдері, аудандық білім бөлімдерінің меңгерушілер мен мектеп директорлары қатысты, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

– Жаңа оқу жылының басталуына бір аптадан аз ғана уақыт қалды. Ол жылдағыдай 1 қыркүйекте басталады. Сондықтан Президенттің пандемия кезінде білім беру мекемелеріндегі жұмысты ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасын жер-жерлерде сапалы орындау аса маңызды. Бұл ең алдымен санитарлы-эпидемиологиялық талаптар мен шарттарды қатаң ұстану деген сөз. Осыған орай мұғалімдердің құрамы толық вакцина алғаны жөн. «Мектепке жол» акциясын белсенділікпен жүргізу қажет. Білім саласының жаңа нысандарын пайдалануға беру керек. Және білім сапасын арттыруға арналған маңызды мәселелерді орындауға тиіспіз, – деген А.Баталов білім саласына жауапты орынбасары Батыржан Байжұмановқа қазіргі жағдай туралы баяндауды тапсырды.

Баяндамашының айтуынша, білім үдерісіне қатысушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауға қажетті санитарлық-эпидемиологиялық шаралар толық орындалып, барлық білім ұйымдары дезинфекциялық заттармен 100%-ға қамтылды. Атап айтқанда, арнайы тоннел, санитайзер, бактерицидті шам, дезинфекциялаушы кілемше, тепловизор сынды қажетті құрылғылар жеткілікті. Облыстағы барлық мектеп «Ashyq» жобасына қосылған. Бүгінгі күні ұстаздардың 99,3%-ы вакцина алса, кейбір аудандарда бұл бағыттағы жұмыс 100%-ға орындалған. Оның ішінде Іле, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Сарқан, Балқаш, Ескелді, Кербұлақ, Кеген, Панфилов, Райымбек аудандары мен Текелі, Талдықорған қалалары бар. Биылғы оқу жылы мектептерде «бір класс – бір кабинет» жүйесімен ұйымдастырылады. Онда үзілістер мен тамақтандыру бөлек жүреді. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменованың айтуынша, осыған орай бір айдан бері аудандық білім бөлімдерінің басшыларымен және мектеп директорларымен селекторлық режимде оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Осыған орай Амандық Баталов санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын күнделікті қадағалау үшін арнайы мониторингтік топтар құруды тапсырды. Сондай-ақ, шалғай аудандар мен елді мекендерді назардан тыс қалдырмау керектігін де ескертті. Бұл ең алдымен балалардың денсаулығын сақтауға және білім беруді үзіліссіз, сапалы жүргізуді қамтамасыз етуге керек.

Облыс әкімі мектеп құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге баса назар аударды.

Бүгінде облыста 33 мектеп салынып жатыр. Биыл 9 мектеп пен 1 қосымша нысан пайдалануға беріледі. Соның ішінде Іле, Қарасай, Ескелді, Панфилов, Кербұлақ аудандарында 6 мектеп 1 қыркүйекте алғашқы қоңырауын соғады. Одан бөлек, пайдалануға берілетін жекеменшік 3 мектептің 2-уі Білім күні көпшіліктің игілігіне ұсынылады.

Биыл күрделі жөндеуден өткізілген білім саласындағы 19 нысанның 10-ы толығымен жөнделсе, қалған 9-дағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Соған қарамастан бұл білім алу үдерісе кедергі келтірмейді, себебі, олардың бәріне қажетті қосалқы ғимараттар сол елді мекендерден қарастырылған.

Осыған орай қалған нысандарды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырған Амандық Баталов көп балалы отбасылар мен аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдау көрсетудің маңызды екендігін атап өтті. Оған демеушілерді қатыстыру керектігін ескертті.

Орынбасары Б.Байжұмановтың айтуына қарағанда, биыл көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 44 531 баланың тегін ыстық тамақ ішуіне, мектеп формасын алуына және қоғамдық көлікте тегін жүруін қамтамасыз етуге 2,6 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы аясында 12 900 оқушыға 122 миллион теңгенің демеушілік көмегі көрсетілді. Мысалға айтар болсақ, бір ғана Іле ауданында 1896 балаға 7 миллион теңгеден астам қаржының көмегі көрсетілсе, Ақсу ауданында 645 баланың мектеп және спорттық формасын, кеңсе заттарын және басқа да қажетті құралдар алуына 6 миллион теңге жұмсалған. Ұйғыр ауданының меценаттары қайырымдылық шараларына белсенділікпен қатысып, 265 баланың мектепке баруына қажетті заттарды алуға 5 миллионнан астам қаржы шығарған. Ескелді ауданында 1100 бала демеушілердің көмегімен қамтылған.

Сонымен қатар, биыл жоғарғы оқу орындарына тапсырған балаларға облыс әкімінің 250 гранты бөлініп отыр. Оның ішінде 150 грант көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, жетімдерге, толық емес отбасылардың балаларына, мүгедек балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандардың балаларына берілді. Білім алу гранттары аймақтың еңбек нарығына байланысты бөлініп, жұмсалды. Гранттардың басым бөлігі педагогикалық, медициналық, инженерлік және ауылшаруашылық саласының мамандықтарына берілді. Грант алған студенттерге стипендия беріледі.

Осыған байланысты өңірдегі маман жетіспеушілігі шешіліп келеді. Биыл 862 жас маман жұмысқа қабылданды.

Амандық Баталовтың айтуына қарағанда, жаңа оқу жылы басталғанша барлық мектептерді тағы бір тексеріп, педагогтармен әңгімелесіп шығу керек. Сондай-ақ, вакцина салу қарқынын арттыру қажет:

– Осыған орай мониторингтік топтар санитарлық дәрігерлердің талаптарын ұстанудың маңыздылығын және вакцина салудың тиімділігін кеңінен түсіндіру жұмыстарын мұқият жүргізуі керек. Жаңа оқу жылын дәстүрлі жолмен бастаймыз, бірақ, эпидахуалға байланысты жаңа жүйемен жүргіземіз. Сол себепті, әрбір жағдай алдын ала ескерілуі тиіс. Оған мониторингтік топтардың мүшелері белсенділікпен қатысуы керек. Аудандық білім бөлімдерінің меңгерушілері, мектеп директорлары, олардың орынбасарлары, ұстаздар қауымы барлық мәселеге асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ол үшін әрбір оқу үдерісін ұйымдастырушы өзіне жүктелген міндеттерді сапалы орындауы керек, бұл ең басты балаларымыздың денсаулығы мен болашағына тікелей әсер етеді. Білім сапасы ақсамауы тиіс, өйткені, мемлекеттік қолдаудың арқасында қажетті шарттар жасалған, – деді А.Баталов.

Одан соң барлық аудандар мен қалалардың әкімдері өздеріне қарайтын аймақтарға қатысты есеп берді. Қысқасын айтқанда, облыстың білім беру мекемелері жаңа оқу жылына 100%-ға дайын. Биыл бастауыш сынып партасына 50 мыңға жуық оқушы отырады. Болжам бойынша жаңа оқу жылында аймақтағы оқушылардың саны 440 мыңға жетеді.

Биыл Алматы облысының білім саласының бюджеті 312 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 30 миллиард теңгеге артық және күллі облыс бюджетінің 40 пайызына тең.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Комментарий