Аймақтар | РегионыЖаңалықтар | Новости

Алматы облысы мектептерінің 100 пайызы «Ashyq» жобасында тіркелген

Алматы облысы мектептерінің 100 пайызы «Ashyq» жобасына тіркелген, осы кезеңде мұғалімдердің 96пайызы егілді. Биыл облыс мектептерінде оқу үрдісі санитарлық шектеулерді сақтай отырып және «бір сынып — бір кабинет» жүйесі бойынша дәстүрлі форматта жүргізілетін болады. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов онлайн-режимде өткен тамыз педконференциясы барысында айтты, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Батыржан Байжұмановтың айтуынша, барлық білім беру ұйымдарында білім беру үрдісіне қатысушылардың қауіпсіздігін және денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз ете отырып, қажетті санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қабылданды. Бұл ретте оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталады. Оқу мерзімі жазғы мектеп есебінен төрт аптаға ұзартылады.

Жалпы білім беру саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 5,5 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде оқулықтар сатып алуға және кітап қорын жаңартуға 3,8 млрд. теңге бөлінді. Оқушылар оқулықтармен 100 пайыз қамтылған. Сондай-ақ, жыл соңына дейін қосымша 109 жаңа модификация кабинеті мен 23 STEM кабинетін жабдықтау жоспарлануда.

Сонымен қатар, стандартқа сәйкес өңір мектептерінде қауіпсіздік жүйелерін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Барлық мектеп, балабақшалар мен колледждерде бейнебақылау камералары орнатылған. Облыс мектептерін «дабыл түймелерімен» 100 пайыз қамту мақсатында жұмыс жүргізілуде.

Сондай-ақ, облыстық маңызы бар Талдықорған, Текелі және Қапшағай қалаларының 47 мектебінде полиция департаментінің жедел басқару орталығына апару арқылы бейнебақылау жүйелерін жаңарту үшін конкурс жарияланды.

Бұл мектептерде кіруді бақылау жүйесі бар 47 турникет орнатылады. Мектептерді күзетуді мамандандырылған күзет компаниялары жүзеге асыратын болады.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Комментарий