Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Ел үмітін ақтаған сындарлы құжат

Заңды қадірлейтін, заңға бас иетін халықпыз. Бұл құрметтің астарында ел Конституциясының маңызын түсіну, бағасын білу секілді патриоттық сезім жатыр. Бүгінгі күнге дейін Ата заңымыз барша халықтың құқығын қорғап, бостандығын сақтаудың пәрменді тетігі бола білді. Ендеше, көпшіліктің Конституцияны «Ата заң» деп атауының терең мәні бар. Кезінде бас құжаттың басы-қасында болып, заңнаманы дайындауға атсалысқан ғұлама ғалым, заңгер Сұлтан Сартаев «Қазақ халқы қашанда ақсақалдарды құрмет тұтқан, сол себепті де Конституцияны халқымыз «Ата заң» деп атағанды жөн көреді» деген еді. Заңгер атап өткендей, Конституция елдегі өзге заңдардың қайнар көзі, бастамасы, атасы екеніне анық көзімізді жеткізді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан. Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады» — деген еді. Расында, жас мемлекеттің жаңа Конституциясы үлкен ізденістен туған. Бұл құжатты әзірлеуге Елбасы мұрындық болып, айналасына таңдаулы заңгерлерді топтастырғаны белгілі. Мықты мамандар өздеріне жүктелген сенімнен шыға білді. Озық елдердің конституцияларын зерттеп, Қазақстанның табиғатына жақынының тәжірибесіне үңілген ғалымдар ақыры бүгінгі күні біз тәу етіп отырған сындарлы құжаттың дайындалуына мұрындық болды.

Ата заң – ең алдымен халық үшін жазылып, елге қызмет етуді көздейді. Сондықтан да бұл заңды өз құқығымызды қорғауға ғана пайдаланып қоймай, Конституция талаптарын сақтау баршамыздың ортақ парызымыз. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы өзара келісімді үйлестіретін Ата заңның пәрменді болуына ықпал етеді.

Көшпенді халықтың тарихына үстірт қарағандар қазақта құқықтық заң болмаған деп көпшілікті шатастыруға әуес. Шын мәнінде, қазақтай заң мен құқыққа мән берген адал, таза халық аз. Төреліктің тура болуын дәріптеген халықтың әр жылдары «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» атты заңдарға сүйеніп құқықтық қарым-қатынастарын реттегенін білеміз. Әділдікке, мейірімділікке, кешірімді болуға үндейтін бұл құжаттардың қай қайсысын алсаңыз да дана бабаларымыздың тәртіпке бағынғанын, әлсізге қорған болып, дауды бітіммен шешуге басымдық бергенін көрсетеді.

Әлемде ең жас Конституцияның бірі деп бағаланған бас құжатымыз тәуелсіз елдегі мемлекеттік билік пен мемлекеттік басқару жүйесін жан-жақты нығайтты. Еліміздің сындарлы сыртқы саясат жүргізуіне ықпал жасады. Сонымен бірге ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті. Конституциялық принциптер елімізде демократиялық жəне саяси жүйенің қалыптасуына, адам құқығы мен бостандығының қорғалуына кепілдік берді.

Конституцияда көрсетілгендей мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның құқығы мен бостандығы. Сондықтан негізгі заңда азаматтардың заң алдында теңдігіне, құқығының қорғалатынына, таңдау еркіндігіне кепілдік берілген. Қазақстанда мекендеген халықтардың тіліне, дініне, жынысына, мамандығына, біліміне қарай қандай да бір кемсіту көруіне жол берілмейді. Соның арқасында ел азаматтары тегін біліммен, тегін медициналық қызметпен, өз құқығын тегін қорғау құқығымен қамтамасыз етілген.

Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Еліміздің егемендік алған жылдар ішінде Қазақстанда көрініс тапқан игі істердің бəрі де Конституция қағидалары сақтала отырып жасалды. Соның нəтижесінде республиканың қолданыстағы Конституциясы қабылданып, өмір талаптарына орай 1998, 2007 және 2017 жылдардағы конституциялық реформалар барысында оларға түзетулер енгізілді. Конституциямыз халқымыздың күнделікті өміріне қажетті сұрақтардан бастап, стратегиялық сипаттағы мəселелерді шеше алды. Бұл оның ел ішіндегі қадірін, пәрменділігін көрсетеді.

Ел конституциясы – тәуелсіздіктің негізгі арқауы. Азат еліміздің Конституциясының басты қызметі – елдің тұрақты және орнықты дамуын қамтамасыз ету, нарықтық экономиканы нығайту, ең маңыздысы –мемлекеттік тәуелсіздікті сақтау. Менің ойымша, Ата заңымыз өзіне жүктелген бұл қызметті мінсіз орындауда.

 

Жаңабаев Балғабай Ұзайырұлы,

Қызылорда қаласының № 2 сотының төрағасы

Комментарий