Құқық | Право

Көлік прокурорлары 200 кәсіпкердің құқығын қорғады

Бас көлік прокуратурасының ағымдағы жылдың 6 айы қорытындысына арналған кеңейтілген алқа мәжілісінің отырысы өтті. Мәжіліске Қазақстанның 24 аймағының прокурорлары қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап.

Көлік прокурорлары жұмысының ерекшеліктерін ескеріп, қадағалау қызметі барлық көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, көлік қызметін тұтынушылардың құқықтарын, жұмысшылардың еңбек құқығын, мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталды.

Заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, көліктегі қылмыстылықпен күрес және криминогендік жағдайға ерекше көңіл бөлінді.

Қадағалау актілерімен мемлекет пайдасына 4,4 млрд. теңге өндірілді, 53,2 мың адамның конституциялық құқықтары қорғалды, 1245 жұмысшының 221,3 млн. теңге көлеміндегі айлық жалақылары өтелді.

Кірмелі жолдарда қызмет көрсететін монополистердің заңсыз әрекеттерінен 200 кәсіпкердің құқықтары қорғалды.

Прокуратура актісі бойынша, штаттан тыс жағдайларда, оның ішінде поездардың ұзақ кешеуілдеуінде жолаушыларды тамақпен, тұрғылықты орынмен және басқа да бірінші кезектегі мұқтаждармен қамтамасыз етуді, теміржол тасымалдаушыларының әрекеттерін және міндеттерін реттейтін нормативтік құқықтық актіні дайындау жұмысы жүргізілуде.

Бас көлік прокуроры Ернат Сыбанқұлов өз сөзінде, көлік саласындағы бақылауды күшейтуге, сонымен қатар, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аударды.

“Көліктегі жағдайға азаматтардың көңілдері толмайтынын айта кету керек. Жүздеген наразы азаматтар жүру құжаттары, рейстердің кідіруіне, вагондардың жағдайына, тасымалдаушылар көрсететін қызметтерге қатысты наразылықты әлеуметтік желілерде күнделікті білдіруде. Жағымды өзгерістерді халық сезіну керек. Осыны ескеріп қана, біз әрбір прокурордың қызметіне баға береміз” – деп айтып өтті Ернат Сыбанқұлов.

Комментарий