Жаңалықтар | Новости

Вакцина паспортын сатып алған қазақстандықтар екпе алғылары келсе, не істеуі керек?

COVID-19-ға қарсы вакцинациялау паспортын сатып алған, содан кейін шешімін өзгертіп, екпе алғысы келген қазақстандықтарға не істеу керек? Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме беріп.

Егер адам бұрын коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация алғаны туралы жалған төлқұжат алған болса, ал қазіргі уақытта ерікті түрде екпе алғысы келсе, онда ол үшін жалған вакцинация фактісін тіркеген медициналық ұйымға еркін нысанда жазбаша түрде жүгінуі тиіс.

Өтініште вакцинация жазбасын денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық ақпараттық жүйесінен, «Вакцинация» модулінен алып тастауды сұрау қажет.

 

«Вакциналау туралы жазбаны модульден алып тастау алгоритміне сәйкес, яғни Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК арқылы жүргізіледі. Жалған вакцинация туралы жазбаны жойғаннан кейін азамат медициналық ұйымда коронавирусқа қарсы екпе ала алады», – деп нақтылады санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде.

Вакцинация тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізіліп жатқандықтан мұндай вакцина тегін болады.

Медициналық ұйымдар вакцинация паспорттарын қолдан жасаудың барлық тіркелген фактілері туралы Құқық қорғау органдарына хабарлауы тиіс, олар құзыреті шеңберінде осындай адамдарға қатысты тиісті шаралар қабылдайды.

Комментарий