Жаңалықтар | Новости

Қазақстанның танкистері «Танк биатлоны» конкурсының трассасын зерделеді

Мәскеу облысының «Алабино» полигонында қатысушыларды «Танк биатлоны» конкурсы кезеңдерінің өту тәртібімен және жарыс трассасымен таныстыру бойынша нұсқау беру-әдістемелік сабақтар өтті.

Төрешілер алқасының өкілдері қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқау беруді өткізіп, конкурсқа қатысушыларды трассамен, оның ерекшеліктерімен, кедергілерімен, нысана жағдайымен таныстырды. Қатысушыларға конкурстың негізгі ережелері мен барлық элементтерді орындау әдістемесі жеткізілді.
– Жауынгерлік техникада жарыс жолына шыға отырып, біз қауіпсіздік шаралары талаптарын қатаң сақтау қажет екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан алған білімімізді тағы бір рет іс жүзінде бекіту барлығына пайдалы болды, – деді экипаж командирі капитан Ермахан Құдайберген. – Экипаж құрамымен бүкіл трассаны жаяу жүріп өттік, әрбір кедергіні зерделедік. Енді жарыс кезінде жолдардан жылдам әрі сапалы жүріп өту үшін өз стратегиямызды пысықтайтын боламыз.
Армиялық халықаралық ойындар шеңберінде өткізілетін «Танк биатлоны» конкурсында 19 елден келген командалар қатысады. Құрамалар екі дивизионға бөлінген. Қазақстан командасы 24 тамызда Әзербайжан, Беларусь және Сербия танкистерімен бір айналымда жарысқа түсетін болады.

ҚР ҚМ Атырау гарнизоны бойынша баспасөз қызметі

Комментарий