Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Жүйе жұмысы халықаралық стандарттарға сай жүзеге асуда

Елбасы «Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Жоғарғы Сот. Жоғарғы Соттың абыройы – Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы»- деп соттар беделін ерекше бағалаумен қатар, судьяларға айрықша жауапкершілік жүктеді. Себебі, «қара қылды қақ жарып» әділдігін айту – салмағы өлшеусіз, аса ауыр міндет. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мінсіз қорғаудың ең басты көрсеткіштерінің бірі – сот қызметінің ашықтығы мен жариялылығы десек, бұл қағидаттар біздер үшін қашан да бағдаршам іспетті.

Қазіргі таңда мемлекетіміздің бағыты айқын. Яғни, Қазақстанның 2050 стратегиясында көрсетілгендей, басты мақсатымыз – құқықтық мемлекет құрып, өркениетті, озық елдермен тереземізді теңестіру болса, бұл бағытта ұлттық сот төрелігі заң үстемдігін қамтамасыз етудің және қоғамдағы тұрақтылықтың сенімді кепіліне айналды. Бүгінде ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау халықаралық озық стандарттарға сай жүзеге асуда деуге толық негіз бар.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның Судьялар одағы Халықаралық судьялар ассоциациясына толыққанды мүше болып, Сот әкімшілігі жөніндегі халықаралық қауымдастық Қазақстанның Жоғарғы cотын мүшелікке қабылдады. Жоғарғы Сот жанынан Халықаралық кеңес құрылды. Қазақстан соттарының құрылымы жетілдіріліп, сотқа жүгіну қолжетімділігі артты. Сонымен қатар, соттар мамандандырылып, жүйе жұмысына озық технологиялар дендеп енгізілді. Сала қағазбастылықтан арылып, электронды сот төрелігіне көшті. Нәтижесінде сот істерін тиімді шешудің жаңа тетіктері қалыптасып, соттардың ашықтығы толықтай қамтамасыз етілді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов сот төрелігін жоғары деңгейге жеткізуде қоғамға, оның ішінде адвокаттар мен прокурорларға, судьяларға, заңгерлергер қауымына үндеулер жариялады. Соған орай «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасы іске қосылды. Бұл жоба өз кезегінде соттардың жұмыс тәжірибесін айтарлықтай оңтайландырды. Мысалы, азаматтарды негізсіз әуре-сарсаңға салудың алдын алу, соттарда жайлылықты арттыру, сот актілерінің тілін жетілдіру, қоғам мен сот арасындағы тиімді қарым-қатынасты қалыптастыру, т.б. жетілдіру шаралары жүзеге асты. Сондай-ақ, судьяларды іріктеу процесі түбегейлі өзгеріп, олардың қызметін бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді.

Заң талабына сай, судьялар бүгінде тараптарға өздері қабылдаған сот актілерін түсіндіреді. Яғни, не үшін ондай шешім қабылдады, нақты дәлелдермен, қарапайым тілмен жеткізіп, сотқа қатысушылардың әділ шешім шыққанына көзін жеткізеді. Бұл шын мәнінде сот саласының заманға сай жаңғырып жатқанының айғағы.

Сот билігінің тәуелсіздігі мен оның тиімділігін арттыруда қазіргі таңдағы ауқымды жұмыстардың бастысы сот әділдігін қамтамасыз ету әрі бұл – тәуелсіз еліміздің Конституциясында бекітілген судьялардың ар-ұжданы, адамгершілігімен айқындалатын қасиетті міндет. Қоғам тепе-

теңдігін сақтау мен еліміздің әлеуметтік, экономикалық дамуы барысында сот жүйесінің рөлі жоғары десек, бұл міндет судьялар корпусының алдына жаңа мақсаттар қойып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейін одан әрі арттыруды талап етеді. Салада жүргізіліп жатқан реформалар соттардың беделін арттыруға барынша ықпал етуде.

Мақаламызды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Қажыманұлының сөзімен қорытсақ «Біздің істеріміздің барлығы тек бір маңызды мақсатқа бағытталған – біздің азаматтарымыз, бизнесмендер, шетелдік инвесторлар мен халықаралық серіктестеріміз қазақстандық соттарға сенуге және сенімді болуға тиіс». Яғни, осы талап үддесінен шығуға бар күш-жігерін жұмылдырып жұмыс істеп жатқан қазақстандық соттардың мақсаты айқын, бағыты анық.

Әсел Медетбекова,

Алмалы аудандық №2 сотының судьясы

Алматы

 

Комментарий