Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Заңы үстем елдің заманы тыныш

Қазақстанның тұңғыш Конституциясының тарихы 1990 жылғы Қазақ КСР-ның «Мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясынан басталады. Үш жылдан кейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі егеменді тәуелсіз мемлекеттің алғашқы Конституциясын қабылдады. Ал, 1995 жылдың 30 тамызында Республикамыздың қазіргі Конституциясы, яғни, демократиялық, зайырлы мемлекеттің төлқұжаты көпшіліктің қалауымен, бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданды. Референдумда сайлаушылардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияны қолдады. Себебі, осы Конституция Республиканың барлық норма шығару қызметіне негіз қалады.

Конституцияның нормаларынан айнымай, талаптарын қатаң сақтау мемлекет дамуының бірден-бір жолы десек, соттар немесе басқа да құзырлы органдар азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен нормативтік құқықтық актілерді қолдана алмайды. Өйткені, ел тұрғындары өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында конституциялық шағым келтіре алады.

Қазақстанның Конституциясы дүние жүзіндегі жалпы адамзат құндылықтарын дәріптейтін ең үздік Конституциялар қатарында екенін әлемдік заңгерлер растайды. Мысалы, елдің әрбір азаматының құқық субъектісі ретінде танылу және өз құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілмен, сондай-ақ, сот арқылы қорғау, білікті заң көмегін алу құқықтары Конституцияның13-бабымен қамтамасыз етілді.

77-баптың 3-тармағының 1-тармақшасымен кінәсіздік презумпциясы бекітіліп, адамның кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептелетіні көрсетілді. Сонымен қатар, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбекпен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік беріліп, Қазақстанда қос азаматтық болмайтыны Конституциямен нақтыланды. Осылайша, мемлекетіміз өзін ең қымбат құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жариялады.

Осынау баға жетпес құндылықтарды қорғау азаматтардан құқықтық сауат пен мәдениетке баса мән беруді талап етеді. Кез келген заң адам мүддесі мен ел игілігіне арналатындықтан, заңды құрметтеп-қастерлеу әрбір азаматтың ішкі қажеттілігіне айналуы тиіс. Сонда ғана құқықтық мәдениет салтанат құрады. Жалпы Конституция бойынша өмір сүру демократияның ең жоғары мектебі. Осы себепті, Бас құжатта бекітілген құндылықтарды, қағидаттар мен нормаларды білу, түсіну және құрметтеу баршаға міндет. Заңы үстем елдің заманы қашан да тыныш екенін есте ұстайық.

Жалпыхалықтық талқылаумен қабылданған төлқұжатымызда Тұңғыш Президент айтқандай, «Конституцияның барлық ережелерінен біздің ерекше қазақстандық қолтаңбамыз, біздің халқымыздың өресі мен дәстүрлеріне және болашақтағы перспективасына сәйкесетін өз болмысымыз байқалып тұрады».

Жанар Ибрагимова,

Алматы облыстық мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Комментарий