Жаңалықтар | Новости

Кабулдан Алматыға 100-ге жуық адам эвакуацияланды

Қауіпсіздік мақсатында БҰҰ-ның 100-ге жуық қызметкері Кабулдан Алматыға қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылады. Егер жағдай тұрақталса, олар Ауғанстанға оралады. Бұл туралы 18 тамыз, сәрсенбіде БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик брифингте айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы қызметкерлерінің бір тобы бүгін Кабулдан Қазақстанға, Алматыға кетіп жатыр. Олар жұмысын қашықтан жалғастырады», — деп хабарлады Дюжарриктің сөзін РИА Новости.

Оның айтуынша, Ауғанстандағы БҰҰ-ның 100-ге жуық қызметкері Алматыда жұмыс істейді деп жоспарланған, олар жағдай тұрақталған кезде оралады.

Бұл арада Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, Ауғанстандағы ішкі саяси ахуалдың ушығуына байланысты БҰҰ Қазақстаннан Ауғанстанға көмек көрсету миссиясын (UNAMA) және Алматыдағы БҰҰ-ның басқа да агенттіктерін уақытша көшіруді сұраған.

«Қазақстан мен БҰҰ-ның жан-жақты өзара іс-қимылы рухы шеңберінде және осы ұйымның толық құқықты мүшесі ретіндегі міндеттемелері аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өтінішін қолдау туралы шешім қабылдады», — делінген хабарламада.

18 тамызда UNAMA қызметкерлері бар алғашқы борт Алматы әуежайына қонды. СІМ Алматы Әкімдігі, құзыретті ведомстволар және қызметтермен бірлесіп, оларды орналастыру бойынша жедел түрде қажетті шараларды қабылдап жатыр. Келген қызметкерлер халықаралық дипломат, БҰҰ паспорты мен иммунитеті иегері.

Алматыда UNAMA және басқа да БҰҰ агенттіктерінің кеңселерін орналастыру және олардың одан әрі қызмет етуі уақытша, яғни Ауғанстандағы жағдай тұрақталғанға дейін, шамамен жарты жылға созылады деп күтіледі.

Қызметкерлердің тұруы, кеңсе мен үй-жайларын жалға алуы және т.б. барлық шығысты толығымен БҰҰ-ның бюджетінен қаржыландырылады.

Еске салайық, 15 тамызда «Талибан» қозғалысының содырлары Ауғанстанның астанасы Кабулды басып алып, президент сарайына басып кірді. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден кетті. Талибан Ауғанстан Ислам Әмірлігін құруға ниет білдірді. Кабул әуежайында дүрбелең басталды — Ауғанстаннан шығудың жалғыз жолы. Мыңдаған адам елден кету үшін, Кабул әуежайындағы әскери ұшаққа жармасты.

Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Ауғанстаннан босқындарды қабылдайтыны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауғанстаннан келген босқындарға қатысты шешім қабылдамағанын айтты.

Комментарий