Жаңалықтар | Новости

Маңғыстау облысында мал кенеден қырылып жатыр

Маңғыстау облысының Боржақты жерінде кене қаптады. Жиырмаға жуық шаруаның қорасынан зиянкестер шығып, малдың қанын сорып тыным бермей тұр. Шаруалар бұл құрғақшылық пен төрт түлікке жем-шөптің жетіспеушілігінен туындаған жағдай деп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

“Бес ботаның өлген себебі кененің кесірі. Қазір мына жығылғанға жұдырық деп кене де қаптап кетті. Кене ол жердің жамандығынан ғой бұл құрғақшылықтан содан пайда болады. Сосын оның үстіне мына мал да арық  бұлар да бойына инфекция алғыш. Кене де сол арық малға жабысады. Аурудың бәрі малы арық малға жабысады”, – дейді шаруа Бердіхан Аленов.

Шаруалардың айтуынша, кене көтерем малға үйір болады. Қаптаған кенелер тіпті түйені саууға мұрша бермей жатқан көрінеді. Ұсақ жәндіктер малдың қанын сорып, түрлі ауру жұқтырып ақыр соңында өлтіріп тынады екен.

Тұрғындар кенеден арылу үшін қораларын 2-3 күн сайын улаймыз деп отыр. Бірақ зиянкестің кететін түрі жоқ. Ал ветеринария басқармасындағылар кенеден құтылу үшін малдың қыстап шыққан қорасын уақытылы тазалау керек дейді. Бұдан басқа жол жоқ. Себебі, кенені улауға арнайы қаржы бөлінбейді екен.

“Кенелеу бұл жаңағы малдың қорасын механикалық тазаламаудан, дезинфекцияламаудан және де әртүрлі этно-экзопаразиттерге қарсы егілмеуінен болатын жағдай. Негізі кенелер көбіне құмды жерде өмір сүреді. Этнопаразиттердің негізгі көбеюі себебі ол жаңағы малды бір орында жыл он екі ай бойы ұстау. Қораны дезинфекцияламау. Дезинфекциялаудың алдында бірінші механикалық тазалау керек”, – дейді Маңғыстау облыстық ветеринария басқармасының эпизоотиялық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Әділет Қазтұрған.

Комментарий