Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Құқықтық сауат – ел дамуының кепілі

Еліміз мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары екенін Конституциямен айқындады. Яғни, азаматтар кез келген жағдайда әділ сот арқылы істің әділ және ашық қаралуын талап етіп, өз құқықтары мен бостандықтарын қорғай алады. Ол үшін, әрине, халықтың құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын көтеріп, Конституция мен заңдарға жоғары құрметпен қарауын қамтамасыз ету қажет.

Себебі, қоғамның дамуы әрбір адамның өз құқығы мен еркіндігін жүзеге асыруынан көрінеді. Сондықтан, бұл мақаламызда жеке бастың абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеу, жеке басқа, жеке өмірге, тұрғынжайға, меншікке қолсұғылмаушылық, қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу кезiнде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау заңдылықтары жайлы қысқаша тоқталғымыз келіп отыр.

Мәселен, Қылмыстық процестік кодекстің 13-бабының 1-бөлігімен қылмыстық iс жүргiзу процесіне қатысушылардың абыройын түсіретін немесе қадiр-қасиетiн кемiтетiн шешiмдер мен әрекеттерге тыйым салынған. Сонымен қатар, адамның жеке өмiр, жеке бас құпиясына қатысты мәлiметтердi таратуға жол берiлмейдi. Қылмыстық процесті жүргiзетін органдардың заңсыз әрекеттерiнен моральдық зиян шеккендер оны заңда белгiленген тәртiппен өтей алады. Ал, 14-бапқа сай, ешкiмдi де қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен тұтқындап, қамауға, басқа жолдармен бас бостандығынан айыруға болмайды. Күзетпен ұстауға және үйқамаққа алуға сотқа шағымдану құқығын бере отырып, соттың санкциясымен ғана жол берiледi.

Адамға сот-психиатриялық немесе сот-медициналық сараптамалар жасау үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру қажет болған жағдайда ол соттың шешiмiмен ғана жүзеге асады. Азамат өзінің не үшін, қандай күдікпен ұсталғанын сол сәтте білуге құқылы. Яғни, ұстаған орган қызметкерлері ұстау себебін айтулары керек. Қылмыстық процеске қатысатын адамдарды азаптап, қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттермен жазалау заңға қайшы. Әрбір адамның жеке салымдар мен жинақтарын, жазысқан хаттарын, телефон, пошта, телеграф арқылы сөйлескен сөздері мен хабарламаларын құпия сақтау құқығы ҚПК-нің 16-бабында көрсетілген. Былайша айтқанда адамның жеке өмірі туралы ақпаратты қылмыстық процесс міндеттерін орындаудан басқаға пайдалануға болмайды.

Осы тұста айта кетерлігі, қылмыстық процесті жүргiзетін орган іске қатысушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, оларды жүзеге асыру үшiн жағдай жасауға, заңды талаптарын қанағаттандыруға уақтылы шаралар қолдануға мiндеттi. Тағы бір тоқталарлығы, тұрғынжайға онда тұратын адамдардың келісімінсіз кiруге, тексеру мен тiнту жүргiзуге заң тәртібімен ғана жол берiледi. Соттың шешiмiнсыз ешкімді де мүлкiнен айыруға болмайды. Процестік әрекеттер барысында адамдардың екінші деңгейдегі банктердегі, сондай-ақ, еліміздің бейрезидент-банктерінің филиалдарындағы салымдарына және басқа да мүліктерiне тыйым салу, оларды алып қою осы Кодексте көзделген жағдайларда ғана жүзеге асуы мүмкін.

Елбасының «Егер біздің құқық идеялары салтанат құратын өркениетті қоғам орнатқымыз келетіні рас болса, онда әрбір азамат мектеп қабырғасында жүргенде-ақ құқықтың қарапайым бастауларын, біздің әрқайсысымыз қарапайым есеп-қисапты білетіндігіміздей игеріп алуға тиіс» деген сөзіне сүйенсек, адам құқығы — адамның мүддесін қанағаттандыруға бағытталған, заңмен қорғалатын ең жоғарғы демократиялық құндылық. Осы себепті, әрбір адам заңды сыйлауы, өзінің де, басқаның осы құндылығын бағалай білуі және оған ешқандай да зиян келтірмеуі керек. Сонда ғана құқықтық мемлекет құрып, озық отыз елдің қатарына жетеріміз хақ.

Бейнегуль Кайсина,

Наурызбай аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий