Жаңалықтар | Новости

NIS-тің тікелей эфирінде – мұғалімдерді әдістемелік қолдау

Биыл алғаш рет еліміздің әрбір мұғалімі жылдың бас педагогикалық кеңесіне қосылуға мүмкіндік алып отыр. Бүгінде NIS-тің орталық кеңсесінде тікелей эфир арқылы ауқымды конференцияның пәндік сессиялары ел аумағына таралатын екі телестудия үздіксіз жұмыс істеуде. Мұғалім тәжірибесін әдістемелік қолдау – жаңа жағдайдағы білім беру туралы кәсіби ойталқының өзегі.

9-17 тамыз аралығында өтетін дәстүрлі тамыз конференциясы аясында қазақ және орыс тілдерінде он бес пән бойынша тақырыптық сессиялар, сондай-ақ кітапханашылар сессиясы жоспарланған. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, жетекші және пилоттық мектептердің педагогтері онлайн форматта вебинарлар, шеберлік сабақтар мен презентациялар өткізеді, халықаралық сарапшылардың эксперттік пікірлері ұсынылады, сондай-ақ Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясы жаңа оқу жылында оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға қатысты ұсыныстарын білдіреді. Қазіргі таңда педагогтер үшін ең өзекті басымдықтардың бірі – пән аясында функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, сондай-ақ ағымдағы және қорытынды бағалаудың форматы мен мазмұны.

Онлайн-кеңестің алғашқы күні еліміздің әр өңірінен ондаған мың педагог жиналды.

Онлайн-конференцияға Алматы облысы Текелі қаласынан қосылған №8 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Мұсабекова пәндік сессия барысында одан әрі жұмыс істеу үшін көптеген жаңа білім мен идеялардың тұсбағдарын тапқанын айтады:

– Карантиндік шектеулерден туындаған қиындықтарға қарамастан үлгерім деңгейін тиісті дәрежеде ұстап тұру мүмкіндігіне ие болдық . Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған конференция алдағы оқу жылында әдеттегі оқыту форматына оралуға дайындалуға өз септігін тигізері анық, – деп пікір білдірді Гүлнар Мұсабекова.

Естеріңізге сала кетсек, еліміздің ұстаздар қауымы асыға күткен дәстүрлі тамыз кеңесінің секциялық отырыстары NISTamyzConf2021 Youtube арнасында қазақ және орыс тілдерінде күнделікті таралуда. Сонымен қатар, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ресми интернет ресурстарында конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен қосылған педагогтердің бейне пікірлері мен кері байланыстары жариялануда.

Комментарий