Судья мінбері | Судебная система

Жемқорлықпен күрес жалпы қоғамның  белсенділігін қажет  етеді

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кесуде елімізде ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Мысалы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңының нормалары қатайтылды. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 13 қадамы тұтастай сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге арналып, «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» жүйелі жұмыс істеп жатыр. ҚР Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. Қазақстан БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы және БҰҰ Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенцияларын ратификациялады.

Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу сот саласының да басты міндеті. Жоғарғы Сот төрағасы жүйеде жемқорлықпен күрестің алдыңғы шепке шығатынын, яғни, туған-туыс арқылы қызметке тұру, белгілі бір топтар мүддесіне сай шешім шығаруға жол жоқтығын қадап айтқан болатын. Бүгінде әділдік пен жауапкершілік, сапалы мамандар, сандық форматқа көшу басты негізге алынған. Бұған қоса Республиканың барлық сотында ішкі қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бөлімдері құрылып, жүйе жұмысында ашықтық пен жариялылық қамтамасыз етілді. Жемқорлықтың түп-тамырында заңды құрметтемеу жатыр десек, жағымсыз әрекеттерге жол бермеу үшін соттарда мониторинг жүргізіліп, жемқорлыққа қарсы шаралар ұйымдастырылады. Барлық саланы цифрландыру жемқорлық­тың алдын алуда тиімді тетік болуда. Мысалы, сот өндірісіне жаңа технологиялардың енгізілуі сот процесін жеделдетті. «Төрелік» бағдарламасы іске қосылды. Процестерде аудио-бейне жазбалар қолданылады. Сот кабинеті мен ақпараттық киоскі, мұның барлығы жемқорлықтың алдын алуға үлкен әсер етеді. Салада қағазбастылық, процессуалдық байланыстар азайтылды. Яғни, электронды ақпараттық сервистер көмегінің нәтижесінде адам факторлары азайып, стратегияда көзделген мақсаттар орындалуда.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлаған немесе оған қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу үшін  біржолғы ақшалай сыйақы берілуі жемқорлықпен күресте жаңа бағыт ашты. Бұл принцип өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қоғам мүшелерiн жұмылдыруға ықпал етті. Заң талабына сай, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шаралары қолданылмайды. Сондай-ақ, жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салынады. Сыбайластық жасағандар мен сыбайластыққа делдал болғандардың жауапкершілігі мен жазасы тең дәрежеленді. «Қазақстан-2050 қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»  жолдауында айтылғандай, «Сыбайлас жемқорлық – тек заң бұзушылық қана емес, ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сейілтеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп болып табылады».

Елбасы айтқандай, «Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз». Мемлекетіміздің гүлденуі, өсіп-өркендеуі, рухани дамуы, болашағының жарқын болуы адалдық пен әділдікті талап етеді. Сондықтан, қоғамды жегідей жеген қауіпті індетпен күресу сіз бен бізге ортақ міндет.

Қарлығаш Сарсенова,

Алмалы аудандық №2 сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий