Жаңалықтар | Новости

Қазақ болмысын дөп таныған кемеңгер

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Абай аманаты» атты мақаласында: «Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы ағартушылық немесе ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды», – деген-ді. Абай Құнанбайұлы – қазақтың болмысы мен мінезін дөп таныған кемеңгер, дана. Ол тек қазаққа ғана тән емес, күллі адамзатқа ортақ тақырыптарды көтеріп, надандықтың шеңберінен шығуға шақырған тұлға. Былтыр 175 жылдығын ел болып дүркіретіп өткізгеніміз бәрімізге мәлім.

Ұлы ойшылдың туған күні қарсаңында биыл да оның баға жетпес мұрасын насихаттау ниетімен түрлі жоба-жоспарлар қолға алынуда. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де «Ұлы ақын Абай Құнанбаевқа арнау» бейнеролигі дайындалып, «Көзімнің қарасы» әніне ұлттық аспаптарда музыкалық челлендж, Абайдың шығармашылық мұрасының өмірлік маңызы мен мәні туралы онлайн форматта республикалық ғылыми конференция, кураторлық сағаттар, дөңгелек үстелдер, «Адамзаттың Абайы» атты мерекелік іс-шара (онлайн ZOOM) және фотокөрме ұйымдастырылады.

Ақынның елдің өткені мен келешегін саралап айтқан толғамды қара сөздері мен қара өлеңдері ұлттың өшпес мұрасы боп қала бермек. Түрлі зерттеулер мен ағарту орталықтарында дананың әрбір келелі сөзін жас ұрпаққа жеткізу тұрғысынан сандаған еңбектер жазылды, әлі де жазылуда. Осы орайда, абайтанушы, ағартушы-ғалымдардың ақын туралы жазылған ой орамдары мен тұжырымдарын бөліспекпіз. Абайдың туған күні – қазақтың жаңғырған күні. Қайта түлеп, кемел келешекке «ақырын жүріп, анық басқан күні».

       Мұхтар Әуезов: «…Aл осы aтaлғaндaрдaн бaсқa, Aбaйдың поэзиялық мұрaсынa қосa, қaрa сөздері беретін, əр зaмaндa бaғaсы жойылмaйтын бір үлкен қымбaт қaзынa бaр. Ол – Aбaйдың осы қaрa сөзді жaзғaн тілі. Өлең сөзінде өзінің бaрлық шеберлігі, жaңaлығы, көркемдік тaлaнты бойыншa қaзaқ тілінің сaпaсын əдебиет тілінің дəрежесіне көтерген ұлы тaрихи еңбегі қaндaй болсa, қaрa сөздерінің тілімен де Aбaй осындaй еңбекті біздің мəдениет тaрихымызғa мол сіңірді. Біздің осы күнгі сөйлеп, жaзып жүрген əдебиет тіліміздің тaрихы жaлғыз ғaнa Aбaйдaн бaстaлaды деп кесіп aйтпaсaқ тa, сондaй сaпaлы тілді қaзaқтың жaзбa əдебиетінде aнық биік белге өрлетіп шығaрғaн Aбaй екені дaусыз».

        Бейсембай Кенжебаев: «Абай – қазақ халқының данышпан ақыны, ұлы ақыл-ойшысы, жігерлі қоғам қайраткері. Абай халқын сүйді; халқының көшін жаңа жолға, өнер-білім, өсу жолына, орыс халқымен бірлесу, сонан үлгі-өнеге алу жолына бастады; халқының тарихын өзгертіп, жаңғырту жолында қажымай еңбек етті; қазақ елінің бүгінгідей ерікті, бай, мəдениетті, күшті, бақытты ел болуын көкседі.

Абай қазақтың əрбір ұлы, қызының еркі, бостандығы үшін, өнерлі, білімді, қайратты, мінезді болу үшін, ақыл-ойын, сана-сезімін жетілдіру үшін күресті; оларды халқын сүюге, халқы үшін, адам баласы үшін қызмет етуге шақырды, адамгершілікке баулыды.

Абай қазақтың жаңа, сыншыл-реалистік əдебиетін − мағынасы терең, тілі орамды, өрнегі шебер, кестесі көркем əдебиетін жасады, шын мағынасында өлең өнерін жасады; Абай өлеңдері − мəңгі жасайтын асыл сөз қазынасы, ол − қазақ  халқының Абай тұсындағы тұрмыс суреті; дүние тануы, мінез-құлқы, мұң-зары, тілек-арманы; жапа көрген, көп шыдамдылық пен жақсы болашаққа сенген халықтың бейнесі».

         Мекемтас Мырзахметов: «Абайдың жаңа типтегі ақын, қоғам қайраткері болып қалыптасу процесін көрсету үшін сол дəуірдің тарихи шындығын, яғни жасаған əлеуметтік ортасы мен араласқан адамдарын, руларын, билік атаулары мен жер аттарын, ақын шығармалары нəр алған бұлақтарын, Абай мұрасындағы жаңа бағытты, соны көзқарасты тудырған əлеуметтік мотивтерді, əсіресе Абай өлеңдерінің жазылу себептерін т.б. көптеген қосалқы мəселелерді қамту қажет еді. Бұларды тұтас қамту, дұрыс шешімін, бағыт-бағдарын табу биографтан зор даярлықты, қуатты творчестволық ізденісті талап етті».

          Қажым Жұмалиев: «Қазақтың ұлы ақыны Абайдың зор еңбегінің бірі – жастарды, әсіресе болашақ ел өмірімен байланысты ақын-жазушыларды тәрбиелеу. Орыс, шығыс, батыс елдерінің мәдениетіне сүңгіп, түбінен керекті маржанын теріп ала білген ақын және елін өнер-білімге үндеп, жастарды оқуға сүйрейді. Балаларын орысша мектептерде оқытып, олардың жоғары дәрежелі білімі бар адам болуларын талап етеді. Адамгершілік, жақсы мінез-құлыққа тәрбиеледі. Ақындарына өзі тақырып беріп, әр халықтың өмірінен поэмалар жаздырып, өзі олардың сыншысы болды. Мағауияға «Медғат-Қасым», Ақылбайға «Қисса Жүсіп», тағы басқаларға осылар тәрізді өлең-жырлар жаздырды. Өзі Пушкин, Лермонтов, Крыловтардан өлең аударып, жас ақындарға солардың өлеңдерін үлгі етті. Абайдан кейінгі қазақ ақындарының көпшілігі қазақтың өз әдебиетінің шеңберінде қалып қоймай, орыс, шығыс, батыс әдебиеттеріне еліктеулерінің негізгі бір себебі Абайдың әсері, Абайдың үлгісі болатын».

       Рәбиға Сыздықова: «Aбaй қaзaқтың aуызшa тaрaғaн көркем сөзін ұлттық жaзбa дүние дәрежесіне жеткізді, поэтикaлық тіліне жaңa сaпa енгізді. Бұл Aбaйды жaңaшыл әрі клaссик қaлaмгер деп тaнытты. Өзіне дейінгі де, өзінен кейінгі де сөз зергерлерінен Aбaйдың шоқтығы биік тұруының негіз-себептері көп болсa, солaрдың бірі – Aбaйдың жеке суреткерлік қолтaңбaсы немесе шығaрмaшылық контекст дегенді aйқын көрсетуі болды, яғни ол өзінің aқындық қуaтын, сөз тaну қaбілетін, сөз жұмсaу тaлaнтын жaңaшa, өзінше көрсетті, өз қолтaңбaсын тaнытты.

Шеберлік, көркемдік сияқты Aбaйдың тіліндегі кестенің бізі – өткірдің жүзімен сaлынғaн сөз өрнектерінің бір нaқышы. Міне, поэзиясы мен прозaсындa осындaй шеберлік пен көркемдік көрсеткен ұлы Aбaйдың поэтикaлық сөз кестесі, толғaуы тоқсaн қызыл тілінің өрнегі осындaй».

       Жұмағали Ысмағұлов: «Aбaй осы зәрулікті түсінгендіктен де, ел тіршілігінен бойын aулaқ сaлa aлмaды. Бұқaрa хaлықтың қaлaуымен бірaз жыл әкімшіліктің билік ісіне aрaлaсты. Бірде төреші, бірде төбе би болa жүріп, ел ішінің тыныштығын көздейтін, зорлықшыны тезге сaлып, жәбірленушінің теңдігін әперетін жерде өзінің aқыл-пaрaсaты мен қaжыр-қaйрaтын іркіп қaлғaн жоқ. Сөйтіп жүріп ол хaлықтың Aбaйы aтaнды».

         Сағат Әшімбаев: «Абайдың адамшылық қасиет, адамгершілік жəне мораль мəселелеріне арналған, сондай-ақ ұлттық мінезіміздегі кейбір кенеуі кеткен кемшіліктерді көрсететін өлеңдерін оқып отырғанда бүгінгі тірлігіміз еске түседі. Ал қазіргі өміріміздің бүкпесі мол, күрмеуі көп тұстарындағы күмілжіп қалған сəттерімізде ақ пен қараны айқын ажырату үшін ақиқаттың айнасы ретінде Абай өлеңдеріне жүгінетініміз бар. Бұл бір біздің ғана емес, жалпының басындағы жалпылама шындық болуға тиіс. Сондықтан да біз өз басымыз Абайға жүгінбейтін, ақын сөзіне сүйеніп, ақиқатқа айқын көз жеткізгісі келмейтін есті қазақ бар дегенге сенбейміз. Өзіңді өзің білгің келсе, өмірдің өзің білмейтін жəне өзгелерге де беймəлім сауалдарына жауап іздеген кезде Абай өлеңдерін оқу үстінде көңілге медеу, жүрекке жылу алатын кездеріміз де аз емес».

        Жанғара Дәдебаев: «Абай – адамның мінезін, заманның бетін өзі жүйесін түзген ілімінің ұлттық жəне жалпыадамзаттық рухани құндылықтарға негізделген қағидаларына сай түземекші болған адам. Жоғарыда көрсетілгендей, бұл – адамзат қоғамының тарихындағы ең бір ізгі, ең бір асыл мақсат. Алдына мұндай мақсат қою үшін кісінің жүрегінде адамзатқа деген шексіз һəм шартсыз сүйіспеншілік болуы қажет. Адам мінезін түзеу, сол арқылы адамды толық, кемел деңгейге көтеру туралы өзекті ой жекелеген тұлғаларға ғана қатысты емес, көпке қатысты. Бірдің емес, көптің қамын ойлау бірдің де, көптің де жайы мен жағдайын, іші мен тысын терең тануға жол ашады».

       

Дайындаған Нұрбек Нұржанұлы

Комментарий