Жаңалықтар | Новости

Түзелу жолына аяқ басқан Евгений

Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Түркістан қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған азамат «Департаменттер үйі» кеңсесінің кіреберіс есігін қайта жөндеуге өтеусіз көмек көрсетті.

Евгений айына бір рет тіркелуге «Департаменттер үйіне» келіп тұрады. Сол кезде кіреберіс есіктің сынып тұрғанын байқаған екен. Келесі күні құрал-саймандарын алып келіп, басшылықтан рұқсат сұрап есікті жөндеуге кіріскен.

— Евгений жаза басып қылмыс жасаған жанның бірі. Ол өзінің қателігін түсініп, заңға қайшы әрекет етуден бойын аулақ ұстауда. Осы айда тірелуге келді. Содан ертесіне тағы келді. «Шақырмасақ та неге келді» деп ойладым. Сөйтсем, ол кіреберіс есіктің сынып тұрғанын байқапты. Есікті жөндеу үшін құрал-саймандарын алып келгенін айтты. Біздің департаменттер үйінің жөндеу жұмысымен айналысатын адам еңбек демалысына кеткен еді. Сол кісінің жұмысқа түсуін күтіп жүрген болатынбыз. Бірақ, Евгений өзі ұста болған соң, есіктің жақтауының қисайғанын бірден байқапты. Бұл тіркеуде тұрған азаматтың түзелу жолына түскендігін айқындайды. Тағы бір айта кететін жайт, қылмыстық атқару саласындағы біздің қызметіміз сотталғандардың жазасын өтеу барысындағы ізгі тәрбие, бақылау секілді жұмыс ауқымымен ерекшеленеді. Қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларға жеңіл-желпі және салғырт қарауға болмайды. Ал, біздің мұндағы мақсатымыздың бірі — жазатайым жаза басқандарды бірден қараламай, керісінше, оларға түзелуге мүмкіндік беріп, қоғамға қажет екендіктерін сезіндіру. Шартты мерзімде сотталған азаматтар қоғамдық жұмыстан, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұсынған жұмыстан бас тартпауы тиіс. Адал жолмен нан табуға, отбасын асырауға ақыл- кеңестер береді. Жұмысқа орналастыру да пробация мамандарының еншісінде, — деді Түркістан қалалық пробация қызметінің инспекторы әділет аға лейтенанты Дулат Мықтанбек.

Ал, өз кезегінде «Департаменттер үйінің» басшылығы пробация бөлімі мен есепте тұрған Евгенийге көрсеткен жөндеу жұмысы үшін алғысын білдірді.

— Мен айына бір рет «Департаменттер үйінде» пробация қызметіне тіркелуге келемін. Өзім есік, терезе тағы басқа жөндеу жұмыстарымен айналысқанан кейін болар кіреберіс есіктің қисайып тұрғанын бірден байқадым. Есікті ашып, қайта жауып ауыстыратын жерін көріп кеттім. Ертеңіне құрал-саймандарымды алып келіп, есікті жөндеп бердім. Менің түзелу жолында түсуіме үлкен мүмкіндік жасаған пробация қызметіне алғысым шексіз. Осы жерден өзімнің жасаған қателігімді түзеуіме және қайта қылмыс жасамау жолында еңбек ету керектігін түсіндім, — деді пробация есебіне тұратын Евгений.

Комментарий