ДетективЖаңалықтар | НовостиКОНКУРС ДЕТЕКТИВ

ҚОРҚАУ

Нарық қысқан заманда ауылда сүйенер тірек, тіршілікке жалау болар қызығушылық қалмады. Соның салдарынан ауыл адамдары жұмыс іздеп қалаға көшуді әдетке айналдырды. Берік пен Нұралидың отбасы Талғарға көшетін болып, ауылдағы Бәкірбайдың дырылдақ камазын жалдаған.
* * *
Қос отбасы қалаға көшіп келіп, жұмыс қарастыра бастады. Қатыгез қала жаңадан көшіп келген тұрғындарға құшақ жая қойған жоқ.
* * *
Келісов көшесімен Нұрали серуендеп келе жатты. Көшенің қиылысынан өте бергенде бір бала жүгіріп шығып:
– Бауырым, арқалашы мені тез, көмегің керек, жылдам, – деді.
– Әй, түсіндірсеңші жай ма сенікі?
– Өтініш бір көше арқалап өтші, сосын айтамын. Нұрали бейтаныс баланы арқасына мінгізіп бір көше жүріп өтті. Келесі көшеге бұрылғанда алақтаған бір топ жандарынан асығыс өте берген. Бұзақылардың алыстағанын көрген бейтаныс бала :
– Болды рақмет! Өмірімді сақтап қалдың, – деді ентігін басып отырып.
– Сен кімсің, бұзақылар неге қуып жүр, қай жақтансың, қай жылғысың…
– Оййй, тоқтай тұр. Миым қорытпай жатыр. Асықпай сұрасаңшы, досым-ау,–деп күлді бейтаныс бала.
– Есімім Манас. Сенің ше?
– Мен Нұралимін. Нешедесің?
– Жасым 15-те. Осылай жаңа танысқан бала алғыс ретінде Нұралиді кафеге шақырған. Нұрали таңданысын жасырмады. Оны сезген Манас:
– Бағанағы бір топ бала мені осы ақша үшін ізімнен қуып жүр. Барлығымыз бірге вагоннан жүк түсіргенбіз. Жалпы ауыр жұмыс. Ауыр болса да қомақты қаражат төленеді. Бастықтан ақшаны берсін деп жатыр деп сұрап алдым да, жаңағыларға бермей қашып кеттім. Олар бітіріп ақысын сұраса, бастық менің алып кеткенімді айтқан екен. Солай…
– Сен сонда мені арам ақшаға тамақтандырып тұрмысың? Арсыз, ұялсаң етті, – деген Нұрали ашуланып атып тұрды.
– «Кедейдің бір тойғаны, шала байығаны» деген. Бұл саған ауыл емес, қала. Тағы да айтамын «ҚАЛА». Сондықтан өз күніңді өзің көресің. Көп сөйлемей тамағыңды іш. Қаладағының бәрі осылай күнін көріп жүр.
– Демек, қаладағының бәрі ұрлықшы ма?
– Солай деуге де болар. Бұл жақта тек полицейлерге ұсталмасаң болғаны, қалғаны уақытымен келе береді. Ас ішкен екеуі көшеге беттеді. Манас Нұралиді үйіне дейін шығарып салған. Ақкөңіл жігіт салдырлап сыр жасырмады. Ал Манастың қулығы ішінде. Нұралидің қандай қиындық болсын тастамайтынын түсінген Манас Берікпен таныстырып, достастыруын өтінді. Сенгіш Нұрали бірден
келісімін берді. Ертесіне Беріктікіне соғып, Манасты күткен. Енді келе қоймас деген уақытта үсті басы алба-жұлба болып Манас та жетті. Оны көрген Нұрали:
– Ұрлықты қойып, адал жолмен нан табуға шықтың ба, досым, – деп күлді.
– Иә, ақша табу оңай емес… Үшеуі бірден тіл табысып кетті. Манас жаңа достарына жұмыс ұсынып көрген:
– Жігіттер, жақсы жұмыс бар. Бірақ, онша көп төлемейді. Бір адамға тоғыз мың теңге. Үшеуіміз жасап, бөлісіп аламыз. Менде үш велосипед бар. Сонымен барамыз. Қалай қарайсыңдар? Берік секемденіп, онысын Нұралиге айтып көріп еді, ол тыңдай қоймады. Үш велосипедке отырған
жігіттер Манас айтқан мекенжайға келді. Бес жүз құрылыс кірпішін тасу қажет екен. Ауылдың екі еңбекқор баласына бұл жұмыс дым емес-тін. Соны байқаған Манас өтірік қолын ауыртып алғандай болып, он шақты кірпіштен соң демалып отырды. Екі дос бір сағатқа жетер жетпес уақытта жұмысты бітіріп тастады. Манас жұмыс берушіден ақшаны алып, үшеуі үйлеріне бет алды. Әркімге өз еңбегін беріп, Манас:
– Жарайсыңдар. Осылай байып кетеміз. Әлі-ақ ата-анамыз бізді мақтан тұтады.
– Ата-ана демекші, сен өз отбасың жайлы айтпадың ғой,–деді Берік. – Айтатын несі бар. «Әкем қайтыс болған» дейді анам. Ал, анам кафеде жұмыс жасайды. Мен бірақ, анамды мойындамаймын. Маған оның тіпті керегі жоқ.
– Неге олай дейсің. Ата-ана баласына жаманшылық ойламайды ғой. Бұның дұрыс емес, досым, – деді Нұрали.
– Жарайды бұл тақырыпты жаба салайық! Одан да ертең қандай жұмыс жасаймыз, соны іздестірейік, ақылдасайық. Жақсылап демалыңдар. Ертең өзім шақырамын.
* * *
Қалың ұйқыда жатқан Берік амалсыздан көзін тырнап ашты. Терезені ашса Манас тұр. Қайта қауышқан үшеуі бұл жолы саябаққа беттеген. Манас қыздарға қарағыш. Сұлу көрсе ізінен еріп кетуге бар. Бірде таныса салған қызға қол жүгірткен оны сыралғы достар жақтырмай қалды. Артынша әрекетін жуып-шайған Манас жаңа таныстарын анасы жұмыс істейтін кафеге шақырған. Даңғұрдұңғыр әуен, жартылай жалаңаш, темекі шегіп жүрген қыздар мен ер адамдар. Ауылдың балаларына бұл көріністер ерсі көрінген. Үшеуінің көзі сақалды еркектің алдында отырған орта жастағы әйелге түсті. Қарсылық көрмеген еркектің қолы сумаңдап әйелдің бүкіл денесін шарлап шықтыау. Берік пен Нұрали ұялып төмен қараған. Ал Манас екпіндей барып бейқам отырған еркекті жұдырықтың астына алды. Жерге жалп етіп құлап, бет-аузын қорғаған жанды аяйтын
түрі көрінбейді. Екеуі жүгіріп тоқтатпағанда әрі қарай не болары белгісіз еді. Ашық-шашық киінген әйелдің Манастың анасы екенін жігіттер тек осы кезде білді. Кассадағы ақшаны уыстай алған Манас жүгіріп сыртқа беттеген. Бұлар да қалмай соңынан ілесті.
– Отбасың жайлы айт дедіңдер, қалай айтамын? Әкемнің кім екенін білмеймін, анам ішкілікке салынған. Көретінім жаңағы көрініс. Біресе ананың құшағында, біресе мынаның төсегінде. Күйінемін, ашуланамын. Бірақ, шешем арланбайды. Бұл жұмысты таста десем тастамайды. Талай асылып өлгім келді. Бұйырмады. Құдай мені ала қоймады,– деді тұтығып.
* * *
Арада үш күн өтті. Манас бұрынғыдай жиі келмейтін. Берік пен Нұрали оны ұяттан бізге қарай алмай жүр деп түсініп, өздері іздеп барды. Манас көл жағасында жалғыз отыр екен. Бұларға селқос қарады. Ананы-мынаны сөз еткен жігіттер Манастың жейдесіндегі қан дағын байқап қалған.
– Мынау не қан? Аманшылық па?
– деді екеуі де жарысып.
– Ааа… мұрным қанады, күн өткен ғой, – деді Манас бір нүктеге қадалған қалпы. Ал бұл кезде бозбала жігіт туған анасын пышақтап, қан жұққан кездікті көлге лақтырып отырған болатын. Ертесіне қылмыстық іс қозғалып, полиция қылмыскерді іздей бастады. Марқұмның соңғы рет жанында болған ұлы мен кафедегі бейтаныс еркек еді. Алайда қолда айғақ болмаған соң полицияның екі күдіктіні де босатудан басқа амалы қалмады. Артынша Манастың әкесі іздестіріліп, бала соның атына жазылды. Алайда, қатерлі аурудың қармағына ілінген әкесі балаға қарайтындай
жағдайда емес еді. Осыдан кейін Манас жетімдер үйіне жіберілді. Екі досы қонақ болып үнемі келіп, ақша беріп, Манас айтқан тапсырмаларды орындап жүрді. Осылайша өзі қылмыскер болғанымен қоймай Манас екі ақкөңіл баланы қылмыс әлеміне байқатпай батыра берді. Жетімдер үйі Манасқа бірден ұнай қоймады. Беретін киімдері де жұпыны, тамақтары да дәмсіз. Тек жіпсіз байлап тұрған Жайна ғана. Әдемі, әдепті қызға Манас шынайы ғашық болды. Қызды қарату үшін барын салды. Берік пен Нұрали де достарының өтінішімен қызға гүл әкелуден шаршаған жоқ. Мұны қыз да бағаламай қалмады. Ақыры бұл сезім үлкен махаббатқа ұласқан.
* * *
Манас пен Жайна кәмелет жасына толғаннан кейін жетімдер үйінен кетті. Жаңа өмірге аяқ басқан қыздың уайымы көп еді. Алайда Нұрали мен Берік Манасты өз үйлеріне шақырып, Жайнаға пәтер жалдап беруге шешім қабылдады. Бос уақыттарында жұмыс істеп ақша жинаған тиянақты
жігіттер өз күштеріне сенген болатын. Сол жылы екі дос сыныптастарымен өтетін жаңа жыл кешіне Манас пен Жайнаны да шақырды. Жайнаға жабылып киім әперген жігіттер, Манасқа өздерінің әдемі жейде, шалбарларын ұсынған. Бұл кешке Нұрали мен Беріктің жүрегіне шоқ салған қыздар да бармақшы. 27 желтоқсан. Барлығы кешке сақадай-сай. Манас өзінің бұрынғы сыныптастарымен қауышып, ортасы кеңейгендей көрінді. Сол күні алкогольден ұрттамаған Жайна ғана. Кеш ортасына қарай Нұрали мен Берік ішімдік пен сусын әкелуге кеткен. Қалғандары ырғатыла билеп,
айқайлап ән шырқауға кірісті. Осы кезде Манас Жайнаны қолынан ұстап, жатын бөлмеге жетелеген. Әбден шаршаған Жайна тыныш жерде ұйықтасам деп ойлаған. Алайда әбден масайған Манас Жайнаны күшпен шешіндіре бастады. Ләззатты ойлаған жігіт қыздың жылағанына да қараған жоқ. Әрі уайым, әрі шарасыздығына күйінген қыз бір сәтте естүстен айырылған. Аузынан ақ көбік аққан қыздың етегінен де қан тоқтар емес. Бұны көрген Манас қорқып футболканы Жайнаның аузына тықты. Тынысы тарылып тұншыққан қыздың бірте-бірте демі үзіліп бара жатқандай көрінді. Бір бәлеге ұрынғанын білген Манас тез арада қашу керегін түсінді. Үстел басында тұрған біреудің қалың шалбарын киіп, жалаңаш денесіне қалың куртканы іле салған ол бөлмеден дым білмегендей кете берді. Қазақстанда қалуға болмайтынын түсінген ол, телефон
номерін ауыстырып, Қырғызстанға ұшып кетті.
Ал қыздың өмірі қыл үстінде тұрды. Жайнаны алғаш байқаған Лаура болды. Оңаша жерде сөйлеспек болып, тыныш бөлмеге кірген қыз еденде қозғалыссыз жатқан Жайнаны көріп жанұшырған. Артынша қорқынышын жеңген жастар жедел жәрдем шақырды. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жастардан жауап алу үшін бәрін бөлімге жеткізген. Қылмысты кім жасағаны
белгісіз. Ешкім ештеңе көрмеген, ештеңе естімеген. Қыздың жанында жатқан киімдердің кімдікі екенін сұраған із кесушілер қылмыскерді таптық деп ойлаған. Бірақ күдікті екеу. Футболка – Нұралидікі, шалбар – Беріктікі. Осыдан кейін күдіктілер тергеу изоляторына қамалды. Сол күні камераны кім өшіргенін білу мүмкін болмады. Сабина барлығын көзбен көргенімен, айтуға батылы
жетпеді. Өйткені, Манас мектеп кезінен Сабинаны қорқытып, юбкасын көтеріп, ақшасын тартып алатын. Бала күнгі қорқыныш, психикаға әсер етпей қоймайды екен. Нұрали мен Берік те киімдерін Манасқа бергенін айтып ақталуда. Ал Манастың Жайнаға әлімжеттік көрсеткенін дәлелдеу мүмкін болмай тұр. Ендігі үміт – Жайнада. Алайда, Жайна алты ай бойы комада жатты. Барлық айғақ екеуін кінәлі етіп тұрған соң олардың ақпыз деген сөзіне сот та сенген жоқ. Ақыры екеуі 8 жылдан арқалап, түрмеге кете барды…
Тек бір жылдан соң ғана Жайна көзін ашты. Бірақ психикалық соққы алған қыз ештеңені есіне түсіре алмаған. Жайнамен ең білікті дәрігерлер мен психологтар жұмыс жасады. Процедураның соңғы мүмкіндігі қылмыс болған жерге апару еді. Міне тергеуші жетектеген қыз жатын бөлмеге жетті. Қан жұққан футболка мен шалбарға көзі түскен қыз жүрелеп отыра кетті. Көз алдынан сол бір
сұрықсыз күнгі көріністер тізбектеліп өтіп жатыр. Шыңғырып жылаған қыз қайтадан талықсып кеткен… Тек үш күннен соң қыз өз еркімен сұхбат беруге, шындықты айтуға келісті. Оқиғаны толықтай баяндаған соң, Манасқа Қазақстан бойынша іздеу салынды. Алайда, нәтиже бермеді. Ең бастысы, жазықсыз жастар бостандыққа шықты. Ал қанша жерден аты-жөнін өзгертіп, құжаттар жасатып, бет-әлпетіне операция жасағанымен Манастың өмірі жақсы жаққа өзгермеді. Өз анасын өлтіріп, сүйіктісін қорлаған, адал достарын сатқан адамның өмірі жақсы болған ба? Қырғызстанда ережесіз жекпе-жекке қатысып, ақшалылардың ермегіне айналған ол ішіндегі өксікті есірткінің уытымен басқысы келетін. Бірақ есірткі жас жігіттің күш-қуатын азайтты, әлсіретті. Басында кез келген қарсыласқа қасқайып қарсы тұратын Манастың бағы тайды, байларға керек болмай қалды. Табысты төбелестен тауып келген жігіт осыдан кейін Қазақстанға келіп, бірнеше мықты жігітті төбелеске қосып, ақшасын еселеуді ойлаған. Бірақ айтаққа еретін ақымақ жоқ. Оның үстіне жастар қазір біреудің айтқанымен жүре қоймайды. Өз еліне келген Манас Жайнаның іздеп жүргенін білген де жоқ. Ол үшін Жайна жоқ, Жайна сол жаңажылдық кеште көз жұмғандай көрінетін. Ал Жайна болса, өзін қорлаған жігіттен кек алуды өмірінің мәніне айналдырды. Жатса да, тұрса да соны ойлаған қыз ақыры заңгерлік білім алып, тергеуші болып қызметке орналасқан. Оны полицияның қауіпті, мазасыз жұмысы қорқыта алған жоқ. Тіпті тұрмысқа шығуға ұсыныс жасағандар да әсер ете қоймады. Жүрегіне кек тұнған қыз қалайда Манасты темір торға отырғызсам дейтін. Қырғызстаннан арнайы келіп, жас жігіттерді ережесіз төбелеске еліктіріп жүрген жігіт туралы ақпарат таңертең түскен. Баласының ертеңіне алаңдаған ана жанұшырып мұндай еліктірушілерге тосқауыл қоюды сұраған-ды. Арыз түскен соң жедел уәкілдің бірі көп ақша тапқысы келетін жігіттің бірі ретінде Манаспен кездесуге барған. Олардың кездесуі арнайы таспаға жазылды. Таспаны көрген Жайна таңданып қалды. Мынау Манас емес пе? Шашын тықырлатып алдырып, мұрны қисайған жігіттің бетіне бірнеше ота жасалғаны байқалып тұр. Бірақ көз жанары соныкі. Адамның жанары өзгермесе керек. Енді екеуара әңгімені тыңдауға көшкен. Сол дауыс. Мынау расымен Манас болса керек. Жедел уәкіл күдікті ұстаған шыныны да қоса ала кеткен екен. Сараптама шыныдағы саусақ таңбаларының осыдан он жыл бұрын ортақ базада сақталған Манас Омарханұлының саусағымен сәйкес екенін растады. Осыдан кейін қылмыскерді құрықтау ғана қалған.
Нұржалғас ЖАҢАБАЕВ

Комментарий