Жаңалықтар | Новости

СҚО-да шөп қымбаттады: ауыл тұрғындары малын союға мәжбүр

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғындары малын жаппай союға мәжбүр. Жұрт малға беретін жем-шөп жоқ деп шағымданып отыр. Өйткені шөптің бағасы бірнеше есе өсіп кеткен, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Astana.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрын жем-шөп тоннасына 10 мың теңгеден болса, қазір құны 40 мың теңгеге жетеді. Қысқа дайындалу үшін кем дегенде миллион теңге жұмсау керек, дейді фермерлер.

«Оны (бұзау. — ескерт.) ешкім сатып алмайды. Алты айлық. Қанша күшімді салып, жемдедім. Енді союға тура келеді. (…) Тракторды сатып алдық, трактор бар. Бірақ әлі роторды (шөп шапқышты — ескерт.) сатып алу керек. Ол 500 мың тұрады. Мұның бәрі шөп шабу үшін ғана. Шөпті барып, қолмен орып алу мүмкін емес. Бір сиыр болса жарайды, ал жетеуі болса ше?», — деп шағымданды Покровка ауылының тұрғыны Наталья Фабер.

«Бізге 200 түк шөп қажет. Ол үшін 2,5 миллион теңге төлеу керек. Бізге тиімсіз. Олар шөпті оңтүстікке жібереді. Мен олардың неге бұлай істейтінін түсінбеймін», — деп бөлісті Покровка ауылының тұрғыны Сергей Фабер.

Шенеуніктер мұндай бағаны алғаш рет естіп отырғанын айтты. Олар жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге түкті бес мың теңгеден сатуды тапсырған.

«Шөп 12 мың теңгеден — мұндай дерек жоқ. Кеше ғана Покровка ауылында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен жеке кездесу өткіздік, онда олар 5-8 мың теңгеден шөпті сатып жатыр. Биыл жаздың ыстық болуына байланысты, Покровкада шөп бағасы бес мың теңге болуы керек деген ортақ келісімге келдік», — деді Есіл ауданының әкімі Медет Оспанов.

Ауыл шаруашылығы басқармасы жем-жөп дайындау мәселелері бойынша жедел штабтар құрылғанын түсіндірді. Бағаны ұстап тұру үшін дайындаушы шаруашылықтар мен әкімдіктер арасында меморандумдар жасалған. Бұл шаралар тиімді бола ма, жоқ па деген мәселе ашық күйінде қалып отыр, фермерлер биліктен шешуші әрекет күтеді.

Бұған дейін бірнеше аймақта құрғақшылық салдарынан мал қырылып жатқаны хабарланған болатын. Еліміздің батыс және оңтүстік өңірлері, Маңғыстау және Қызылорда облыстары ең көп зардап шекті. БАҚ мал азығы қымбаттағанын жазып жатыр.

Комментарий