12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Есірік

Өте ілгеріде, оңтүстік астанамыз Алматы қалалық ІІБ-нде кезекті жедел-тергеу тобындағы қызметімді атқару кезінде «Адам өлімі! Жылдам оқиға орнына жету керек!», – деген суық хабарды ести сала жолға шықтым. Банк алдында басынан оқ тиген әйел қанға бөктіріліп жол үстінде жатыр. Біреуге қастандық істейтін немесе қылмысқа күдікті болатын жанға мүлдем ұқсамайды. Қасында шашылып жатқан екі пакеттегі заттарын көріп, азық-түлік дүкенінен шыққанын болжадым.

Түпкілікті оқиғаның түйіні банк кассирінен жауап алғанда белгілі болды.Оқиға банк іші адамнан толық босаған кезде болған. Алдын ала ғимаратқа кіріп, уақыт өткізген қанық көк түсті спорт курткасын киген, ұзын бойлы, денесі тығыршықтай жас жігіттің, касса жаққа жиі көз тастап тұрғанын ешкім байқамаған… Соңғы адам шыққан кезде, әлгі жігіт касса алдындағы терезе бекетінен секіріп түсіп, кассирге Макаров соғыс тапаншасын кезеніп, кассадағы бар ақшаны беруін талап еткен. Кассир амалсыз бар ақшаны берген кезде, қарулы қарақшы келген ізімен қайта секіріп түсіп, ашық тұрған есікке ұмтылған. Арнайы әскери дайындықтан өткен кассир әйел, қашып бара жатқан адамға 3 рет оқ атқан. Алайда, 2 оқ босағаға тиіп, 3-ші оқ есік қуысынан, қабырғаны айналып өтіп, бой тасалап кеткен қылмыскерге тимей, көшеде кездейсоқ және қамсыз өтіп бара жатқан әйелдің басына тиіп, миын шашып жіберген. Бір қызығы, менен бұрын оқиға орнына шыққан жергілікті орган қызметкерлері жаңа ғана оқ атылып, есі шыққан кассирдің қолындағы соғыс қаруын алуды салғырттықпен ұмытып кеткен. Тиісті жедел-тергеу іс-әрекеттерімен айғақтарды заңдастырып алып, мәйітті сот-меди­циналық сараптамаға жолдап, қарулы қарақшының сөз суретін салып, іздеу жариялаған соң, атышулы аса ауыр қылмысты іздестіру мен зерделеумен өткен тынымсыз күндер мен түндер басталды.

Сондай күндердің бірінде сол кездегі Фрунзе аудандық ІІБ-нің қылмыстық іздестіру бөлім басшысымен екінші қабаттан төмен түсіп келе жатқанмын. Жоғары көтеріліп келе жатқан милиция сержантының жүзі таныс көрініп, күдіктенгенімде, бөлім басшысы ол жігітті жақсы жағынан мінездеп, шаң жуытпады. Бір жағынан өз қызметкеріне қорған болған оның сеніміне риза болдым. Алайда, кеудені талай оққа төсеп, ел тыныштығын қорғап, кәсіби шыңдалған тәжірибеме сүйеніп, мен күдікті сержанттың артына тыңшы салып қойдым…

3 күннен соң жедел түскен ақпарат бойынша оның алғашқы қылмыс орнына киіп барған қанық көк түсті курткасымен қала көшелерінің бірінде келе жатқанын естіп, ұтымды сәтте, қойнындағы соғыс қаруын қолдануға мүмкіндік бермей, әскери самбо тәсілін қолданып құрықтадым. Куә ретінде сұралған кассир қарақшыны бірнеше адамның ішінен айнытпай таныды. Соғыс қаруының ізі бірнеше рет мемлекет мүлкін тонау мен адам өліміне қатысты қылмыстық оқиғалардың бетін ашты.

Қаңғыған оқ

1983 жылы сол кездегі ОҚО ІІБ Түркістан АІІБ-нің бірнеше учаскелік инспекторы табельді қаруларымен аңға шығып, Жүзімхан есімді учаскелік инспектор жарыққа көзі шағылысып, ештеңені көрмей, мәңгіріп қалған қоянды жалғыз оқпен атып салған. Арақтың буына піскен милиция қызметкерлерінің арасында мерейі үстем болған оның «ерлігін» қайталаймын деп екіншісі атылған оқпен әріптесінің шабындағы күре тамырын жаралап, қан тоқтамай, аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне кешігіп жеткізілген жаралы қызметкер қаза болған. Оқиғаның жай-жапсарын жылы жапқан бірнеше қызметкер ІІО-нан аластатылған.

1991 жылы сол кездегі ОҚО ІІБ Түркістан ҚІІБ-ның патрульдік-постық қызметінің (ППС) қатардағы қызметкері Нұрлан есімді тұлға, кезекшілік ауысымды жұмысында 9 мм «Макаров тапаншасы» табельді отты қаруын алған соң, қызмет маршрутынан тайып, әріптесінің үйлену тойына барады. Спиртті ішімдік ішіп алған соң, жаңа үйленген жастардың қасына барып, қызмет қаруын оқтап, тапанша шүріппесін басып қалғанда оқ әріптесінің басына тиіп, отбасын енді құрған жас азаматтың миын шашып жіберген болатын. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған қызметкер ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қыл­мысты жасағаны үшін 10 жылға бас бос­тандығынан айырылып, мерзімінен бұрын шартты түрде босап шықты. Ал бір шаңырақ уығын енді қайтып тіктемеді.

Мастанған инспектор

Шорнақ ауылының учаскелік инспекторы Қуаныш Абдраимов ауыл маңынан өтетін Шымкент-Қызылорда тас жолы бойын торып, малына шөп, үй құрылысына тас тасыған ауыл тұрғындарын қан қақсатып, әбден менменсіген. Кейіннен «ұйықтап жатқанда жыныс мүшемді ұстады» деген сылтаумен емізулі баласын жұбатып жүрген бірінші балдызын 1 оқпен, қылмысқа куә болған екінші балдызын көше аралап, қуып жүріп, 3 оқпен жайратып салады. Артынша үйіне келіп, киімі мен заттарын жинап, оқиға болған жерден бой тасалап, қашып кеткен. Жедел іздестіру шаралары барысында Жамбыл облысы, Жаңатас ауылының учаскелік инспекторы болып қызмет атқаратын ағасының үйінде тығылып жатқан жерінен ұсталды. ҚК-нің 96-бабының 2-бөлігінің бірнеше ауыр тармақтарымен айыптал­ған ол 15 жылға бас бостандығынан айыруға, оның алдында 2 жыл айдауда өткізуге сотталған, жәбірленушілер наразы­лығы­нан соң, ОҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалау сот алқасының үкімі­мен жаза өзгертілді 15 жылға бас бостан­дығынан айыруға, 4 жылға айдауда және жазаның алғашқы 2 жылын түрмеде өткізуге тиісті ол, Қылмыстық кодекс­ке енгізілген өзгертулер мен түзетулер негі­зін­де «айдауда» болу жазасы алынып, жаза­сы­ның 3/2 бөлігін өтеген соң, 2001 жылы бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігінен шартты түрде бұрын босап, Түркістан қаласында такси жүргізушісі болып күн көріп жүрген.

2007 жылдың наурыз айында бұрынғы ҚР ІІМ Көліктегі шығыс ІІБ Арыс және Түркістан станциясы темір жол бөлімі жасөспірімдер бөлімінің инспекторы, Шымкент милиция мектебінің түлегі Руслан Ахиров құқық қорғау саласынан қуылған еді. Ата-анасының байлығына мастанған ол 7,62 мм ТТ қаруын оқтарымен заңсыз иемденіп, өзімен бірге алып жүрген. Бірде достарымен ішімдікке әбден масайған жігіт Шымкент қаласындағы бір кафеде люстра лампочкаларын атып, ол аздай, тыйым салмақ болған күзет қызметкеріне оқ жаудырып, қызметкердің қуығын жаралаған. Қосымша күш ретінде келіп қалған милиция жасағына қару қолданбақ болғанда, оқ ұңғыға кептеліп қалып, осы мүмкіндікті пайдалан­ған милиционер оны қарусыздандыруға ұмтыла­ды. Күдіктінің жол таңдамайтын автокөлігінде заңсыз сақталған 12 калибр­лі, көп оқты, оқтаулы, помпалы, жұм­сақ ұңғылы қаруы тәркіленді. Ахиров ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 96-бабының 2-бөлігінің «а,б,е,и» тармақтарымен, 251-бабының 1-бөлігімен, 257-бабының 3-бөлігімен айыпталып, 58-бабының 3-бөлігінің талаптарына сәйкес, тағайындалған жазалардың жиынтығы бойынша 14 жыл бас бостандығынан айыруға, жазаны қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеуге сотталған. Қазіргі таңда, қылмысқа бейім кез келген полицейдің қолынан жараланып немесе жазым болып жатқан адамдар саны азаймай тұр.           

Ана зары

Түркістан қалалық сотындағы Бұхарбаев Жандос Серікұлына қатысты кезекті сот отырысы өтті. Қандықол қылмыскердің аяусыз тепкісінен ажал құшқан боздағын жоқтап жылаған ана зары ұзаққа дейін ауада қалқып тұрды. Алайда, сотқа қатысушылардың ешқайсысы бұл зарға селт етпеді. Өйткені, қылмыскердің ата-анасы лауазымы биік жандар еді.

Түркістан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылының тұрғыны Бегайым  Нұржанованың үлкен ұлы Қайрат облыс­тық мәслихат депутатының қызы Бибібатимаға үйленгенде қатты қуанған еді. Тіпті, келінінің бұрын есік көріп, бағы жанбағанын естісе де мән бермеді. Қайта ауылда жұмыс таппай, аздаған қаржысын ішкілікке жұмсап жүрген перзенті ес жия­тын болды деп көңілін демдеген.

2010 жылы баласының отбасында дүниеге ат ұстар ұл келіп, есімін Нұрсұл­тан деп қойды. Баласы Түркістан қаласындағы «Наурыз» атты ойын-сауық комплексінде жұмыс істеді, әрі Шорнақ ауылында «Бура» атты кешенде шлакты блок шығаратын цехын асханасымен жалға беріп, ақысын алып тұратын. Ұлы мен келіні қалталы құдасы салып берген шағын үйде тұрып жатты. 2012 жылдан бастап ұлы жыл сайын сол үйін жөндеу­ден өткізіп, 10 метрлік залын қосты, одан кейінгі жылдары тағы да екі бөлме қосып, үй шатырын ашып, қайта жапты. Сыртын пенопластпен қаптады. Биыл түгел бітірдім деп отырған еді. Анасының «Біреуге берсең қаншама ақша төлер едің, өз қолыңнан келгесін, осы тірлігің де үйіңе кіргізген табыс көзі ғой, істей бер!», – деген сөзіне баласы: «Менің осы тірлігімді бағаламайды!», – деп, келінінің ақша таппайсың деп ренжитінін айтты.Өзі табыс кіргізе алмағандықтан, әйелі­нің қолына қарайды, ақша ұстамайды.

Қарашаның 20 күні той жасады, той өзін жапты деп балам қуанып мәз болып жүрді. Тойдан түскен ақшаны келіннің өзі алған. Бір күні жылқының етін алған иесі хабарласады, одан кейін басқалар қарыз­дарын сұрай бастайды, бәріне де қарыз төленбеген. Тойға 1 200 000 теңге шығын шықса, қонақтардан 1 400 000 теңге ақша жиналған. Сонда тойдан түскен ақшаны қайда жібердің деп сұраған. Ақырында, жан-жағымыздан қарыздар қысты. Енді маған қоймай жалынып, сол Созақтағы жігітке мені алдына салып, үйдің құжаттарын апарып беріп, атына аударып, 1 миллион 200 теңге қарызға алды деді. Жігіт процентсіз берген. Бұдан бұрын да 3 миллион теңге алған. Ол ақшаға шлак құятын станок алған. Ол жігіт стоматолог болып істейтін, жағдайы жақсы, қолында қаржысы бар жігіт. Маған сауабы тисе болды деп айтады екен. Намаз оқитын қарапайым өте жақсы жігіт деп ұлым әрдайым мақтап айтып отыратын. Тек балам келіншегінің ақшаны қайда құртып жатқанына таңданатын еді. Кикілжің осы қаптаған қарыздан туады.  

Бір барғанымда дастарқан басында осы ақша жөнінен ұрысып қалған келін балама: «Жек көрем, сенен құтылсам болды!», – деп ызғарланды. Тағы бірде екеуінің ілінісіп отырғанын құлағым шалды. Келіннің дауысы қатты шығып жатыр. Балам «Айтамын!», – деді. Келін «Айтсаң айт! Ал айтсаңшы! Айт!», – деп ышқына айқайлады. Сол кезде мен: «Кіріңдер үйге, даладағы көршілеріңнен ұялмайсыңдар ма, не айқай!», – дедім сабырға шақырмақ болып. Екеуі де ішке кіріп, екі бөлмеге бөлініп жатып қалды. Ертеңінде Қайратқа: «Елдің бәрі далада жатыр, айтатын сөздеріңді үйде айтпайсыңдар ма?», – дегенімде: «ол далаға шығып айқайлағанды, айналаның естігенін қалайды», – деді. Әсіресе, көктемнен бастап келін мүлде өзгеріп кетті, ұялы телефонына хабарлассаң өшіре салады. Барсақ бетімізге тура қарамайды, сөйлеспейді, киініп шығып кете береді. Қыздарыма кіші болса да жолы үлкен, хабарласып, жағдайын сұрап, мейрамда, туылған күндерінде құттықтап тұрыңдар деймін. Қайтеміз, көтермейді ғой телефонды, әрдайым өшірулі тұрады, не сөйлескісі келмейді. Неге телефонға жауап бермейсің, неге олай етесің деп, бірде біреуіміз бетіне жел болып тигеніміз жоқ. Қайсымыз барсақ та, шашылған үйді жинап, ыдыстарды жуып, орнына қойып кетумен болдық.

Қайтыс боларының алдында бір аптадай бұрын қызымның баласы «Қайрат көкенің бет-аузы көкпеңбек, біреу ұрып кетіпті!», – деп келді. Ести сап бардым. Расында беті, білектері, денесі көгерген. Отырып жыладым: «Балам-ау, не жағдай сендердің араларыңда, не болып барады. Айтсаңшы, ұрған адамды көрдің бе? Танисың ба? Жоқ, көшеде танымайтын біреу ұрып кетті ме?», – деп. Сол күні түнде бізге телефон соғып: «Жандосқа хабарласыңыздаршы, бір жолдас баламмен «Бурада» отырмын. Мені алып қайтсыншы үйге, такси ұстайтын ақшам жоқ», – деген еді. Жолдастарын үйіне апарғанда әйелі күтпейді, сондықтан «Бураға» апарып, шай-тамақтарын, шишасын әперіп, сол жерден күтіп шығарып салатын. Жандосқа звондасақ көтермейді, келінге хабарлассақ, ол да жауап бермейді. Сол жерден қалай қайтқанын білмеймін. Балама сені кім соқты, айтсаңшы дегенімде «Жандос!» деді. «Әйелім мені менсінбейді! Қасына ертіп жүргісі келмейді, өзі қалаған уақытында келеді. Мен сөйлемеймін, сіздер сөйлеме дегеннен кейін», – деді.

«Не істейміз, шешесіне айтамыз ба, әлде баламды ажыратып аламын ба?» – деп ойымызды жинақтай алмай отырғанда, мынадай жағдай болды. Түнгі сағат екіде келін Мұхтарға звондапты. «Қайратты көшеде біреулер ұрып кетіпті, үйге алып келдік, келіп кетші?», – депті. «Жедел жәрдем» шақырсайшы, менің машинам жарамсыз, түнде қалай жетемін, – депті Мұхтар. «Онда, атам мен апама айт­пай-ақ қой, қорқып қалар, таңертең алып келерсің!», – депті. Болған жағдайды Мұхтар таңертең ерте тұрып, бізге айтты. Біз жетеміз дегенше сағат тоғыз жарым болды. Есікті қаққанымызда, келін ашты. Жымиып, бетімнен сүйіп «келдіңіздер ме?», – деп күліп амандасқан соң жүрегім орнына түскендей болды. Мұхтар оза басып, ішке ұмтыла кірді, кірді де ойбай салды. «Өліп қалған ғой!», – деп мен де кіріп үстіне құшақтай құлай кеттім, тас кесек болып қатып қалған екен…

– «Ойбай, өліп қалыпты ғой?!», – дегенімде, келінім, «А, өліп қалыпты ма?», – деп, бетінде абыржу жоқ жайбарақат тұр. Баламның беті бұзылып кеткен, өте қорқынышты. Құлақтан, мұрыннан, ауыздан аққан қаннан жастығы қып-қызыл. Құшақтап басын сипап көрдім, оң жақ құлақтан аққан қан, аға-аға қатып қалған, кірпіштің ізі шлактың тастары басына кіріп кете берген, тісі жоқ. Мұрыны екіге бөлініп, сүйегі сынған, бар жерін сипап көрдім, төбесі пәс, «төмен» түсіп ойылған шүйдесіне қатты соққыдан еті іркілдеп қап-қара болып кеткен, оң қолы ісініп қатты болып қалған. Ал келінім қиналып жатқан адамға жедел жәрдем шақырмаған. Қансырап өліп қалғанша қасына бармаған.  Көршісі милиция шақыр­ды. Милицияның біреуі балама «Тап осы жерде өлтірген!», – деп қан болып кеткен жерді көрсетіпті. Мұхтар алғаш кіріп келе жатқанында, сол жердегі гүлдерге шашыраған қандарды сумен жуған, ол су іркіліп, әрірек барып, ұйып қалған қандарды көрген.

Ауылдан әкесі келді. Милиционерлер Қайратты мәйітханаға алып кетті. Жандостың «Мен өлтірдім!…», – деп мойындағанын естісек те, біздің тарапымыздан артық сөз болған жоқ. Жетісі өтіп жатқанда біздің тарапымыздан шақырылған журналист қызға әрқайсысымыз жауап бердік. Келініңізден де жауап алсақ деп шақырып, сұрақ қоя бастап еді «Адвокатсыз сөйлеспеймін, мен соңына дейін барамын!», – деді шекесінен қарап. Менің бір қызым, – «Әй, Батима, бәріміз де болған жайды айтып, қарапайым жауап беріп жатырмыз ғой. Өз білгеніңді айта салу қиын ба, бұл жерде сот болып жатқан жоқ қой, адвокатсыз сөйлемейтін?!», – деп дауыс көтерген кезде, шешесі жұлқылап қызын алып шығып кетті. Содан кейін, екі жақ айқай-шу болып кетті.

Содан кейін, жетісі тарқауға таянғанда өзінің ауызды деген біраз адамдарын, баласы Берікті ертіп келген құдағи «Кінә екі жақтан, Секеңнің абыройын ойлаңдар!», – дей берді. Сонда менің баламның өлімінен оның абыройы қадірлі, маңызды болғаны ма?

Кемсеңдеп жылаған ананың сөзіне жауап таппай жер шұқыдық.

Әли Нышанов,

Қазақстан Журналистер, Әлем халықтары жазушылары және Түркі жазушылары одақтарының мүшесі.

– Андрей Иванович, Ақмола – табиғат ерекше байлық сыйлаған...

Аумақтық соттылық мәселелері

2021 жылғы 20 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне...

Жаттығу барысында жеке құрамның білімі мен практикалық дағдылары,...

Сотталғандар арасында спорттық шара өтті

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты 68 мемлекеттік...

Алматыдағы жер сілкінісі: Қытайда тағы афтершок тіркелді

Жерасты дүмпулерін сейсмикалық станциялар желісі 15 наурызда Астана уақыты бойынша сағат 07:47-де тіркеді.