ДетективЖаңалықтар | НовостиКОНКУРС ДЕТЕКТИВ

Алты айда ашылған қылмыс

Шошқа қораның есігіне құлып салып тұрып өзінің кешке дейін жұмыстан бас көтере алмағанын, содан қатты қалжырағанын ойлады. «Бүгін ғана ма, күнде сол ғой». Үйге қарай аяңдап келе жатып, күбірлеп сөйлеп қояды. Соңғы кезде сондай бір әдет тауыпты. Өзімен өзі сөйлеседі. Енді қайтсін, елді мекеннен аулақ жатқан «Бенташ» шаруа қожалығында таңның атысы, күннің батысы көретіні топырлаған талпақ танау. Солармен сөйлеседі. Соларды боқтап-боралайды. Мұнда олардан басқа шешіліп сөйлесетін тірі жан жоқ. Бақташы кәріс қатыннан дені дұрыс әңгіме шыққан емес. Күбірлеп
сөйлеп жүріп қара құманға шәй қойып, шөлдеп қалған екен, шәйды тоқтаусыз сіміре берді. Шілденің күні тас төбеден аумай, тұсалып тұрып алды емес пе? Құрып кетсін, бұл Қызылорданың
шілдесі бар ма, тозақ отынан бетер ғой. Шайдан соң темекі тұтатты. Түтінін бұрқылдатып отырып, батып бара жатқан күнге көзін тікті. «Тағы бір күн таусылды, – деді күбірлеп. – Атады-батады, атады-батады. Зымыраған уақыт. Баяғыда ойлайтын, екі мыңыншы жылдан бастап коммунизм орнайды деп. Міне екі мың бірдің де шілдесі өтіп барады. Сенгені құр қиял боп шықты. Коммунизм қайда… қазір қу тамақ үшін босып жүрген жұртты көресің. Қалғып кеткен екен, тарсылдаған дыбыстан шошып оянды.
– Андрей Макарыч, открой! Аш деймін саған! Макарыч басын жастықтан жұлып алды. «Сұмырай! Сен бе тағы?» Күбірлеп жүріп, есіктің ілгегін ағытты. Кеп тұрған Яшков екен! Арғы жағында
қарауытып тағы біреу тұр. Ероха ғой, Қайыржанов. Бұрын осында күзетші боп істеген жас жігіт. Макарыч бұлардың мезгілсіз жүрісінен секем алса да сыр бермегенсіп:
– Бұ не жүріс түнделетіп? – деді.
– Шық бері! – Бұйыра сөйлеген Яшков есік алдындағы орындыққа отыра кетті. Үйренген орны. Қойнынан қаладан ала келген шөлмекті шығарды.
– Сараң түріктің… қожалықтың иесін айтам, жалақымды бермей қойғаны есіме түссе, ит жыным қозады, – деді Яшков екі стақан арақты қылғытқан соң. – Қанша уақыт отымен кіріп, күлімен шықтым. Ай-ай-ай! Ерохаға да төлемепті. Сылтауы көп. Макарыч үн қатпады, аузына салған көк жуаны асықпай шайнап жұтты.
– Макарыч, мынадай жағдай, – деді Яшков бөтелкені орталаған соң оған төне қарап. – Мен Тулаға кетем деп шештім. Өзімнің Россияма… Отыздан астым. Ендігі өмірімді тыныш қана туған жерде өткізем.
– Жолың болсын!
– Макарыч, сөзді бөлме, саған айтарым мынау. Қазір біз анау КамАЗ-ды айдап кетеміз. Сен бізбен бірге барасың! Ұқтың ба? Сатып алатын клиент бар. Бес жүз доллар сенікі!
– Андрей, таста ондай лас ойды. Осы алпыс жасыма келгенше…
– Онда мен сені… – деп тістене сөйлеген Яшков оны жағасынан бүріп ұстап, қылғындыра сілкіп-сілкіп жіберді. Үстел үстінде жатқан пышақты іліп алып Макарычтың бүйіріне батыра тақады.

– Онда мен сені жарып тастаймын! Барасың ба бізбен бірге, бармайсың ба? Айт соны! Макарыч алайып кеткен шарасыз көзін Яшковқа үрейлене тастап:
– Дегенің болсын, жібер, – деді баяу ғана. – Анда кәріс қатын жатыр…
– Онда шаруаң болмасын! – деді Яшков әлденеге тас-түйін бекінгендей Қайыржановқа үй жақты ымдап нұсқады. Екеуі лып етіп үйге кіріп кетті. Макарыч сілейген қалпы орнынан қозғалмады. «Эльзаны өлтіріп тастамаса болар еді!» деп ойлады. Бұл екеуінің түнделетіп келісін жақсылыққа жори алмаса да, Яшковтан дәл осыны күтпеген. Анада жоғалған бес шошқа Яшковтың ісі екенін іші сезеді. Бірақ қожалықтың бастығы Гейдаровқа оны қалай айтпақ? Яшков осы шаруа қожалығында шопыр боп жүргенде талай жартылықты бірге тауысқан досы ғой. Көп ұзамай үйден қытайдың ақ қабын әлденеге толтырып екеуі шықты. Бір қаптың үстінен екіншісін кигізген. Қаптың түп жағы шылқыған қан. Макарычтың төбе құйқасы шымырлап кетті. «Байғұс Эльза… ажалыңмен өлу де бұйырмады-ау саған!» деп қамыға ойлай беріп еді, Яшков оның жанына жетіп келіп:
– Макарыч! Аш рефрижираторды! Тез! – деді ентіге нұсқап. Дауысы бәсең, бірақ ызғарлы естілді.
Өзі аулада тұрған екі КамАЗ-дың біреуін оталдырып, рефрижираторға шегініп келіп тақалды. Қайыржанов сұр КамАЗ-дың дөңгелектерін асығыс шеше бастапты. Борша-борша боп терлеп жүр. Акумоляторларын да тиеп жатыр. Макарыч түтігіп кеткен Яшковтың айтқанын қылмасқа амалы жоғын түсініп, оның бұйрығына бағына берді. Ақырында қаны сорғалаған ақ қапты Яшков пен Қайыржанов екеуі көтеріп әкеп, рефрижираторға артқан дөңгелектердің арасына тастай салды.
– Кеттік! – деп, бұйырды сосын Яшков. – Макарыч отыр кәне! Арқыраған КамАЗ орнынан жұлқына қозғалып, жүріп кетті.
***
Айдауыл қолындағы кісенді шешті.
– Атың Ермек, пәмилең Қайыржанов. Дұрыс па? Айыпкер басын изеді. «Жеке тұлғаларға қарсы жасалған аса ауыр және ауыр қылмыстарды ашу» бөлімінің жедел уәкілдері – капитан Ислам Датаев, капитан Жақсылық Сұлтанбеков, капитан Нұрлан Алдамжаров күдіктіден жауап алып отыр.
– Өзің жап-жас екенсің. Нешедесің?
– Алдымыздағы сентябрьде жиырмаға толам.
– Жап-жас боп қалай мұндай пәлеге тап боп жүрсің? Үн қатпады. Не десін? Бәрін айтты ғой. Айтпасына қойды ма?
– Сендерді полицияға хабарлаған Макарыч деген шошқашы шал. Анау досың да ұсталды. Ол айтады, қылмысты ұйымдастырған сен деп. КамАЗ-ды айдап кетейік деп үгіттепсің. Бұның алдында шошқасын ұрлапсыңдар.
– Мен… мен білмей қалдым… Макарычқа барып қайтайық дегесін…
– Тұра тұр. Шошқа ұрлағандарың рас қой. Әуелі соны айт!
– Рас еді.
– Оны да сен ұйымдастырыпсың. Яшков айтты.
– Өтірік айтады.
– Кәріс қатынды өлтірген сен екенің енді өтірік емес қой. Оның басы кеудесіне құлап, тілсіз қалды.
– Оны мойындауын мойындадың. Яшков кәріс қатынды өлтірме десе де, тыңдамай өлтіріп тастапсың. Балтамен басына соғыпсың. Сосын ол сенен қорқып қалыпты. Солай деп отыр Яшков досың.
– Ол менің досым емес.
– Ол өтірікті соғып жіберуі де мүмкін. Бірақ айтқаны қағазға жазылды. Қолын қойды. Главный бандит енді сен боп тұрсың. Өзің жап-жассың. Үйленбепсің де, түрмеге кете бересің бе бәрін мойныңа алып. Өтірігін шығарғың келсе, оның басқа қылмыстарын айт.
– Аға, ол туралы ештеңе білмеймін. «Бенташ» шаруа қожалығында ол шопыр болды, мен күзетші болдым. Содан танимын… – деп, бірауық үнсіз қалды да, есіне әлдене түскендей басын көтерді.
– Айтпақшы, бір рет айтқан, Жезқазған жақта КамАЗ-дың прицепі бар, соны қойға айырбастап қайтайық деп. Оның өзінің КамАЗ-ы жоқ, прицепті қайдан алған? Ол да ұрлық шығар? Қайыржанов булығып отырып қалды.
– Сонымен Ермек Қайыржановты пышақпен қорқытып Эльзаны өлтірттің! – деді жедел уәкіл Жақсылық Сұлтанбеков Яшковқа төніп келіп. – Түсініп тұрсың ба, кәріс қатынды Ермек Қайыржанов өздігінен балтамен шауып өлтірмеген, сен мәжбүрлегенсің. Демек, кінәнің көбі сенің мойныңда. Шошқа ұрлағаның, КамАЗ-ды айдап әкеткенің тағы бар. Яшков үн қатпады. Түрі қабарып отыр. Көзінен үміт сәулесі сезілмейді. Сөніп қалған.
– Айтпақшы, оныңды былай қоя тұрайық. Сенің КамАЗ-ға қатысты басқа бір қылмысың бар екен.
– Тоқсан сегізден бері ашылмай тұрған қылмыс қой, – деп сол арада отырған жедел уәкіл Ислам Датаев Жақсылықтың сөзін қостап қойды.
– Иә, иә, өлген шопырдың сүйегін көмген жерінен бір қойшы тауып алған, – деп қосты жедел уәкіл Нұрлан Алдамжаров. Яшковтың қабағы еріксіз жыбырлап жазылды. КамАЗ-ға қатысты құпиясы барын ол солай сездіріп алды. «Жеміс-жидек тиелген КамАЗ-дағы екі адамның өлігін тайыз көме салып едік, не де болса, соны біліп қойған ғой. Ал кірпіш апара жатқандар тереңде жатыр» деп ойлады. Екі жақ та көзбен арбасып, бір сәт үнсіз қалған. Ақыры үш тараптан қадалған көздің мысы басты ма, Яшков басын көтеріп:
– Ребята, – деді. Үні бәсең шықты. – Давай келісейік. Бәрін айтам, бірақ бір шартым бар, маған жеңілдік жасаңдар. Тергеуге көмектесу деген бар ғой.
– Ол жағына қам жеме. Жеңілдік жасау туралы «Қылмыстық кодексте» қарастырылған, – деді Ислам сендіре сөйлеп. – Ал айта бер, қалай өлтірдіңдер?
– Қасымда бір өзбек бар еді, сол өлтірді, – деп бөгеліп қалды.
– Бұндай историяның талайын естігенбіз. Осы өтірігің үшін өкінетін боласың!
– Шыным сол.
– Дәлелің болмаса сенбейміз.
– КамАЗ-дың артқы бортын өзенге лақтырып кеткенбіз. Дәлел – сол.
– Сен оны бізге көрсетуің керек! Яшковтың көгілдір көзі бозарып кетіпті. Басын изей берді.
***
Облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Тастемір Сауранбайұлы Рахимов жедел жиналыс шақырды.
– Ашылмаған қылмыстың бірі Қазалы мен Байқоңыр аралығында жоқ болып кеткен екі КамАЗ, – деп сөз бастады полковник. – Толық айта кетейін, 1998 жылдың тамызында кірпіш тиеген бір КамАЗ Қазалы мен Байқоңыр аралығында жоқ боп кеткен. Көлікте Киса Булеев, Зоя Байманова дегендер болған. Ерлі-зайыптылар. Машина да, адамдар да ұшты-күйлі табылмады. Адамдарын өлтіріп, көміп тастауы мүмкін. Өйткені екінші КамАЗ-дағы адамдардың шашылып жатқан сүйегін
сегіз айдан соң, яғни 1999 жылғы сәуір айында мал қарап шыққан біреу көріп, полицияға хабарлаған. Шакал тартқан болуы керек. Сүйектер құмнан шығып қалыпты. КамАЗ Шымкенттен Орал жағына бара жатқан. Жеміс-жидек артып алған екен. Бұның да жоғалған жері Қазалы мен Байқоңыр аралығы. Аты-жөндері анықталған. Әлиасқар Мамышев, Еділбай Мұқанов дегендер екен. Бірақ оларды өлтірген кім? Көміп кеткен кім? КамАЗ-ды қайда құртты, ол жағы ашылмай тұр. Енді тергеуші, капитан Сәбит Жапбаров «Бенташ» шаруы қожалығында адам өлтірген Андрей Васильевич Яшков дегеннің осы екі КамАЗ-дағы қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін деген болжам айтып отыр. Дәлелі бар. Яшков Қарөзек арнасынан КамАЗ-дың артқы бортын тауып берген. Ол борттағы 70 УТН деген нөмір екінші КамАЗ-дың нөмірімен сәйкеседі. Егер осы қылмыстар ашылса, үлкен резонанс тудырғалы тұр. Сондықтан кәріс әйелдің өлімі мен 1998 жылғы екі КамАЗ ісін біріктіріп, жедел тергеу тобын құрған жөн болар. Сіз бұған не дейсіз? – деп жиналысқа қатысып отырған тергеу басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ғанибек Сырмағанбетұлы Отарбаевқа мойын бұрды.
– Жедел тергеу тобын құру туралы ұсынысыңызды қолдаймын. Менің айтарым, оқиғаға үш жыл өтіп кеткен, көп жағдай көмескіленген. Сондықтан оған үш тергеуші бекітейік. Топты басқаруды Сәбиттің өзіне жүктейік.
– Сәбиттің өзі бұған не дейді екен, – деді Тастемір Сауранбайұлы.
– Үш тергеуші қажет емес. Істі жалғыз өзім алып шығам, – деді Сәбит қызбаланып. Әлі отызға толып үлгермеген жас жігіттің бұнысына басқарма бастығы еріксіз езу тартты. – Үш тергеуші болса тергеу материалдары да үш түрлі жазылады. Сосын шатысу болады. Одан да төрт опер беріңіз.
– Жалғыз өзің үлгересің ба?
– Үлгерем!
– Ғанибек, қалай ойлайсың, сенуге бола ма?
– Сәбитке сенуге болады. Айналысып жүргені өңкей адам өліміне қатысты қылмыстар. Нәтижесі де жақсы,
– деді Ғанибек Сермағамбетұлы.
– Олай болса, шешім осы болсын. Бірақ біз бәріміз, менен бастап, көмек берейік. Бәрін бір Сәбиттің мойнына артып қоймайық, – деді Тастемір Сауранбайұлы.
***
Тергеу басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ғанибек Сермағанбетұлының өзі туралы айтқан жылы сөзіне Сәбиттің көңілі кәдімгідей-ақ көтеріліп қалсын. Расында тергеп-тексеріп жүргені кілең-дағы адам өліміне қатысты қылмыс. Бұл жолы да сол, адам өлімі. Онша қиын іс емес,
қылмыскерлер де алысқа ұзамай қолға түсті. Дәлел жеткілікті. Мосқал шошқашы қолмен қойғандай куәлік етіп тұр. Мәселе тереңге кететін сияқты. Бәрі жұмбақ. Ұштығы шығып тұр, бірақ ол әлі аз.
***
…Яшков ұзынша бойлы, сары орыс. Тергеуге алғаш әкелген кезде Сәбит оның көкейіндегісін түгел оқып алғысы келгендей көзінен көзін айырмай, үндеместен ұзақ барлаған. Шыдамады білем, ақыры ол көзін алып қашты. Мойнында адам қаны болса, қалай алып қашпасын.
– Андрей, – деді екінші мәрте тергеуге алып келгенде. – Сен КамАЗ-дың шопыры мен оның қасындағы адамды өлтірген күдіктісің? Кәне, оқиғаны түгел сипаттап айт! Сұрақты төтесінен қойды. Өйткені Қарөзектен табылған көлік қорабының артқы жақтауы жеміс-жидек тиеген КамАЗ-дікі екені анық белгілі болған.
– Оны мен өлтіргенім жоқ. Оны өлтірген Баха. Өзбек.
– Оқиға қалай басталды?
– Қазалыға қарай бара жаттық. Жолда КамАЗ тұр екен. Баха айтты, сен барып біл неше адам бар екенін, біз артыңнан барамыз деді.
– Біз артыңнан барамыз деді ме, Баха?
– Иә.
– Онда Баха екеуіңнен де басқа адамдар болған екен ғой қастарыңда? Яшков осы араға келгенде тосылып қалды, аңдаусызда сөзден сүрініп, мүлт кеткеніне өкінген сыңайлы.

– Төртеу едік, – деді сәл бөгеліп.
– Менің «девяткаммен» бара жаттық. Сосын олар түсіп қалды. КамАЗ-ға өзім бардым. Екі адам екен. Радиатордың суы қайнап кетіпті. «Суға барып келеміз» деп, біреуін алып кеттім. Суды алып келдік. Сол кезде Баха алдымыздан шыға келіп, менің қасымдағы адамды келтек мылтықпен атып жіберді. Машинада қалған жігітті де атып өлтіріпті. КамАЗ толы жеміс-жидек. «Қызылордаға апарып сатамыз» деді.
– Тағы екеу кім? Аты-жөнін айт!
– Біреуінің аты Женя, екіншісі Андрей.
– Баханың фамилиясы кім? Женя мен Андрейдің ше?
– Шынымды айтсам, білмеймін.
– Оны еске түсірудің тамаша бір әдісі бар, – деді тергеуші күліп. – Бүгін түнде есіңе тез түсіресің. Мен саған көмектесем! Шын айтам.
Ертеңіне темір тордан мысы басылып, жүні жығылып шыққан Яшков Женяның Соболев Евгений Анатольевич, Андрейдің Левченко Андрей Андреевич екенін бөгелмей айтты. Баханың шын аты Бақтияр екен. …Яшков қамауға алынғаннан-ақ жазадан құтылудың жолы кесілгенін түсінген. Әуелі он бес жылға мойынсынды. Кейін жиырма жылды да мақұл көріп жүрді. Жиырма жыл отырса бостандыққа елу алты жасында шығады екен. Жиырма жылдан кейін де бостандықта өмір бары көңілін сәл-пәл жұбатады. Болашағына тіреу болар нәрсе сол ғана еді. Енді тергеуші оны да көпсінгендей, өлімсіреп жанған сол үмітін жалп еткізіп сөндіріп кетті.
– Мойныңда үш адамның қаны бар. Осының өзі өлім жазасына жетіп жатыр. Кел, екеуміз бір нәрсеге келісейік, – деді тергеуші Сәбит Жапбаров. Жүзінен аздаған жылылық білінді. Алдына пластик бөтелкедегі қытайдың сасық арағы мен балқып піскен кәуап қойды. – Сен одан да қалған өміріңді ойла. Не ішкің келеді, не жегің келеді? Жаның не қалайды? Айт, бәрін әкеп берем. Келіншегіңмен кездескің келсе, оны да айт! Орындаймын. Яшков тергеушіге аңтарыла қарады.
– Иә, иә, орындаймын. Менің жалғыз ғана шартым бар. Сен шындықты бүкпей, бәрін айтасың. Кірпіш тиеген КамАЗ сенің ісің. Сенің қолтаңбаң. Соны мойындап, көрсетіп бересің. Егер оған келіспесең, онда өзің біл. Мына тас камерада отырғаның отырған. Ертеңге дейін уақыт берем. Ойлан! Осыны айтып тергеуші камерадан шығып кетті. Темір есік тарс жабылды. Төбе тұстағы ойықтан сыздықтап білінген сараң сәуле алдындағы арақ пен кәуапқа түсіп тұр. «Іш, же» дейтіндей. Сексеуілдің шоғына піскен кәуаптың иісі қандай жақсы! Бұрқырап танау қытықтайды. Тас камераға пейіштің демі келгендей-ау. Еріксіз қолын созды. Бөтелкенің аузын тістеп жұлды да, мойнын өңешіне сұғып жіберіп қылқылдатып жұтты. «Уф-ф!» кәуаптан екі асады. Тамыр-тамырына от жүгіріп, мұздаған денесі ілезде қызып сала берген. Шекесі бусынып, тер білінді. Светамен кездескісі кеп кеткенін айт. «Эх, Света, Света! Ұрғашылар ішіндегі қылықтым! – деп көңілі шалқып,
шырын ойға шым батты. – Сенің аш беліңнен құшақтап, тоқ кеудеңнен иіскеу үшін не істемедім мен!»
…Сол күні кешқұрым Баха екеуі құмның арасына еккен көкнәрдан қайтып келе жатқан. Тақымда мотоцикл. Тырылдатып отырып қас қарая трассаға да жетті. Жол бойына аялдаған тіркемелі КамАЗ-ды байқағаны сонда. Байқоңырды бетке алып тоқтапты. Бұл мотоциклді сөндіре салып:
– Баха, көріп тұрсың ба? Қызығып тұрмын, не істейміз? – деді.
– Жақсы КамАЗ екен. Мотоциклді жетегіне алған бұлар жүк көлігіне сырт жағынан келіп, шопырдың есігін тықылдатты. Әйнек төмен сырғып жартылай ашылды.
– Не керек сендерге? – Іштен ер адамның басы қылтиып көрінді.
– Мотоцикл бұзылып… балға, кілт… бере тұрмайсың ба?
– Біз демалып жатырмыз. Таң атсын.
– Байқоңырға дейін он бес шақырым. Итеріп қалай барамыз, берсеңші.
– Таң атсын дедім ғой саған! – Сөз осымен бітті дегендей КамАЗ-дың шопыры әйнегін жауып алды.
– Ерегіскенде таңды күтеміз. Қазір мен бұның бір сымын жұлып тастайын, – деп, Яшков машинаның астына кіріп шықты. Баха сексеуіл жиып, от тұтатты.
– Сен осы КамАЗ-ды жақсы меңгергенсің, ә? – деп Баха лаулап жанған алауға көзін тігіп отырып әңгіме қозғады.
– Марқұм әкем КамАЗ айдаған. Сарысу… Жезқазған… талай шарлағанбыз, – деп бұл жастық шағын еске алды.
– Әкемнің өмірі КамАЗ-дың үстінде өтті. Экспедицияда жұмыс істеді ғой. Жазғы каникулда мені қасына алады. КамАЗ-дың моторын көзімді жұмып жөндей берем. Әкем үйреткен…
…Тас камерада отырған Яшковтың жүрегін сағыныш баурап, әлем-жәлем болған көңілін баса алмай, иығы селкілдеп кетті. Көз алдында марқұм әке-шешесі, балалық шағы өткен Тула қаласы…
…Тамыз түні тез түгесіліп, КамАЗдың шопыры тысқа шықты. Одан бұл сайман қорабын алып тұрып:
– Түнде жыным кеп стартеріңді ағытып тастағам. Қосып аларсың, – деді. Шопыр алайып бір қарап, машина астына кіріп кетті. Сонда Баханың қолына балғаны ұстата қойыпты. «Оглуши его» деп сыбыр етті өз-өзін тоқтата алмай. Одан әрі апыр-топыр оқиға болды да қалды. Машина астынан еңкейген қалпы бері шыға берген шопырды Баха қарақұстан екі соқсын. Ол сылқ құлап, сол арада сеспей қатты. Кабинада отырған әйелдің жүрек тұсына пышақ ұрып, үнін оңай өшірген өзі. Өліктерін көктемгі су орып тастаған жыраға лақтырған. Содан кейінгісі белгілі… Жезқазған жақтың
жолы көкірегінде сайрап тұр. Сәтбаев қаласындағы ескі танысы кеше түнде есіне түскен. Кемесалған тұсындағы жоғары вольтты электр желісін жағалаған қара жол тұп-тура сонда апарады, бұрын жүріп көрген. Айтпақшы жолда Соболевті ертіп алғаны бар. КамАЗ тола қызыл кірпіш. Көзіне қып-қызыл ақша боп елестеп еді сонда…
***
…– Айтып болдың ба? – деді манадан бері Яшковтың қызыл кірпіш тиеген КамАЗ туралы әңгімесін бөлмей тыңдаған тергеуші Сәбит Жапбаров.
– Мен ойланып-ойланып сенің ұсынысыңа келіскесін айттым. Оқиғаның ұзын-ырғасы осы. Басқа алып-қосарым жоқ.
– Менің де айтқаным, айтқан. Сөзімде тұрам. Жағдайыңды жасаймын. Бірақ сен әлі толық ашылмай тұрсың. Яшков қайдан білейін дегендей иығын қақты.
***
…Ерлі-зайыпты екеудің сүйегін қазып алуға бір топ құқық қорғау қызметкері шағын автобуспен аттанды. Екінші шағын автобуста қарулы күзетпен айыпталушы Яшков отыр. Жүні жығылған. Жүзі жабырқау. Білегін қажаған темір кісенге кіртиген көзін торыға тастап қояды. Тергеуші Сәбит Жапбаров жақында жіңішкерген соңғы үмітін үзіп кетіп еді, енді қылтитып тағы бір үміттің шетін
шығарып отыр. Өлім жазасынан құтылудың жолы бар дейді. Ол үшін Ресейде жасаған қылмыстарын мойындаса жетіп жатыр екен. Сонда Ресей өзін этаппен әкететін көрінеді. Еліне бір барған соң сол елдің азаматы болғандықтан арыз жазып, Ресей түрмелерінде қалуға болады дейді. Қазақстан өлім жазасына кескенмен, Ресей ол жазаға мараторий жариялаған. Аман қалудың жалғыз амалы осы дейді тергеуші Жапбаров. Бұл сенер-сенбесін білмейді. Дегенмен сөзінің қисыны бар сияқты. Әлжуаз шарана үміт сығырайтып көзін ашты. Тулада машина ұрлағанын, Байқоңырда адам өлтіргенін мәлімдеуге мәжбүр болған себебі сол. Қолын да қойды. Тергеуші оны Ресей прокуратурасына жолдамақ. Осы жақсылығының қарымтасындай қып бұл енді ерлі-зайыпты екеуді көмген жерін көрсетуі тиіс. Өзін Ресейге біржола беріп жіберу үшін мұндағы істі тиянақтап, тындырып қою қажет дейді тағы. Өліктерді тауып беру өзіне пайда сияқты, есекдәме әйтеуір.
Халық «Қызыләскер» деп атап кеткен жерге бұлар сәске түсте жетті. Шақырайған күн тас төбеде. Құмның қойнауы күйіп тұр. Аптап.
– Қай жерге көмгеніңді ұмытпаған шығарсың? Қане, көрсет! – деді тергеуші. Яшковтың жасқаншақ боп қалған жүрегі дірілдеп қоя берді.
– Қазір… қазір… – Айналып жүріп құм төбешіктің бауырына өскен кәрі сексеуілдің Қазалы жақ бетін нұсқады.
– Мына жер.
– Осы араның маңайын айналдыра түсір. Бізден бұрын мұнда адам келмегені, ізі түспегені көрінсін деп, – тергеуші Сәбит Жапбаров бейнекамера ұстаған оператор жігітке нұсқау берді. Сонан соң Яшковқа бұрылып: – Өліктің басы қай жаққа қарап жатыр? – деді.
– Трассаға қарап жатыр, – деді Яшков. Қазудың басталғаны осыдан соң ғана. Бір метрдей тереңдікке жеткенде өліктің күлімсі иісі мүңк ете қалды.Яшков болса, құмға біржола сіңіп кетердей боп, шөгіп тұр.
***
…Жезқазған мен Қызылорданың арасы ұшы қиырсыз мидай дала. Тоқтаусыз тартқан шағын автобус жер табанын қанша қуырса да, жол жарықтық таусылар түрі көрінбейді. Қарсақбай, Жезді арқылы Сәтбаевқа, Жітіқара, Рудный арқылы Қостанай жағына барып, содан қайтып келе жатқан тергеуші Сәбит Жапбаров мойнына алған Яшковтың ісін қалайда тезірек бітіріп, тезірек сотқа жөнелтуді ойлай береді. Осы күнге дейін ірілі-ұсақты бірталай бұлтартпас айғақтар жинап тастапты. Осы сапарында Жезқазған өңірінен тапқандары бір төбе.
КамАЗ тіркемесі Сәтбаев ауылынан шықты. Кірпіш сатып алған адамның үйінде қаңтарылып тұр екен. «0256 ЕД» «KZ» деген бұрынғы нөмірі сол қалпы өшірілмеген. Көзіне оттай басылды. КамАЗ-дың өзі Сәтбаев қаласының тұрғыны Алтынбек Ерімбетовтің ауласынан мен мұндалады. Қорабындағы Е 031 АО деген бұрынғы мемлекеттік нөмір кейінгі бояуының астында бадырайып көрініп тұр. Кірпішті сатып алған Нұрлан Қалмурзин өзінің ескі танысы Яшковтың қылмыс жасап келгенінен хабарсызбын дейді. Ал жеміс-жидек тиеген КамАЗ қайда? Алғашында Яшков оны да сатып жібергем, бірақ кімге сатқанымды білмеймін деп бұлтақтаған.
– Ол табылмай, сені Ресейге жібере алмаймыз, – деп, тергеуші Яшковтың Ресей асып кетсем деген үмітін тағы да үзіп тастады.
– КамАЗ Қостанайда, – деді жүнжіп біткен Яшков біраздан соң бозарған көзін көтеріп. – Өзім айдап апарып бердім. Байқоңырға ет таситын неміс жігіт еді. Бұлар соңғы күшін сарқып Қостанайға да жетті. Неміс жігіттің үйін тауып барды. Бірақ іздеген адам ол үйде тұрмайтын боп шықты. Әлдеқашан Германияға көшіп кеткен дейді. Бұны Көші-қон полициясы да растады.
***
– Сен бізді текке екі мың шақырым жол жүргіздің! Әуре-сарсаңға салдың. Болды, Ресей жоқ саған. Иманыңды үйіре бер! – деді Сәбит шын қынжылып. Осы істің соңына түскеніне төрт айдың жүзі болып қалыпты. Өзі де шаршап, титықтай бастады. Осы КамАЗ-ды заттай айғақ ретінде тіркесе, істі қорытындыламақ-тұғын. «Газель» ішінде тербетілгендердің барлығы үйлеріне жетуге асық. Асықпайтын Яшков қана. Қайда асығады? Түрмеге ме? Өлімге ме? Жалғыз үміт тергеуші айтқан Ресейдің түрмесі еді, енді оның да ауылы алыс сияқты. Терезеден телміріп тысқа қарады. Күзгі дала сұп-сұр. Қарашаның түнерген бұлттары көңілге үрей жамайды. Рудный, Тобыл, Лисаковск, Денисовка… артта қалып жатыр. Алда ұзақ жол. Жол таусылмаса екен деп тіледі Яшков. Осылай шұбатыла берсе, шұбатыла берсе, бітпесе… Тұтамдай да болса өмірін ұзартатын осы жол ғана. Өзіне таныс жол. Бір кездері өзін жеңімпаз сезініп өткен жол. Мына арада түнеген. Мына арада тұтастай бір тоқтыны отқа қақтаған. Ал мына арада…
– Гражданин начальник! – Яшков айқайлап жіберді. Үні жарықшақтанып ащы естілді. – Гражданин начальник! Еліріп, орнынан тұрып кете жаздады. Әлдебір ұмытқаны есіне түскендей, түрі алабұртып кеткен. Көлікте бірге келе жатқан жедел уәкілдер оған таңырқап, ошарыла қарап қалыпты.
– Вещдок… вещдок… улика… есіме түсті… осы арада!
– Ақылыңнан адасқаннан саусың ба? Айдалада не қылған вещдок? – Сәбиттің жүзінен таңданыс байқалды.
– Артта! Артта… Шын айтам. «Газель» бұрылып, едәуір жер кері жүруге тура келді.
– Анау… анау… Ол нұсқаған жақ мидай жазық дала, жоғарғы вольтты электр желісінің бетон бағанынан басқа ештеңе көрінбейді.
– Түбін қазу керек. Көмгенмін… көміп кеткенмін, – дей берді. Жігіттер «Газельден» келтек темір
тауып алып, баған түбін көсіп кеп қалғанда, топырақ астынан темір қаңылтыр шыға келді. Көліктің мемлекеттік нөмірі. Жазуы анық. «70 УТН» Сәбиттің көзі жайнап кетті.
– Мынау нөмір ғой… соның нөмірі ғой! – Қараөзектен табылған артқы жақтаудағы нөмір. Өз көзіне өзі сенер емес. Рас па, өтірік пе? Түсі ме, өңі ме?
– Андрей, маладес, – деді қуанышы қойнына сыймаған Сәбит ақсия күліп. – Қалай ұмытпағансың, а? Жол бойы қайран қап, басын шайқаумен болды. «Жады қалай берік! Өлік көмген жерді де жаңылыспай дәл көрсетті. Құм төбелер көшіп, дала өзгеріп кеткен. Түнде де адаспай жорта береді. Жұлдыздар жол сілтейді дейді өзі. Мықты жігіт! Қылмасты да тегін адам істемейді-ау!»
***
…Осы іс бойынша 2002 жылғы наурыздың 5-інде Қызылорда облыстық соты Қазақстан Республикасы атынан сот үкімін оқыды. Сотталушы Андрей Васильевич Яшков пен Бахтияр Маратович Исмайлов Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша кінәлі деп табылып, өлім жазасына кесілді. Евгений Анатольевич Соболевқа 15 жыл, Андрей Андреевич Левченкоға 14 жыл, Ермек Қырымбекович Қайыржановқа 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Айтпақшы Яшковтың Ресей аумағында жасаған қылмыстары бойынша сол елдің прокуратура, сот қызметкерлері Қызылордаға келіп, арнайы айналысады. Алайда, Яшков Ресей азаматы болса да, Ресейге әкетпей, 12 жыл жаза тағайындап, оны Қазақстан сотына тастап кетеді. Бұндай қаныпезер қылмыскер оларға да керек емес екен.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
«Таң-Шолпан» әдеби-көркем,
көпшілік журналының
бас редакторы

Комментарий