Елең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

Алматыдағы аты дырдай аурухана «сенімді қолға» тапсырылмақ

Қазақта бір жаман сөз бар, «өлген адамның топырағы кеппей жатып» деген… Дәл сол сияқты Алматыдағы атақты балалар стоматологиялық ауруханасы төңірегіндегі айғай-шу әлі басылып та үлгерген жоқ, ал шенеуніктер болса тағы да бүйректен сирақ шығаруға көшті. Бұл жолы қармаққа «кішігірім шабақ» емес, енді өте қомақты «олжа» ілігіп отыр. Ол – біздің елімізде ғана емес, ТМД елдерінде баламасы жоқ жалғыз аурухана, бассүйек және бет, жақ, құлақ пен мұрын ауруларын емдеуге мамандандырылған  №5 Алматы қалалық клиникасы. Нақты айтсақ, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы осы биылғы жылдың 27 маусымы күні аталған аурухананы жекеменшікке беру туралы хабарландыру жариялаған. Былайша айтқанда, бәлен жыл халықтың игілігіне қызмет етіп келген ауруханыны шенеуніктер жекеменшікке бергелі жатыр.  Бұл туралы белгілі дәрігер, балалар невропатологы әрі  нейрофизиолог Конеев Қайырғали өзінің Facebook парақшасында үлкен дау көтерді.

 

Біздің білуімізше, №5 Алматы қалалық клиникалық ауруханасы – еліміздің түкпір-түкпірі, қала берді ТМД мен алыс-жақын шетелдерден адамдар ағылып келетін ең ірі әрі барлық жағынан жабдықталған медициналық мекеме. Жап-жаңа, заманауи қондырғылармен тегіс қамтылған және ең бастысы нарықта басқа бәсекелесі жоқ аурухананы мемлекеттің меншігінен жеке қолға табыстау қандай қажеттіліктен тууы мүмкін? Әрине, мұндай майшабақты 20 жыл бойы иелік ету құқығы кімге ұнамасын, сатып алуға талас тумаса, алушы табылмай қалады-ау деген қауіп жоқ. Десек те, барлық жағынан қамтамасыз етілген осындай мекеменің халық игілігіне тегін қызмет еткені кімнің көзіне сүйел болды екен? Кім оны қалталы біреуге «сатып» қаражатын пайдалануы көздеуі мүмкін? Міне, мәселе қайда жатыр? Әйтпесе, ол соншама қаражатты талап ететіндей, «сатпасқа болмады» дейтіндей, құлағалы тұрған ғимарат емес қой?

 

Шындыққа үңілейікші, осындай мықты медициналық мекеменің жекеменшікке өтуінен халыққа не пайда? Бір тиын да пайдасы жоқ. Иә, бұрынғыдай мемлекет квота бөле беретін шығар, бәлкім бастапқы кезде ештеңе өзгере қоймас. Бірақ «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» деген бар емес пе? Ендеше, күні ертең жекеменшік иесі аурухананың қызмет көрсету бағасын шарықтатып өсіріп, қарапайым халықтың оның есігі түгілі тесігінен сығалай алмай қалмасына кім кепіл? Бір емес, екі емес, жиырма жыл жалға берген соң, сонша жыл меншік иесі не істесе де өзі біледі емес пе? Өйткені өзі оған қаржы құяды, жаңа жабдықтар алуы мүмкін. Ендеше, жекенің аты жеке, ол сол құйған ақшасын шығарып алмаса, неге алып отыр дейсіз мемекені? Нарықта барлығы тауар екенін ескерсек, меншік иесі үшін аурухана жаны қысылғандарды жарылқайтын жер емес, өзіне табыс әкелетін «базар». Ал базар деген сөздің өзі-ақ көп нәрсені айтып тұр емес пе? Онда ештеңе тегін берілмейді, сатылады. Міне, осыдан-ақ аталған аурухананы саудаға салудың қаншалықты пайдалы екенін байқауға болады.

 

Және, көңілге күдік туғызып тұрған тағы бір мәселе, аурухана бұрын емес, неге дәл осы кезде «саудаға» шықты?.. Яғни, кім де болса, бұрынғы әкім кетіп, жаңа әкім әлі Алматыда ненің не екенін білмей тұрған өлара шақта қимылдап қалайық деген жымысқы ой жатқан жоқ па осы? Әйтпесе, тағайындала сала әкім ең алдымен қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына медициналық қызмет көрсету сапасын көтеріп, халыққа барынша қолжетімді қылуды тапсырған жоқ па? Ендеше, неге сол  денсаулық сақтау басқармасы оңтүстік астанадағы «менмін» деген бірден бір медициналық мекемені сенімді қолға тапсыру жайында байқау жариялайды?

Қалайша?

Өздеріңіз ойлаңыздаршы, халыққа қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсету мен жекеменшікке беру деген бір-бірімен қабысатын дүниелер ме? Әлде мемлекет халыққа сапалы қызмет көрсете алатындай соңғы техникамен жабдықталған ауруханы ұстауға қауқарсыз ба?  Күні кеше ғана Қазақстанның әр тұрғынының 300 мыңға дейінгі несиесін кешіретінін жария еткен ел енді келіп бір аурухананы қамтамасыз ете алмайды деген бір түрлі ақылға қонымсыз дүние сияқты. Парадокс қой бұл тіпті.

Әлде мұнда бір шикілік бар ма?

Шикілік дейтініміз, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Алматы қаласының әкіміне білдірмей, қоғамда резонанс тудырмай, ың-шыңсыз «бітірейін деді ме тірлікті?». Себебі мұндай нысанды жекеменшікке беру жариялы түрде жүзеге асуы керек. Өйткені ол әлеуметтік маңызы бар мәселе. Онысы түсінікті ғой, себебі бұл жай ғана тауар сату емес, халық игілігіне қызмет етіп тұрған тұтас мекемені біреудің жекеменшігіне беру ғой. Бұл деген тұтас халықтың денсаулығын, тұтас халықтың өмірін біреуге сеніп тапсыру емес пе?..

Ендеше, осы нәрсені, яғни, Алматыдағы №5 қалалық-клиникалық аурухананы ешкімге айтпай,  жекешелендіріп жіберетіні рас болса, онда ол  – шенеуніктердің қоғам мен халықтың көзқарасына, денсаулығы мен өміріне «түкіргені бар» деген сөз. Тіпті халық деген олар үшін абстрактілі ұғым ғана, яғни, аты бар да, заты жоқ нәрсе деген сөз, яғни, «олармен не үшін ақылдасуымыз керек?» деуі мүмкін. Болмаса, аурухананын жекеменшікке бермеске болмайтындай қандай мәселе болса халыққа ашып айтып, себебін түсіндіруге болады ғой? Халық түсінеді ғой? Түсінбеген күнде де, хабары болар еді ғой. Ал енді мынау не? Бұны кім қалай түсіндіре алады? Ай мен күннің аманында Алматының атын шығарып тұрған, ТМД-дағы жалғыз бет, жақ сүйегі мен құлақ, мұрын, тамақ ауруларын емдейтін ауруханыны өте шұғыл арада, ешкімге білдірмей  әлдебіреуге табыстауды қалай түсіндіруге, қалай атауға, кімнен көруге болады? Және бастысы қалай тосқауыл қоюға болады бұған? Жаңа әкімшілік қалай қарар екен?

 

Комментарий